Әлеумет

Анаға – құрмет, атаға – қызмет

Анаға – құрмет, атаға – қызмет

Ал біз ата-аналарымызды қадірлеп жүрміз бе?

Ата-ана алдындағы қарыздан Меккеге үш арқалап барсаң да құтылмайсың деп жатады. Көпшілігіміз бұл сөздің астарына терең үңіле бермейтін секілдіміз. Дін өкілдерінен естігеніміздей, ата-ананың ризашылығын алу – Жаратқанның ризашылығын алумен тең екен. Сонда ол кісілердің ризашылығын қалай алуға болады? Үлде мен бүлдеге орап, бар жақсыны аузына тосқаннан ата-ана риза бола ма? Әлгіндей ықыластың бәрін жасап, өмірдегі ең қымбат адамдарыңа (әке-шешеңе) міндетсіне үн қатсаң, көңілі су сепкендей басылмайды ма? Бір тәмсіл еске түсіп тұрғаны. Баяғыда бір жігіт анасын арқалап, Меккені бетке алған көрінеді. Ниеті – парызы мен қарызын өтеу. Ауылдан ұзай бергенде бір топ түйе жайылып жүр екен. «Балам, анау қарайған не?» деп сұрапты анасы. «Түйелер ғой, апа» депті баласы. Біраз жүрген соң анасы «Балам, анау қарайған не?» деп әлгі түйелерді қайтадан көрсетіпті. «Апа, түйе ғой, түйе» деп баласы бұл жолы қатқылдау жауап беріпті. Тағы шамалы жүрген соң, анасы үшінші мәрте әлгі түйелер жақты нұсқап, қарайған нәрсенің не екендігін білгісі келіпті. Бұл жолы баласы «Апа, апа! Ол – түйелер ғой, түйелер! Қайта-қайта сұрайсыз. Арқам ойылып мен сізді көтеріп келемін. Сіз бір сұрақты қайталай бересіз. Тыныш отыра бермейсіз бе?» деп қатты ашуланыпты. Сонда анасы перзентінің арқасынан сырғып түсіп: «Балам, сен кішкентай кезіңде бір нәрсені үш емес, мың рет сұраушы едің. Мен мың рет сенің сұрағаныңа қабақ шытпай жауап беруге дайын едім. Сен болсаң, екі-үш рет мазалағаныма сонша қатты ашуландың. Меккеге мені арқалап бармай-ақ қой. Маған сенің ол жаққа арқалап барғаның керек емес, бір ауыз жылы сөзің, мейірімің, жайдарлы мінезің қажет, – деп ұлына өкпелеп, жарты жолдан кері қайтқан екен. Облысымызда қарттар үйі үшеу болса, ол мекемелерде қазір бос орын жоқ. Сол тас ғимаратта Үкіметтің қамқорлығын көріп жатқан шарасыз жандардың арасында қандастарымыздың жыл санап көбейіп келе жатқаны байқалады. Бұл жағдайға жүрегің қалай ауырмасын? Жақында әжептәуір жерде қызмет істейтін, мойнында шоқтай қызыл галстугы бар ердің жасына келген азаматпен дәмдес болып қалдық. Жанында сексеннен асқан әкесі отырды. Қарияның құлағы ауыр естиді екен. Әлгі әжептәуір қызмет иесі әкесіне ауыр сөйлеп, нығырлап, зекіп отырды. Керісінше, әкесі бізге «Балам жақсы жерде жұмыс істейді, бетке ұстарымыз» деп ұлын мақтап, қошеметтей берді. Байқағанымыз әке баладан сескеніп, жәутеңдеп, қаймығатын секілді. Жағамызды ұстадық. Есімі елге белгілі бір ақынның үйінде отырмыз. Сексен жастан асқан анасы бар екен. Кейуана теледидардан өзі ұнатқан сериалын көріп отырған. Кенет әлгі ақын келді де, теледидарды басқа арнаға ауыстырып жіберді. Онысымен қоймай «Апа, теледидарда неңіз бар? Асыңызды ішсеңіз бөлмеңізге барып дем алмайсыз ба?» деді даусын зорайтып. Ана байғұс шарасыз күйде қалды. Көздері жәутеңдеп, бөлмесіне беттеп бара жатты. Кезінде ауыл мектебінде сабақ берген ұстазымыздың бірі тоқсан жасқа жақындап дүние салды. Сол кісінің үйіне көңіл айтып барғанбыз. Сексеннен асқан апамыз да аурушаң болып қалыпты. Тілі күрмеліп, ауыр сөйлейді. Шаңырағында отырған баласына Құран оқып жібер дегенді ыммен, ишарамен түсіндірді. Әлгі ұлдың «Ықылас» сүресін үш қайыратын жақсы дағдысы бар-ау, соған қарағанда. Ол болса «Апа, мен не оқимын? Кісі келсе, мені қинайсыз» деп ашуға булықты. Үнсіз қалған қарт ананың көзі жасаурады... Бір танысым үйіне баласы шаңырақ көтеріп, келін түсіріп өзінше қуанды. Басына ақ орамал жауып келін шымылдыққа енді. Содан соң әлгі танысым баласының қасына барып: «Балам, қолыңа қондырған құсың құтты болсын!» деп құттықтамақшы болды. Сонда бала: «Кетші, мен сені өлтіремін» деп әкесін итеріп жібергенін көзімізбен көріп, «О, тоба» дегеніміз бар. Мұндай мысалдар, өкінішке орай, көп-ақ. Ата-ананы құрметтеу жайлы жақсы мысалдар да жетерлік. Театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы ақсақал тоқсаннан асып барып, өмірден озды. Бақытты адам екен. Ол кісіге қолындағы келіні соңғы сәттерге дейін бөлек ас әзірлеп, жақсы қарады. Қарттарға жағымды бидай көже, айран көже, тұзы аз тағамдарды жасап беруден жалыққан жоқ. Ондай жақсылықты да көзіміз көрді. Мешіт имамдарынан мәселенің мәнісін сұрағанбыз. Шариғатта ата-ананы құрметтеу өте маңызды екенін тағы да ұғына түстік. Ата-ананың ризашылығын алған адам қандай теріс амал істесе де, тозаққа кірмейтіні жөнінде айтылады екен. Оларды қорлаған, бағаламаған адам қандай жақсы істер жасаса да, жәннатқа кіре алмайтыны жөнінде де қасиетті Құранда баяндалғанынан хабардар болдық. Саған ата-анаң шынайы риза болған көзімен қараса, екі мәрте қажылыққа барған кісінің сауабындай сауап алады екенсіз. Ал біз ата-анамызға қалай қарап жүрміз? Өмірге келуімізге себепкер болған сол ең қымбат адамдарға не жақсылық жасадық? Ойланып көріңіздерші!

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».