Мәдениет

«Өзге елде атыс, біздің елде айтыс...»

«Өзге елде атыс, біздің елде айтыс...»

Еліміз тыныштықта тербеліп тұр, Етеміз барлығымыз мақтан мұны, Барлығы Елбасының даналығы, Арайлап қазағымның атқан күні. Өзге жерде атыс боп жатқан кезде, Біздің елде айтыс боп жатқандығы. Бұл – Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрмановтың жыр жолдары. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдау білдіріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен аталған білім ордасында «Елу жылда – ел жаңа...» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық мерейтойына арналып өткен жыр додасында 10 айтыскер бақ сынады. Айтыстың беташарында институт ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова сөз сөйлеп, Тәуелсіздігіміздің баға жетпес құндылықтарын жырға қосқалы тұрған жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Қазылардың құрамында ақын Қайырбек Асанов, облыстық «Руханият» орталығының басшысы Ахметжан Өзбеков, айтыскер Алтынкүл Қасымбекова секілді өнер өкілдерінің болуы жас жүйріктердің жауапкершілігін жоғарылата түсті. Айтыс алғашқы жұптан-ақ қызып сала берді. Залға ине шаншитын орын қалдырмаған көрермендер де мұндай жыр додасын сағынып қалғандарын байқатып, қиқулап қолдап отырды. Меркілік Мейіржан Жекебаев пен Дидар Басығараевтың арасындағы айтыс екеуі де жастар додасында жүргендіктен, төселіп қалғандықтарын байқатты. Мейіржан: «Жүйріктей сөз қозғайын шын жетіле, Жыр жырлау кіргеннен соң міндетіме, Желтоқсанның құрдасымын, Тәуелсіздік, Елім өзін әлемге үлгі етуде. 11 ректор ТарПИ-ды басқарыпты, Көбісінің қараймыз суретіне. Қол соғайық залда отырған екінші ректор, Қуандық Тұрдалиннің құрметіне» деп өзге де әзілдерін төкті. Дидар да: «Екеуміздің үйлессін жырларымыз, Байзақ пен Сыпатайдың достығындай» деп тапқырлық танытты. Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Дархан Әбдіманаттың сөз сайысы да жұрттың айызын қандырған айтыс болды. «Еліміз тыныштықта тербеліп тұр, Етеміз барлығымыз мақтан мұны, Барлығы Елбасының даналығы, Арайлап қазағымның атқан күні. Өзге жерде атыс боп жатқан кезде, Біздің елде айтыс боп жатқандығы» деген Нұрлыбектің шымыр шумағына көпшілік ұзақ қол шапалақтады. Дарханның да өрелі өлең жолдары жұртты риза қылды. ТарМПИ-дің қос жүйрігі Дидар Апбасов пен Ернұр Бейсеннің айтысын көпшілік асыға күтті. «Тәуелсіз ел армысың, тек Аллаға тәуелді» деп сөз бастаған Ернұр: «Табанға салып жастарды, табанда қырған желтоқсан» деп желтоқсан оқиғасының қасіретін де жырлады. Өз кезегінде Дидар ақылы негізде оқып жатқанын сөз етіп, грант негізінде білім алып жатқан қарсыласына «Абайла, сенің грантыңды ап қоймайын» деп әдемі әзілдей білді. Құландық Олжас Керімбай мен ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың, ТИГУ студенті Ұлмекен Үсенова мен Дидар Апбасовтың айтыстары көп­шілікті жалықтыра қойған жоқ. Қазылар алқасының шешімімен ректор Д.Қожамжарова тіккен бас жүлде – 50 мың теңге байзақтық Дидар Басығараевқа берілді. Жүлделі бірінші орындарды ТарМПИ-дің студенті Дидар Апбасов пен Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов (35 мың теңгеден) иеленді. ТарМПИ-дің ректоры Дария Пернешқызы Дидар Апбасовқа бір жылдық оқу гранты берілетінін мәлімдеді. Жүлделі екінші орын тараздық Дархан Әбдіманатқа (25 мың теңге) бұйырса, қос үшінші орынға меркілік Мейіржан Жекебаев пен ТарМПИ-дің студенті Ернұр Бейсен (15 мың теңгеден) лайық деп танылды. «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса...» деп Төлеген ақын жырлағандай, жүлдеге ілікпегендер де құр алақан қайтқан жоқ. Айтысқа қатысушылардың барлығына облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы тарапынан «Ел Президенті Жамбыл жерінде» және «Тараз төріндегі тағылымды той» кітаптары таратылды. Айтыс аламанының жоғары деңгейде өтуіне филология факультеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадірова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сейсекүл Исматова, «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігі ерекше атсалысты. Айтыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін ТарМПИ-дің ректоры Дария Қожамжарова мен қазылар алқасының төрағасы Қайырбек Асанов марапаттап, диплом және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».