Өздерін-өздері жұмыспен қамтыған өрендер
Өздерін-өздері жұмыспен қамтыған өрендер
мүмкіндігі шектеулі жастар тактильді тастақталар шығару ісіне кірісті
Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық ерекше. Олардың толыққанды қоғам мүшесі ретіндегі белсенділігін күшейту, ынталандыру, жұмыспен қамту ұдайы назарда ұсталынуда. Мүгедектік санатындағылардың өздері тарапынан да кәсіпкерлікпен, шығармашылықпен айналысуға құлшыныс артып келеді. Бұл тұрғыда олардың әлеуметтік жобаларға қатысып, бизнес-жоспарлары үздік деп танылғандарының қаржылай көмек алып, шағын кәсіпкерлік нысандарын ашып жатқандары да бар. Мысалы, «Асар» аталатын мүгедектермен жұмыс жасайтын заңды тұлғалар бірлестігінің зағип жандардың түрлі мекемелерге қайырылып, талап-өтініштерін жеткізуіне мүмкіндік беретін аяқжолдардың тас төсеніштерін жасайтын цехты іске қосқанына аса көп уақыт өте қойған жоқ. – Бұл нысан кемтар жандар үшін қосымша жұмыс көзі болып тұр. Қажетті құрал-жабдықтарды алуға жергілікті жеке кәсіпкерлер көмектесті. Әзірге мұнда төрт адам еңбек етеді, айлықтары да уақтылы беріледі. Оларға бұл іс ауырлау соқса, қолғабыс жасайтын жұмысқа жарамды тағы екі азаматымыз бар. Олар үш ауысымда жұмыс істейді. Мұны бір жүйеге қойып алсақ, әлі де біраз адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Әзірге күніне мұндай өнімнің 30 қума метрін дайындаудамыз, – дейді «Асар» бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Түсіпов. Оның айтуынша, мұндай тактильді тастақталар төселген арнайы аяқжол зағип жандардың қандай да бір мекеменің аулаға кіреберісінен ғимараты есігіне дейін кедергісіз өздігінен жүріп баруын қамтамасыз етеді. Сары түсті тақталардың бедерлі тік жолақтысы – тура жүруге, қиғаш жолақтысы – бұрылуға бастаса, дөңгелек бедерлісі – алда кедергі барын, төртбұрышты бедерлісі – әрі қарай жүруге болмайтындығын ескертуге арналған. Облыстық мүгедек жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері болып табылатын азаматтар өздері дайындаған тастақталарды төсеп, тапсырысқа сай мекемелер кіреберісіне аяқжолдар орнатып беріп жатыр. Материалдарды кесіп, дайындауы, орнын оюы – бәрі де жұмыс. Күні бүгінге дейін мұндай аяқжолды облыстық балалар ауруханасы, қан құю орталығы, ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйі секілді бірқатар мекемелер жасатқан. Облыстық «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Қабдуллин тапсырыс берген мекемелер кіреберісіне пандустар орнату ісін де өздері қолға алғанын айтады. «Бүгінде қалада мұндай құрылғыларды тиісті градустық өлшемдеріне сәйкес орнатудамыз. Биылдың өзінде бес мекеме алдына пандус салып бердік. Қажет болған жағдайда табло мен дыбысты белгілеріне дейін орнатуға мүмкіндігіміз бар. Бұған қажетті барлық материал өзімізде жасалады», – дейді ол.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».