«НҰРЛЫ ЖОЛ» АЯСЫНДА ҚАРҚЫН АЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР
«НҰРЛЫ ЖОЛ» АЯСЫНДА ҚАРҚЫН АЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР
Орталық коммуникациялар қызметінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаев «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу қарқыны туралы журналистерге сұхбат берді. Мақсат Кеңесханұлы қаладағы құрылыс жұмыстарына бюджеттен жалпы сомасы 10 миллиард 967 миллион теңге бөлінсе, оның 8 миллиард 053,8 миллион теңгесі «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы қарастырылғанын атап өтті. Бұл қаржы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға өз ықпалын тигізіп отырғанына тоқтала келе: – Бағдарлама аясында қалада биыл 17 жобаны жүргізуге қаржы бөлінді. Оның 6423,2 миллион теңгесіне тұрғын үйлерге жалпы ұзындығы 221,9 шақырым инженерлік жүйе, 1629,7 миллион теңгесіне білім нысандарының құрылысы жүргізілді. Сөйтіп, жыл басынан бері бөлінген қаржының 95 пайызы игеріліп, 4 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында «Құмшағал» және «Кирпичник» тұрғынжай алқаптарындағы 3 мектеп пен «Салтанат» ықшам ауданындағы 280 орындық балабақша бар. «Арай» тұрғынжай алқабындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ішкі инженерлік жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталды және 6723 метрді құрайтын жылу желілерінің құбырлары ауыстырылды. Сонымен қатар, Жамбыл даңғылы, Рахимов, Жұбанышев көшелерінің бойымен М-5, Б.Момышұлы, Сейфуллин көшелерінің бойымен М-8 және Сүлейменов көшесі бойындағы ТК-225 ішкі кварталдық жылу желілері мен Қойгелді көшесінің жылу магистралдары қайта жаңғыртылды, – деді ол. Қала әкімінің орынбасары құрылысы басталған, келесі жылға өтпелі 7 нысан жайлы да айтып өтті. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің соңындағы «Арай» мен «Шалғай Қарасу» тұрғынжай алқаптарын қосатын жол өткелінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Ол жұмыстар Кеңес дәуірінде басталып, 20 жылдан аса уақыт тоқтап тұрған болатын. Жиын барысында, сонымен қатар, өткен айда орын алған табиғи апаттардың салдарын жою жұмыстарының қорытындысы да сөз болды. Сондай-ақ, Мақсат Ахаев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Маржан РАҚАЙ,
"Ақ жол".