Құрылысшылар үлесі мол
Құрылысшылар үлесі мол
Тәуелсіздігімізге қол жеткізген ширек ғасыр ішінде еліміз тұрақты әрі қарқынды даму үстінде. Оны көзіміз көріп отыр. Әсіресе, кәсіпкерлер мемлекеттің үлкен қолдауына ие болуда. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, елдің тірлігінің көзін ашуына септесіп отыр. Мәселен, біздің компаниямыз өзі құрылғалы бергі 7 жыл ішінде ел игілігін үстеп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Біз қонақ үй, қоғамдық тамақтандыру бизнесімен қатар құрылыс материалдарын шығарумен де айналысамыз. Кәсіпкерлік ісін бастауыма алғаш «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қомақты несие алуым көп көмектесті. Ол қаражатқа пластикалық терезе, есік, үй құрылысына қажетті басқа да заттар шығаратын цех аштым. Аз жылдың ішінде-ақ керегемізді кеңейттік. Оның себебі, сол жылдары жылдық тауар айналымымыз 2 миллион теңгеге жуықтаса, бүгінгі табысымыз 11-12 миллион теңге шамасында. Бұл жеке кәсіпкер үшін үлкен олжа деп білемін. Қонақ үйге келетін болсақ, бұл кәсіптің орны бөлек. Мейлі, ол қалалық не ауылдық жер болсын келген қонаққа жайлы болуы үшін жағдай жасалуы тиіс. Бізде екі қабатты қонақ үйде тұтынушыларға арналған 6 бөлме бар. Барлығы да кең әрі жарық, қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, келушілерге таңғы ас тегін беріледі. Бұдан бөлек, нысанның бірінші қабатында дәмхана жұмыс істейді. Болашақта мемлекеттік бағдарламамен несие алып, өз кәсібімді кеңейтуді көздеп отырмын. Цех жұмысын үлкейтумен қатар, мал бордақылау алаңын, көлік жуу, жөндеу орындарын ашуды, құрылыс материалдарын шығаруды, бассейн соғуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, ауданымыз қаладан кем болмаса екен деген ниет басым. 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, оларға 60 мың теңге көлемінде орташа айлық жалақы төлеудеміз. Аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына несие алуға қажетті құжаттарды өткізіп қойдық. Алда-жалда қомақты несиеге қол жеткізер болсақ, жоғарыда аталған жоспарларымызды орындауға бірден кірісетін боламыз. Сонымен қатар, серіктестік жағдайы төмен отбасыларына, аудандық мешітке азық-түлік және қаржылай көмек көрсетеді. Мемлекеттен көмек көрсең, өзің де өзгелерге көмек көрсеткің келеді екен. Сауапты істің игілігі мол. Оның үстіне біз де аяғымызға нық тұрып, қолымыз едәуір ұзарды. Әлеуетіміз артып, тіршілігіміз де жақсара түсті. Ойға алған ісімізбен алаңдамай емін-еркін айналысуымызға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта құрылыс бригадасын құрып, ауыл азаматтарымен бірлесе заманауи құрылыс нысандарын салу ісіне де қызу атсалысатын боламыз.
Жамбыл АЙТИШЕВ, «Мойынқұм құрылыс компаниясы» ЖШС директоры.
Мойынқұм ауданы.