Грузияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланды
Грузияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланды
Грузиядағы қазақстандық диаспора ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті. Ширекғасырлық мерейтоймен құттықтауға осы елдің Премьер-министрі Георгий Квирикашвилинің өзі келді. Айтулы шараға саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен қазақ дипломаттары қатысты. Қазақстанның Грузиядағы елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақ-Грузия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен, қазақ мұнайы Еуразиялық көлік дәлізінің маңызды торабы саналатын Батуми порты арқылы өтеді. Алыс-беріс те көбейіп жатыр. Қазақстан - Грузия үшін шарап, цитрус және минералды су тасымалдайтын ірі импорттаушы мемлекеттердің бірі. Ермұхамет Ертісбаев, Грузиядағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі: - Қазақстан ең көп инвестиция салған әлемдегі жалғыз мемлекет – ол Грузия. Өйткені біз Қара теңізге шығатын Батуми портын 49 жылға жалға алып отырмыз. Транзиттік жолдар үшін оның маңызы зор. Георгий Квирикашвили, Грузия Премьер-министрі: - Қазақстанның Тәуелсіздігі күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Осынау айтулы мерекені сіздермен бірге тойлау – мен үшін үлкен құрмет. Арадағы қарым-қатынасымыз жыл сайын дамып келе жатқанына мен қуаныштымын. Біздің саяси, әлеуметтік және экономикалық байланысымыз одан ары нығая түсетініне сенімдімін.
ақпарат көзі: 24.kz