Құлашын кеңге сермеген
Құлашын кеңге сермеген
«Еңбек ет те, егін ек, жарымасаң маған кел, белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел», деген қанатты сөз кәсіпкер Арылбек Қораласбаев сияқты азаматтарға қарата айтылғандай. Аудандық мәслихаттың соңғы үш шақырылымында халық қалап, қатарынан үш мәрте депутат болып келе жатқан Арылбек Шәмшәбекұлы қашан көрсең қос шаруа қожалықтың тіршілігімен тыным таппай шапқылап жүреді. Қожалықтың жұмысын қожыратпай ұтымды ұйымдастыра білу, ауыл шаруашылығы саласында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін жандандыру, әрине, оңай тірлік емес. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жұмыссыздық жан алқымнан алып, ел не істерін білмей абдырап қалғанда Шәмшәбек ақсақал тұңғыш ұлы Арылбегін қасына ертіп, 1993 жылы «Аян» шаруа қожалығын құрып егін егіп, мал өргізеді. «Еңбекпен ер өседі, егізден төл өседі» деген рас-ау, көп өтпей Қораласбаевтар еткен еңбек, төккен терлерінің арқасында шаруасы дөңгелеп береді. Ұлының алғырлығын байқаған әке қожалық құрылған жылы-ақ тізгінді Арылбектің қолына ұстатады. Бұл ретте «Аянның» әлеуеті артып, өрісінің кеңеюіне қожалық құрылғалы Арылбектің қасынан табылып, жұмыс істеп келе жатқан Нұрперзент Нүсіпов пен Анатолий Умнихиннің, Нұрдәулет ақсақалдың еңбегі зор екенін айту абзал. Осылайша «Аян» аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарына қосылған соң, қожалыққа жер үлестерімен қосылғысы келетіндердің қатары көбейді. Жұмыс сұрап келгендер «екі қолға бір күрек» тапты. Қазіргі таңда мұнда 10 адам тұрақты жұмыс істесе, науқан кезінде 25 адам нәпақасын «Бай Алғабас» пен «Аяннан» ажыратады. «Аяннан» кейін араға жылдар салып ашқан «Бай Алғабас» шаруа қожалығына да биыл 12 жылдың жүзі толыпты. Алдағы жылдары осы екі қожалықты «Ірілендіру» бағдарламасы аясында бір қожалыққа біріктіру жоспары тұр екен. Екі қожалықтың құрамында 5000 гектар егістік жері бар. Ауыспалы егістікті қолданатын қожалық жылда 1100 гектар алқапқа бидай, 1200 және 1300 гектар алқапқа арпа мен күздік бидай тұқымын себеді. Биыл күзде 1700 гектар алқапта сүдігер көтерген. – Биыл егін жылдағыдан бітік шықты, өнім мол болды. Арпаны да, бидайды да гектарына 25-27 центнерден алдық. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдау көп. Жанармай уақтылы берілді. Соның арқасында егінімізді дер кезінде жинап алып, қожалықтағы 100 отбасына 10 пайыздан пай үлесін бердім. «Сыбаға» несиесін осыдан 4 жыл бұрын 7 жылға алған едім. Қазақтың асыл тұқымды ақ бас бұқаларын биыл үшінші жыл ауыстырып отырмын. Биылғы төлдің түгелге жуығы тоқал, ақ бас бұзаулар туылды. Енді 2-3 жылда қолдағы сиыр малы толық асылданатын шығар деп ойлаймын. Ал «Алтын асық» бағдарламасымен 6 миллион теңгені 2 жыл бұрын алып, еділбай және гисар тұқымды қойларды будандастыру арқылы алынған ордабасылық 20 бас қошқарды сатып алдым. Бұл қойдың жаңа тұқымы жүні жұқалтаң, салмағы ауыр келеді екен. Ғалымдар шөл және шөлейтті жерлерге, таулы аймақтарға бейім әрі тез жетіледі деп отыр. Айтса айтқандай, біздің жерді тез жерсініп кетті, – дейді Арылбек ақтарыла сөйлеп. Арылбектің қысылғанға қолұшын созатын мәрттігін, Құмарық ауылдық округіне қарасты елді мекендерде өтетін түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар мен Жаңа жыл, Наурыз секілді халықтық, ұлттық мерекелерде демеушілік жасайтын жомарттығын жұрт жақсы біледі. Сондықтан да, керек кезінде қысылмай көмек сұрап жүреді. Оның осы әр адамның бойынан табыла бермейтін мәрт мінезі, адами болмысы – тұлғалық келбетін айшықтай түседі. Міне, Қораласбаевтың Тәуелсіздік алған жылдары құрған қос шаруа қожалығы, бүгінде ауыл-елдің бақ-құтына біткен іргелі шаруашылыққа айналып отыр. Мұның барлығы, сөз жоқ Тәуелсіздік табысы, егемендік жемісі екені анық.
Қаман Бекбергенов, Алғабас ауылының тұрғыны, Т. Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы.