Дихан, бағбан, малшы еңбегі жанған сәт
Дихан, бағбан, малшы еңбегі жанған сәт
Көне Тараз тарихи-мәдени орталығында бой көтерген «Достық» үйінің мәжіліс залында облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара басталмас бұрын фойеге Тараз қаласы мен аудандардағы кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары өндірген ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, көрсетілді. Тараздың торты, «Ақтоғанның» макароны, Меркінің алмасы, ірімшігі мен сүт өнімдері, Жуалының ірімшігі мен картобы, ауылдың құрт, сары май, сүзбе, талқаны көпшілік назарын аударды. Салтанатты жиын облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында Тәуелсіздік жылдары ішінде атқарылған жетістіктері туралы бейнебаян көрсетілумен басталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша алда тұрған міндеттер мен мәселелерге тоқталды. Облыс басшысы Елбасының дана саясатымен еліміздің барлық саласы қарыштап алға басқанын, оның ішінде Тәуелсіздік жылдарында ауыл шаруашылығы саласының да тасы өрге домалағанын атап өтті. Мемлекеттің қолдауымен біздің облыста да ауыл шаруашылығы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. «Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын ірі державаға айналуы тиіс» деген Елбасы сөзін көпшіліктің есіне салған аймақ басшысы 2017-2021 жылдар аралығында ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жаңа бағдарламаның қабылданғанын айтып, облыстағы аграрлық саланың дамуына жан-жақты тоқталды. Өңір басшысы айтып өткендей, облыстың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Мәселен, 2008 жылы аграрлық саланы қолдауға 1,9 миллиард теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 8,5 есеге артып, 16,2 миллиард теңгеге жетіп отыр. Егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында сұранысы жоғары майлы дақылдар, көкөніс, картоп және мал азығы дақылдарын өндіру анағұрлым ілгеріледі. Атап айтқанда, 1992 жылы бар болғаны 4,6 мың гектарға картоп егілсе, 2016 жылы бұл дақылды егу көлемі 8,8 мың гектарға жетіпті. Көкөніс дақылдарын өсіру 79,3 пайызға артқан. Тиісті қолдаулардың нәтижесінде облыста егіс көлемі 594,1 мың гектарға жетті. Бұл көрсеткіш 2003 жылы 497,3 мың гектар көлемінде ғана болған екен. Пайдаланусыз, бос жатқан жерлер 18,9 мың гектарға азайған. Биыл масақты дәнді дақылдан 591,7 мың тонна астық бастырылып, әр гектардан алынған орташа өнім 23,6 центнерді құраған. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әр гектардан 40 центнерден өнім алуға қол жеткізгені – үлкен жетістік. Облыста биыл қант қызылшасы 5662 гектарға орналастырылды. Оған облыстық ңбюджеттен 420 миллион теңге қаражат бөлініп, оның 220 миллион теңгесіне Франциядан қант қызылшасының «Авантаж» сұрыпты тұқымы сатып алынғаны белгілі. Биыл Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 200 гектар қант қызылшасын жаңбырлатып суарып, гектарына 660 центнерден өнім алуға қол жеткізсе, Қордай ауданында Евгений Трубников басқаратын «Самғау» шаруа қожалығы 190 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 1000 центнерден өнім алып, рекорд жасады. Облыста интенсивті алма бағының көлемі жыл сайын ұлғайып, бүгінгі таңда 235 гектарға жетті. Бұл алма ағаштары биыл өнім бере бастады. Алдағы жылдары гектарына 50 тонна алма алу көзделуде. Бүгінгі күні облыс аумағында 24 гектарды құрайтын 28 жылыжай жұмыс істеп тұр. Оның 23-і – фермерлік, өзгесі – өнеркәсіптік жылыжайлар. Облыста су үнемдеу технологиясы енгізілген алқаптың аумағы 11940 гектарға жетті. Оның 7257 гектарына тамшылатып суару, 4683 гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілсе, одан бөлек 26,3 мың гектарын ылғал қорын сақтау технологиясы құрайды екен. Бұл да Тәуелсіздік алған жылдардың ірі жобасы. Аймақта ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын жолға қою мақсатында соңғы бес жылда 6,8 миллиард теңгеге 1 389 дана техника сатып алыныпты. – Өткен жылы менің Белорусь Республикасына жасаған жұмыс сапарымда қол жеткен келісімдердің нәтижесінде биылдан бастап Шу локомотив жөндеу зауыты базасында беларусьтық «Лидагропроммаш» акционерлік қоғамының бөлшектері мен тетіктерінен «Лида -1300» астық ору комбайндары құрастырыла бастады. Облыста соңғы бес жылда 20 мың бас малға арналған 23 бордақылау алаңы іске қосылса, үстіміздегі жылы аталған нысандардан жоғары сапалы 369 тонна сиыр еті экспортталды, – деді облыс әкімі. Одан әрі облыс басшысы биыл Астана қаласында облыс күндеріне орай, Алматы қаласында – 3, Өскемен қаласында – 1, облыс аумағында 171 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілгенін айтып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еселі еңбектеріне тағы да ризашылығын білдірді. Мұнан соң ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында жарияланған конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі басталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев конкурс жеңімпаздары атанған Меркі ауданы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Шайхиевке «Нива» жеңіл автокөлігінің, Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Халит Базаралиевке «Уаз-фермер» автокөлігінің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, екінші орын иегерлері Қордай ауданындағы «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дүйсехан Қошалиев «Нива» жеңіл автокөлігіне, Жамбыл ауданы «Пионер» асыл тұқымды қой зауыты» өндірістік кооперативінің басшысы Алпысбай Жұмаханов «Веста-6» дән сепкіш техникасына ие болды. Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығының төрағасы Евгений Трубников облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбек озаттарына облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Жиналғандарды облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов құттықтады. Бірқатар еңбек озаттары облыстық мәслихаттың шешімімен облыстың Құрмет грамотасымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгісімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан сыйлықтарға ие болды. Олардың арасында облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі – осы жолдардың авторы, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының редакторы Айбол Қараш, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Айжан Әуелбекова бар. Салтанатты жиын соңы облыстық филармония әншілері Бақыт Шағырбаев, Маралбек Бабақұлов, Қарлығаш Жанбаева және Дүйсенбек Өмірәлиевтің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ, Тараздағы «Мөлдір» мейрамханасында ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне, ардагерлері мен агро құрылым басшыларына арналып дастарқан жайылды.
Есет ДОСАЛЫ,
"Ақ жол"