Мәдениет

«Руханият» үйі рухымызды көтерсін

«Руханият» үйі рухымызды көтерсін

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының ашылу салтанатына қатысты. Шараға жиналған зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын амандасып, осында қойылған облыс руханиятына қатысты қазыналарды аралап көрді. Мұнан соң мәжіліс залында Кәрім Нәсбекұлы облыстағы әдебиет пен өнердің, журналистика саласының белгілі өкілдерімен кездесу өткізді. Облыс әкімі сөзін аса құнды мерекеміз – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен зиялы қауымды құттықтап, отбасыларына бақыт, шығармашылық табыс тілеуден бастады. Кәрім Нәсбекұлы бұдан кейін еліміздің ширек ғасырда қол жеткізген жетістігі ұшан-теңіз екенін, оны барлығымыз күнделікті тіршілік барысында сезініп жүргенімізді, бұл Елбасымыздың халқын дамудың даңғыл жолына табандылықпен бастай білген ерлігінің жемісі екенін толғана әңгімеледі. Елімізде «Қазақстан – 2050» дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасы қабылданып, Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасы аясында ғаламат жобалар жүзеге асып жатқанына, мемлекетіміз бейбітшілік пен дамудың даңғыл жолында өркендей түссе, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан орын алатынымыз, Мәңгілік Елге айналуымыз ақиқат екеніне жарқын мысалдармен тоқталды.

Облыс басшысы Сарысуда «ЕвроХим» компаниясының жұмыс бастауы, Қаратауда «Талас – Инвест» зауытының іске қосылуы шалғай аудандардың экономикасының жандануына серпін беріп, тұрғындардың кеудесінде жақсылықтың үмітін оятқанын, мыңдаған адамның жаңа жұмыс орнымен қамтылғанын, Шу ауданындағы «Химиялық парк» жобасы толық жүзеге асқанда 1500 адам жаңа жұмысқа қол жеткізетінін, мұндай игілікті тірліктің Тараз бен Мойынқұмда да жүзеге асып жатқанын жан-жақты айтып өтті. Облысымыздың рухани әлемінде де өркендеу аңғарылады. Тәуелсіздік жылдары 218 мәдениет үйлері мен клубтар пайдалануға беріліп, 237 кітапхана оқырманға есігін айқара ашыпты. Облыс бюджетінен әр жылдары 84 миллион теңге қаражат бөлініп, кітаптар жарық көрді. Облыстық қазақ драма театрының ғимараты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізілді. Облыс басшысы былтыр облысымызда Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып, Тараз қаласының бірнеше аумағы ретке келтіріліп, жаңа саябақтар, гүлзарлар салынып, Жәнібек пен Керей хан монументі, «Көне Тараз» орталығы бой көтергенін, бұл той өңір мәртебесін халықаралық деңгейде биіктеткенін, оған руханият пен мәдениет өкілдері де ерекше атсалысқанын айтып, жақында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «Ел Президенті Жамбыл жерінде», «Тараз төріндегі тағылымды той», «Тараз – елдігіміздің бастауы» кітаптарының жарық көргенін сөз етті. Кәрім Нәсбекұлы аталған кітаптардың зиялы қауым өкілдеріне сыйлыққа берілетінін айтып, Елбасының «Астана – елдігіміздің ордасы, Алматы – руханияттың, Түркістан – түркі дүниесінің, Атырау – мұнайдың астанасы. Тараз – хандықтың туы тігілген жер» деген сөзін мысал ретінде келтірді. Мұнан соң облыс басшысы жақында «Құнанбай» фильміндегі Зерені сомдағаны үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрсипат Салықованы құттықтап, құрмет көрсетті. Мұнан соң зиялы қауым өкілдері атынан сөз алған жазушы-драматург Елен Әлімжан облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуынан жан-жақты хабар бергені және қаламгерлер қауымымен жүздесіп, ой бөліскені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Парламентінде қаламақы төлеу мәселесі көтеріліп жатқанын атап өтіп, саналы ғұмырын рухани әлемнің дамуына арнап келе жатқан қаламгерлер қауымына мұның сөзсіз қамқорлық екенін айтып, жергілікті бюджеттен де облыс аумағында тұратын ақын-жазушыларға қолдау көрсетілуі қажеттігін қозғады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бекзат өнердің иесі, театр саласының үздігі Нұрсипат Салықова облыстық қазақ драма театрын күрделі жөндеуден өткізуге және қара шаңырақтың 80 жылдық торқалы тойын жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, жас әртістердің баспаналы болуына мүмкіндігінше ықпал жасауын өтінді. Облыс басшысы өңірде көптеген көп қабатты жаңа үйлер бой көтеріп жатқанын тілге тиек етіп, алайда баспананың барлығы заң аясында, кезекпен берілетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Десе де мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйлерден бөлек, жатақханалар салып, жас актерлерге, облыстық басылымдарда, телеарналарда жүрген жас журналистерге және қызметкерлерге беру мәселесі жоспарда бар екенін, бұл жоба алдағы жылдары жүзеге асатынын айтып, зиялы қауымды қуанышқа бөледі. Сондай-ақ, ол кездесуге келген барлық зиялы қауым өкілдеріне алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі. Әсіресе, өлеңге, өнерге, жалпы шығармашылық адамдарына қамқорлық жасау – игі іс. Бұл ретте қаламын қару, сөзін дәру етіп жүрген зиялы қауым өкілдеріне арнайы жатақхана салып беруді жоспарлап отырған облыс әкімінің ілкімді жобасы шын мәнінде қуантты. «Өз үйім – өлең төсегім» деген халықпыз ғой. Ендеше, облыс басшысының бұл бастамасының баянды боларына бек сенімдіміз.

Есет ДОСАЛЫ,

"Ақ жол".