Кішкентай ханшайымдар бәсекеге түсті
Кішкентай ханшайымдар бәсекеге түсті
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы жанындағы Аналар кеңесі мен «Жұлдыздар карнавалы» мерекелік агенттігі, қалалық білім бөлімі тараздық кішкентай арулар арасында байқау ұйымдастырды. Байқауға ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов және «Бейсенбекова» жеке кәсіпкерлігі демеушілік көрсетті. Бұл 5-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін өнердің алғашқы баспалдағы болды. Бір айта кететіні, байқауға қатысушы 12 бүлдіршін өзге ұлт өкілдері екен. Барлығы бірдей қазақша еркін сөйлейді. Дана халқымыз «Өнер жастан шығады» деп бекер айтпаса керек. Тіл үйрену де – өнер. Байқаудың «Мен – талантпын!» атты үшінші кезеңінде бүлдіршіндер өз шеберліктерін көрсетті. Алуа Әзімханның өнері, Амиран Бақбайдың билеген «Аққуы», Нисон Абидова орындаған шығыс биі, Анастасия Кабакованың әке жайлы айтылған әзіл әні көпшіліктің көңілінен шықты. Өнер жарысында балалық патшалығының барлық ханшайымы марапаттан құр қалған жоқ. Арианна Мингазова – «Ең әсем қыз», Нисона Абидова – «Ең әдемі», Инкар Рахматулла – «Ең қылықты», Амиран Бакбай – «Ең ақылды», Анастасия Кабакова – «Ең талантты», Алуа Әзімхан – «Ең әсерлі», Светлана Разумова – «Ең үздік вокал», Лилия Коржова – «Ең сәнді», Дария Алдабергенова – «Көрермен көзайымы», Саялы Серікхан – «Ең нәзік» ару аталымдары бойынша марапатталды. Сондай-ақ №9 балабақшаның тәрбиеленушісі Амиран Бақбай «Жыл балақайы» атанса, Инкар Рахматулла (№41 балабақша) жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал Асылай Сәбитқызы (№33 балабақша) 1-орынға лайықты деп танылды. №16 балабақшаның бүлдіршіні Арианна Мингазова байқаудың бас жүлдесін иеленіп, облыстық «ҚХА кішкентай аруы – 2016» атанды. Әже тәрбиесін көрген жеңімпаз ханшайым өскенде халық әртісі болуды армандайды екен. – Бізде дарынды балалар өте көп. Алдағы уақытта «Ассамблея ханзадасы» байқауын да ұйымдастыруымыз мүмкін. Үміткерлердің барлығын жоғары деңгейде дайындап, оларға жан-жақты қолдау көрсеткен ата-аналарға, балабақшалар ұжымына алғыс айтамын, – дейді ҚХА облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева. Байқау соңында барлық бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар, оқуға қажетті арнайы жиһаздар үлестірілді.
Наурызбек сарша, «Ақ жол».