Экономика

Ажары ашылған ауыл

Ажары ашылған ауыл

Сарыкемер соңғы жиырма жылда адам танымастай өзгерді

Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылы соңғы жиырма жылда адам танымастай өзгерді. Осы мерзімде мұнда көптеген әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер салынып, елді мекеннің аумағы едәуір ұлғайды. Сондықтан да өткен жылы күзде Сарыкемер ауылдық округінің шекарасы өзгеріп, жаңадан Бәйтерек ауылдық округі құрылды. Округке Сарыкемер ауылының 61 көшесінің – 13412, Базарбай және Қосақ елді мекендерінің 1131 және 807 тұрғыны қосылды. Жалпы, 15350 тұрғынды біріктірген жаңа әкімшілік басқару аппараты жасақталды. Жаңаның аты – жаңа. Жұмысты бір ізге түсіріп, жандандыру және ырғақты жүргізу оңай емес. Сондықтан да аудан басшылығы оған әкім тағайындау үшін көп ойланып, кеңесті. Ақыры, таңдау Мұхтар Қилыбаевқа түсті.

Мұхтар Қилыбаев – бұған дейін аудандағы Ботамойнақ ауылдық округін басқарған болатын. Басшылық қызметте мол тәжірибесі бар азамат ірі округтің жұмысын ұршықша иірді. Бастамашылдық, іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерімен көзге түсті. Мұхтар Исақұлы жаңа округ жұмысын дұрыс жолға қою жолында жар құлағы жастыққа тимей еңбектеніп жүр.

Бәйтерек ауылдық округінің аумағында 1680 гектар жер және 131 шаруа қожалығы бар. Шағын агроқұрылымдар егін және мал өсірумен шұғылданады. Бәйтеректік егіншілер үстіміздегі жылы көктемде арпаны – 90, майлы дақылды – 100, үрме бұршақты – 5, жүгеріні – 90, картопты – 30, көкөністі – 435, бақша дақылын – 10 және көпжылдық шөпті 110 гектарға орналастырды. Бұл – белгіленген мөлшерден едәуір жоғары. Округ аумағында 1808 мүйізді ірі қара, 8200 қой-ешкі, 400 жылқы, 50 шошқа және 4500 құс бар. Тұрғындар ауылды және ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде елеулі жетістікке қол жеткізуде. «Жұмыспен қамту-2020», «Сыбаға» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдық округтегі 8 адам 2013 жылы мемлекеттен жалпы сомасы 15,4 миллион теңге несие алған. Бүгінде кәсіпкер С. Сүлеев 2 миллион теңге несие алып, 60 бастан астам қойды бордақылауда. Кәсіпкер Ж. Сағымбеков 2,7 миллион теңгеге техника жөндеу орталығын ашуда. Сондай-ақ, С. Сәрсебаева, О. Жексембаева, А. Ибрагимова, Г. Садыбаева, Г. Меңлібекова және Б. Қондыбаева сияқты кәсіпкерлер мал сатып алуда және тігін цехын ашқалы жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жеке кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 24 адам несие алуға құжаттар тапсырса, қазірге дейін олардың арасындағы 13 азаматқа қатысты мәселеге байланысты оң шешім қабылданды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында Хадиша Бегманова мал өсіруге несие алу үшін құжаттарын тапсырды. Округ жаңадан құрылғандықтан шешімін күткен түйінді мәселелер көп. Ауыл әкімі Мұхтар Қилыбаев ақсақалдар алқасы және көше комитеттері жетекшілерімен бірлесіп, оларды біртіндеп шешуге күш салуда. Қосақ ауылының тұрғындары жайылым тапшылығын бастан кешіруде. Сарыкемер ауылының ортасындағы жер Сарыкемер ауылдық округіне тиесілі болғандықтан, олармен келісіп, жайылымды ұлғайту талқылануда. Соңғы өзгерістерге байланысты жер салығы көбейгендіктен, олардың иелері бос жатқан жерді мемлекетке қайтаруға өтініш беруде. Таяуда Сарыкемер арқылы жүретін №50 автобустың бағыты Қосақ ауылына дейін ұзартылған. Қазір тұрғындар Сарыкемер мен Қосақ арасына күніне үш мезгіл автобуспен қатынайды. Сарыкемер ауылының ішімен жүретін автобус бағыты 950 метрге ұзартылып, «Астана» балабақшасына дейін жеткізілді. Аудан орталығының солтүстік бетіндегі бос жатқан жерлерге тұрғын үй салуға рұқсат беру мәселесі бойынша бас жоспарға өзгеріс енгізуге ұсыныс жасалды. Биыл Сарыкемерден Базарбай ауылына қатынайтын жол ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Базарбай ауылының көшелерін жарықтандыру келесі жылдың бюджетіне енгізілмек. Округ аумағында шешімін күткен мәселелердің бірі – көшелерді жарықтандыру. Байзақ аудандық мәслихатының депутаты А. Үкібаевтың жеке демеушілігімен Сарыкемер ауылының Қ. Рысқұлбеков көшесінің бойында 300 метрден астам жердегі бағаналарға шамдар орнатылды. Сарыкемердегі Подгорный, Бостандық көшелерінің электр жүйесі аудандық мәслихат депутаты Рабат Сәрсеновтің жұмысшы және техника күшімен көмек көрсетуінің нәтижесінде ретке келтірілді. Подгорный және Автопарк көшелері мен бұрылыстарына 1672 метр жерге электр желісі тартылды. Осы ауылдың Бостандық көшесінде – 290, Подгорный көшесіндегі 250 метр жерге газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. – Округ аумағындағы елді мекендерде әлеуметтік салада шешімін күткен мәселелер көп. Біз оларды аудан әкімі Мұратхан Шүкеевтің білікті басшылығымен және демеушілерді тарта отырып, біртіндеп еңсеретін боламыз, – дейді Мұхтар Қилыбаев.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Суретте: Мұхтар Қилыбаев аппарат қызметкерлерімен жұмыс жайын талқылауда.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Байзақ ауданы.