Қыран құс не алмайды, салса баптап
Қыран құс не алмайды, салса баптап
«Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деп Абай жырлағандай саятшылық қазақтың қанына сіңген қасиет. Меркі ауданында еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұлттық спортымыздың құсбегілік түрінен Қазақстан Республикасының жастар арасындағы VIII чемпионаты өтті. Бұл чемпионатта республикамыздың Астана және Алматы қаласы және Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарының ұлттық спортымызды ұлықтап жүрген талапты жастары күш сынасты. Тарих беттеріне қарасақ, көшпенді бабаларымыздың таным-түсінігінде бүркіт – батылдықтың, батырлықтың, еркіндіктің, рух биіктігінің символы болып табылады. Қазақ: «Бүркіт бір сілкінсе мың пәле кетеді» деп есептеген. Бабадан мұра болып жеткен саятшылық өнерді жалғастырып келе жатқан ел жастарының биылғы сегізінші мәрте ұйымдастырылған чемпионаты да тартысты өтті. Нәтижесінде,«Құсбегілік» өнерінде батылдық, ептілік қасиеттерімен өзгелерден дараланған Меркі ауданының №18 спорт мектебінің спортшысы Бабажан Бақдаулет «Қапсалған» атты бүркітімен І орынды иеленсе, жүлделі ІІ орынды Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы Паң Мырзадәулет «Ақбалақ» атты бүркітімен жеңіп алды.Үздік үштікті тағы бір жерлесіміз,меркілік Бабажан Берікбосын «Қоңырдолы» бүркітімен қорытындылады. Қаршыға жарысында да І орынды меркіліктер олжалады. Жергілікті спортшы Серікбосын Жалғасұлының«Қанжар» атты қаршығасының өнері қазыларды да, көрермендерді де тәнті етті. Екінші орын жүлдесін Жамбыл ауданының спортшысы Бауыржан Шернияз «Сарыжебе» атты қаршығасымен жеңіп алса, үшінші орын Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Тұйғын» атты қаршығаның иесі Паң Сейдулаға бұйырды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысының жас құсбегішілері топ жарды.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі ауданы.