Құқық

Заңдылық, айқындық және ашықтық

Заңдылық, айқындық және ашықтық

қаржы полициясы органдарының басты қағидаты

Еліміздің қаржы полициясы органдарының тарихы 1994 жыл­дың 6 маусымынан бастау алады. Осы күні Үкімет қаулысымен Қаржы министрлігінің Салық қызметі құрамында Салық полициясы басқармасы құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағын экономикалық жүйесі дамыған және саяси тұрақталған азаматтық қоғамы мен демократиялық дәстүрі мықты мемлекет ретінде айқындаған.

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Жемқорлықсыз қоғам орнату да Елбасының көздеген межесінің бірі. Осы бағытта қаржы полициясының атқаратын қызметі орасан. Ең алдымен еліміздің әрбір тұрғыны өзінің азаматтық құқығын біліп, өмірлік ұстанымын, көзқарасын қалыптастырып алуы қажет. Сонда ғана қоғамда, халық арасында жемқорлық сипатындағы келеңсіз жағдайлар орын алмайды.

Өз кезегінде Жамбыл облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өзіне сеніп тапсырылған аумағындағы тәртіптің сақталуы және азаматтардың заң қорғауында екендіктерін толық сезінуі жолында бар мүмкіншілігімен жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, өзінің тарихында департамент қызметкерлері 9 мыңға жуық қылмысты әшкерелеген және оның көбісі күрделі жағдайдағы, яғни, бөтен мүлкін иемдену, пара алушылық және экономикалық қызметімен байланысты қылмыстық істер. Табанды және кәсіпқойлық қызмет нәтижесінде заңсыз төленген миллиардтаған теңге жеке және заңды тұлғаларға, мемлекетке өндіріліп берілді. Соңғы жылдардағы жүргізілген жедел-іздеу шараларымен сыбайлас жемқорлық сипатындағы 2500, экономикалық сипаттағы 3500 қылмыс ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050; Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ХХІ ғасырдағы инновациялық және әлеуметтік жаңарған Қазақстанның басты қаруы – орта және шағын бизнестің дамуы болып табылатынын айтқан. Сондай-ақ, қаржы полициясы шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізу бойынша мораторий режимінде жұмыс жүргізеді. Мысалы, биыл қаржы полициясы департаменті мен кәсіпкерлік палатасы арасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл меморандум бойынша кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін кәсіпкерлік қызметін заңсыз тексеру, жүйеге бөгет болатын мәселелерді әшкерелеу басты мақсат болып табылады. Біздің басты бағытымыз – пара алумен күресу, азамат­тардың, кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуы және қылмыстың алдын алу, әшкерелеу, сонымен қатар азаматтардың сеніміне ие болу. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы кез-келген әрекет еліміздің дамуына өзіндік кедергі келтіреді. Сондықтан, онымен күресу – әрбір қазақстандықтың парызы. 20 жылдық мерейтой қарсаңында барлық қаржы полициясы органдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, жанұяларына бақыт, шаттық, денсаулық, қиындығы мол қызметте табыс тілеп, егеменді мемлекетіміз өркендей беруіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

18Мақсұт НӘЛІБАЕВ,  облыс бойынша экономикалық  қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің  (қаржы полициясының) бастығы,  қаржы полициясының полковнигі.