Ертең шаршы алаңға шығатын кәсіпқой қазақ боксшысының қарсыласы өзгерді
Ертең шаршы алаңға шығатын кәсіпқой қазақ боксшысының қарсыласы өзгерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыған дейін 4 жекпе-жек өткізіп, оның барлығын уақытынан бұрын аяқтаған Әли Ахмедов 5-ші айқасын ертең, яғни 9 желтоқсан күні өткізуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осыған дейін жерлесімізді Польша жерінде латвиялық 20 жастағы Эдуардс Герасимовспен жұдырықтасатынын жазған болатынбыз. Алайда, бокс кешіне бірер күн қалғанда Ахмедовтің қарсыласы өзгергені белгілі болды. Енді жерлесіміз Герасимовпен емес, Беларусь боксшысы Уладзимир Харкевичпен жұдырықтасады. Ол кәсіпқой бокста жалпы тоғыз кездесу өткізіп, екеуінде нокаутпен жеңсе, алтауында жеңілген, ал бір кездесуінде тең түскен. Ал біздің жерлесіміз Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін Алматыдағы Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы бокс кешінде өткізген болатын. Онда Ахмедов әзербайжандық Маммедовті бірінші раундта жарыс жолынан шығарған болатын. Бұл бокс кешінде басты жекпе-жек ретінде аустралиялықтар Кая Маккензи мен Дилана Эмери арасындағы кездесу өтпек. Қос спортшы орта жеңіл салмақта Аустралия чемпионы титулын сарапқа салады.
ақпарат көзі: kazinform.kz