Әлеумет

Айналдым сенен, атамекенім

Айналдым сенен, атамекенім

25 жылдыққа 25  патриоттық ән шырқалды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Әнім саған арналады, Қазақстан!» атты үздік әндер акциясы өтті. Шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Патриоттық әндерден құралған концертті басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығына тоқталып, шараға атсалысқан ұжымдарға алғысын білдірді. Акция барысында бірқатар шығармашылық ұжымдар басқарма тарапынан Алғыс хатпен марапатталып, төрт түрлі СD жинағының тұсауы кесілді. Көңілді тербеп, жүрекке жететін патриоттық әндер көрермен қауымды толқытып, тебірентті. Төлеген Мұхамеджановтың Елбасының сөзіне жазылған «Туған жер», Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен», Махамбет Түгелбаевтың «Астана», Серікзат Дүйсенғазиннің «Байтақ елім, қазағым!», Қайрат Жүнісовтің «Қазағым менің!» әндері тұла бойды шымырлатып, патриоттық рухты жаныды. Шараға облыстық мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталық, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизоны, облыстық филармония ұжымы, Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернаты, Тараз қалалық Мәдениет үйі өнерпаздары ерекше ықыласпен атсалысты. Кеш «Кәусар» вокалдық тобының сүйемелдеуімен Жанатбек Қадіровтің орындауындағы Бекболат Тілеуханның (сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазған) «Елім менің!» әнімен түйінделді.

Есет Досалы, «Ақ жол».