Нұрлан Бекжанов - әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Нұрлан Бекжанов - әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында тұңғыш рет ел қоржынына еркін күрестен күміс жүлде түсті. Негізінен Олимпиада бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша өткен әлемдік додада 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрлан Бекжанов ақтық сында ресейлік Магомед Курбаналиевке 4:8 есебімен жол беріп, күміс жүлдені қанағат етті. Бұған дейін еркін күрестен Олимпиада ойындарында күміс медаль бұйырса да әлемдік сында күміс жүлдеге балуандарымыз қол жеткізбепті. Бекжанов сол олқылықтың орнын толтырып отыр. Ол алғашқы айналымда қырғыз елінің спортшысы Еламан Догдурбекулын 5:1 есебімен жеңсе, 1\8 финалда қазақ балуаны бозкілем иесі Глус Самбораны 6:2 есебімен ұтты. Ширек финалда Бекжанов молдовалық Михаил Савадан 7:0 есебімен айқын басымдылық танытты. Ал ақтық сын жолдамасы сарапқа салынған сында ол жапон жігіті Нобуйоси Такоджимадан 10:6 есебімен айласын асырған болатын. Жалпы, Бекжанов ел біріншілігінде де жасындай жарқыраған балуан. Әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғаған қазақ баласы алдағы уақытта салмақ ауыстырып жатса, Олимпиада ойындарында да атой салуы ықтимал.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».