Әлеумет

Жаңа балабақша есігін ашты

Жаңа балабақша есігін ашты

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығында жаңа балабақша ашылды. Жалпы, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Сарысу ауданында да соңғы жылдары бала туу көрсеткіші артуымен байланысты мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жетіспеушілігі айқын сезіле бастаған-ды. Бүгінде аудан бойынша 1200 бүлдіршін балабақша кезегіне тіркелген. Рас, соңғы жылдары бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік жобасы көмектесуде. Жаңатас қаласындағы «Сайн» ЖШС көп қабатты үйлердің бірінің бірінші қабатындағы пәтерлерін түгел сатып алып, оны шағын орталыққа айналдыру арқылы осы іске өзіндік үлесін де қосты. – Аталған нысанды жаз, күз мезгілдерінде балабақшаға лайықтап, тиісінше еурожөндеу жүргізіп, санитарлық талапқа сәйкестендіріп, ойын алаңдарын салып, қажетті жиһаздармен жабдықтап бердік. Балаларға барлық жақсылық жасалуға тиіс, – дейді серіктестіктің құрылтайшысы, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғыс Әбдірахманов. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес балабақшаның шығындары субсидияланады екен. Әзірге мұнда 28 маман жұмысқа қабылданған. Балабақшаға биыл 80, келер жылы 30 бүлдіршін қабылданбақ. Бұл іспен аудандық білім бөлімі айналысуда. Жаңа балабақшаның ашылуы салтанатында аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтау сөз сөйлеп, балғындарға үлкен сый ұсынған «Сайн» ЖШС-ның ұжымына алғысын білдірді. Ауданда тәуелсіздік жылдарында бас-аяғы 10 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ашылған екен. «Болашақ» балабақшасының бүлдіршіндер игілігіне берілгеніне де көп уақыт өте қойған жоқ-ты. Енді олардың қатары тағы бір нысанға көбейіп отыр. Ілкімді азаматтардың бұл игілікті ісі жалғасын тауып жатса, «Балапан» бағдарламасының өз мерзімінде толықтай жүзеге асатыны сөзсіз.

Сәулембай Әбсадықұлы,

"Ақ жол".

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.