Саясат

Отанымыз ортақ, тілегіміз бір

Отанымыз ортақ, тілегіміз бір

Қазақстандықтар үшін бірліктен асқан байлық жоқ. Ел ішіндегі татулықтың сақталуына Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың ықпалы ерекше. Халқымыздың пейілінің кеңдігі елдегі ішкі тұрақтылықтың сақталуының кепілі десек, артық айтқандық емес. Бізді «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының мерейлі мұраттарына жақындата түседі. Біз ауызбіршілігіміздің арқасында 130-дан астам ұлт пен ұлысты біртұтас халыққа айналдыра білген мемлекет ретінде әлемге танылдық. Жұртты ортақ мақсат үшін жұмылдыра білген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осы арқылы елдің бірлігі барлық бастаманың, жетістіктердің, ерен еңбектердің ең басты негізі, іргетасы екенін дәлелдеп берді. Негізінен, бір ғана ұлт тұратын мемлекеттерде ішкі тұрақтылыққа қатысты мәселелер көп туындай бермейді. Тілі де, салт-дәстүрі де қалыптасқан жағдайда дамиды. Ал өзіндік салт-дәстүрі мен діні, тілі мен ділі бөлек, наным-сенімі әртүрлі көп ұлтты мемлекеттердегі жағдай басқаша. Олар үшін халықтық толқулар мен қақтығыссыз өмір сүрудің өзі зор жетістік. Талай алпауыт мемлекеттерде ішкі бірлігі болмағандықтан, қақтығыстар орын алуда. Тіпті, кейбірі күйреу алдында тұр. Бір елден, бір елге жөңкіле көшіп, жер ауған босқындардың қатары көбеюіне де осы ел ішіндегі алауыздық түрткі болуда. Бір дәтке қуат ететіні, Қазақстанда ондай келеңсіздік жоқ. Қазақстанда тұрақтап қалған өзге этнос өкілдерінің қазіргі ұрпақтары қазақтардан көрген жақсылықтарды ешқашан ұмытпайды. Бұл атадан балаға мұра боп жалғасып келе жатқан бұлжымас қағида іспетті. Халқымыз тәуелсіздік алғалы бері жұдырықтай жұмылып, еңбек етуде. Соның арқасында осыншама жетістіктерге қол жеткіздік. Бізге жүктелген міндет – ынтымақтастықты дәріптейтін әртүрлі шаралар мен халықаралық мәні бар мерекелерді өз деңгейінде атап өтіп, қолда барды бағалай білу. Тілі басқа болғанымен, тілегі бір сан алуан ұлт өкілдері осыны айқын түсінуі тиіс. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағанда көппен бірге қуанғандардың ішінде татарлар да болды. Негізінен, қазақ пен татар халықтарының тарихы тамырлас. Тілдерінде де онша айырмашылық жоқ. Облыстағы ең көп қоныстанған жері Жамбыл ауданының Бесағаш ауылы. Содан болар ауданда 20 жыл бұрын «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылған. Осы уақыт аралығында аталған орталық ең қымбат қазынамыз – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету және мемлекетімізді дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. Бір сөзбен айтқанда біз әркез қоғамға ортақ іс-шаралардың бел ортасынан табыламыз. Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен елдегі нық орныққан ынтымақтастықтың жемісі екені даусыз. Осы 25 жылдың ішінде мемлекетіміздің аяғынан нық тұрып, өркениетті мемлекет ретінде әлемге танылуына елдегі саяси тұрақтылықтың сақталуы көп әсер етті. Біздің ендігі арманымыз – болашағы біртұтас ел болып қалыптасу. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясының да негізгі мақсаты осы.

Амир Халиков, «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.