Саясат

Білімді адам бүлінгенді қаламайды

Білімді адам бүлінгенді қаламайды

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы және «Жастар-зерттеу» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Діни терроризм және экстремизм: қарсы тұру әдістері және басқару технологиялары» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Жиында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов сөз сөйлеп, жиналғандарды ашық пікірге, сауатты ой қозғауға шақырды. Семинарды «Жастар-зерттеу» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Парида Мамедова жүргізіп отырды. Мұнан соң діни экстремизм мен терроризм қауіпіне қарсы тұру мәселелері бойынша облыс прокуратурасы 1-ші басқармасы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықты қадағалау бөлімінің аға прокуроры Дастанбек Байтеміров баяндады. Ол нақты жұмыстардан оң нәтиже бар екенін де айтып өтті. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы Ержан Аманбаевтың ислам татулықтың діні екендігі турасында қозғаған насихатын да кеңеске қатысушылар ерекше әсермен тыңдады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Режеп Баярисов діни экстремизм идеяларының насихатталу мақсаты жөнінде сөз сабақтап, студент жастардың жат ағымдағы көзқарас қалыптастыруының алдын алу шаралары университетте белсенді жүріп жатқанын баяндады. Облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының бас инспекторы Алмас Құлынбетов қазіргі таңдағы радикалды экстремистік діни қозғалыстар мен діни радикализмнің себептері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Семинарға қатысушы дінтану пәнінің мұғалімдері тарапынан «Салафиттердің өзгешелігі қандай?», «Мешіттер қалай қаржыланады?», «Мектептегі ішкі тәртіптің сақталуына дін талабы қарсы ма?» деген өзекті сауалдарды ортаға тастады. Бұл сауалдарға дін саласының мамандары мен найб-имам жауап беріп, мәселені жан-жақты түсіндірді. Олар мешіттерді бюджеттен қаржыландыру мүмкін еместігін, әр оқушы қалыптасқан мектеп формасын киіп, білім саласындағы ішкі тәртіпті сақтауы қажеттігі баса айтты.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».