Денсаулық

Елбасы кітапханасында «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері өтті

Елбасы кітапханасында «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасының Талдау орталығы «Назарбаевтың моделі» кітабының тұсаукесерін өткізді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жаңа туындының авторлары - Махмұт Қасымбеков, Бақытжан Темірболат, Тимур Шаймергенов. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесі өкілдері, мемлекет және  қоғам қайраткерлері, сарапшылар, ғалымдар мен ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. «Бұл кітап - біздің жас мемлекеттің табыс кілті жайлы сыр шертеді. Авторлар дәстүрлі тарихи-хронологиялық жолды таңдамады. Кітапта нақты мысалдармен қазақстандық жолдың іргетасын қалаған және жас мемлекеттің табысты дамуына жол ашқан Елбасының басқарушылық шешімдерінің алгоритмі арнайы әзірленген инфографикалардың көмегімен көрсетіледі. Авторлар күрделі ішкі және сыртқы жағдайда дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетті басқарудың нәтижелі жүйесін «Назарбаев моделі» деп атайды. Бұл қазақстандық көшбасшының саясатын мемлекеттік менеджмент теориясы мен практикасы арқылы тереңнен зерделеу болып табылады. Жаңа басылымның негізгі міндеті - «Назарбаев үлгісінің» аса маңызды негіздерін жүйелеп, басқарудың батыс мектептерінде танымал кейс әдісін пайдалану арқылы оқырман қауымның назарына ұсыну.  Оның ішінде ядролық қарудан бас тарту, «Қазақстан-2030» стратегиясын әзірлеу, Қазақстанның астанасын көшіру, көпвекторлы сыртқы саясаттың басты тәсілдерін қалыптастыру іспетті мемлекет басшылығы және оның көшбасшысы алдында тұрған күрделі басқарушылық шешімдер бар», - деп таныстырды жаңа кітаптың мазмұнымен авторлардың бірі ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат. Жаңа көзқараспен, үлгімен, тәсілмен ерекшеленетін жаңа туындыда Қазақстанның ширек ғасырдағы мемлекеттік құрылысына басқарушылық талдау жүргізуге талпыныс жасалған. «Кітапта Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі кеңінен зерделенеді. Біз ширек ғасырда еңсерілген жолды қорытындылап, ғылыми көзқарасымызды алға тарттық. Жаңа туындының басты міндеттерінің бірі - мемлекетіміздің дамуына байланысты кейбір қасаң қағидаларға жауап беру.  Мәселен, Қазақстанның өркендеуінің себептері, драйверлері бойынша пікірлер қарама-қайшы. Бізде табиғи қорлар бар. Еліміз бай. Бірақ бұл қарқынды өсімге серпін берген жоқ. Әуелі әлеуетті тиімді және сауатты түрде кәдеге жарату қажет.  Елбасымыз өзінің шешімдерімен, бастамаларымен, бағдарламалық нұсқауларымен мүмкіндіктерімізді пайдаланып, оларды өсімге айналдыруға жол ашқан жүйені қалыптастырды. Кітап арқылы барлық аспектілерді қамту мақсатын ұстанған жоқпыз. Нақты 10 мысалды белгіледік: неліктен президенттік билік таңдалды, инвестицияларды тартуға басымдық берудің себептері, мұнай саласының даму жолы, одан түскен кірістің индустриалды саясатқа жұмсалуы, Елбасымыздың жаһандық бастамалары», - деп тоқталды кітаптың ерекшелігіне Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов.   Жиынға қатысушылардың сөзінше, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан саяси және экономикалық жүйелері тиімді, тұрақты Қазақстанды құру мемлекетті дамытудың басты бағыттарының біріне айналды.  Оның аясында тарихи таңдау демократиялық өркендеуге және нарықтық экономикаға түсті. Экономиканы және саяси жүйені реформалауда қол жеткен жетістіктердің арқасында қазақстандық модель заманауи демократиялық мемлекетті құрудың тиімді және өнегелі үлгісі саналуы заңды. Бұл мемлекеттік құрылыстың маңызды кезеңдерінде, Елбасының стратегиялық реформаларында, маңызды шешімдері мен бастамаларында кешенді түрде көрініс тауып отыр. Жаңа әдіс. Тек дәйекті деректер, талдау және қатерлер мен стратегиялық менеджментті бағалау тұрғысынан түсіндіру. Жаңа көзқарас. Қазақстанды «Назарбаев үлгісімен» басқару технологиясы арқылы еліміздің көпшілікке белгілі тарихы жаңаша түрде ұсынылып отыр. Жаңаша беру. Қазақстанның қазіргі тарихы туралы жан-жақты анықтамалық материал, бірегей және арнайы дайындалған инфографика, деректерді кәсіби түрде жеткізу. Жаңа үлгі. Ғылыми-көпшілік жанр үшін дәстүрлі емес оқуға ыңғайлы көлем және дизайнерлік рәсімдеу қарастырылған. «Назарбаев үлгісі» кітабы - Елбасы кітапханасының және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бірлескен жобасы. Оның негізінде бірегей мұрағат құжаттарын жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу мақсаты қойылып отыр.   Президент Кеңсесі бірнеше жыл қатарынан ірі баспа жобаларына бастамашылдық танытып, жүзеге асыруда. Олардың арасында 1990-2015 жылдарды қамтитын 21 томдық «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы»  қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Оның кезекті томы келесі жылы жарық көреді. Махмұт Қасымбековтың авторлығымен Елбасының өмірі мен қызметіне арналған өмірбаяндық басылымдар, «Біздің Президент» кітабы, «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы, «Тұңғыш» Қазақстан Президенті туралы очерктер жарық көрді. Жиын барысында Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков: «Жаңа басылым экономикасы қарқынды түрде дамуға бет алған мемлекеттердегі түбегейлі өзгерістер мен жаңғырулар тәжірибесіне қызығушылық танытатындар үшін пайдалы болмақ», - деп атап өтті.  Тәуелсіздіктің мерейлі белесіне арналған құнды кітаптың алғашқы даналары жиынға қатысушыларға тарту етілді.

ақпарат көзі: kazinform.kz