Әлеумет

«Трансфердің» үлгі тұтар ісі көп

«Трансфердің» үлгі тұтар ісі көп

Рысқұлов ауылдық округінің кәсіпкері Владимир Бондаренконың «Трансфер» шаруа қожалығында жер телімі көп емес. Дегенмен, «көрпеңе қарай көсіл» демекші, небәрі 76,64 гектар алқабына 500 басқа арналған шошқа фермасын орналастырып, аздап болса да бидай, арпа, пияз, жүгері өсіріп, 12 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. Науқан кезінде тіпті 30-дан астам жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартады. Былтыр 5 гектар алқапқа өсірген қызылшасының әр гектарынан 900 центнерден өнім алып, олжа салған Бондаренко биыл оның көлемін 42 гектарға бір-ақ жеткізіпті. – Бұл біріншіден, Үкіметтің қолдауының арқасы. Өткен жылы қант зауыты қызылшаның әр келісін 13 теңгеден қабылдаса, биыл ол 17 теңгеге көтерілді. Мемлекет тарапынан әр гектары 50 теңгеден субсидияланады. Әрі әр тоннасына 2,5 мың теңге қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ, биыл Ресейден германиялық «Щтоль» фирмасының қызылша қазып, көлікке тиеп беретін, сапалы әрі қуатты 2 дана комбайны мен 1 дана ресейлік жапырақ кескіш техникасын сатып әкелгенімнің пайдасы тиді, – дейді ол. В.Бондаренко егіншілік бағытындағы шымкенттік «Южный полевод» ЖШС-мен тығыз байланыс орнатқан екен. Өсімдік саласының көптеген түйткілді мәселелерін де бірге шешуді күн тәртібіне қойған. Ол сондай-ақ, әлгі қызылша алқабының 8 гектарын тамшылатып суару жүйесімен жабдықтаған. Ал су тапшылығы қиындығынан егістіктің әр жерінен 45 метр тереңдікте қазған 4 құдығы құтқарып отыр. Яғни, үнемі жетіспейтін ағын су мен табиғаттың жаңбырына еш тәуелді емес. Сондықтан ол биыл да былтырғы мөлшерде өнім жинады. Осы жерде айта кетерлік жайт, трансферліктер қызылша тұқымын сепкенде жүйеаралығын басқалардай 60 сантиметр емес, жоғарыда айтылған техникалардың қазып, жинау мүмкіндігіне қарай 45 сантиметрден қалдырған екен. Бұл арақашықтық онсыз да көлемі аз жерде мол өнім алуға негіз болатыны айтпаса да түсінікті. Иә, жалғыз адам жапан түзде қалады. Осы тұрғыда жанына жалау болар сенімді де іскер жандарды топтастыра білген В.Бондаренко инженер Е.Пачес, механик В.Гичук, механизаторлар Қ.Сағындықов, А.Иванов, бригадир Р.Деловаров, С.Щефер секілді мамандардың, Г.Дурсунова, М.Ысмайылова, М.Бейсенова, Ж.Қалманова, Г.Кенжебекова, Қ.Ұзақбаева, А.Жарасова, И.Ажниязова, Г.Құрбанова сынды еңбек көрігін қыздырып, береке қазанын қайната білетін қызылшашылардың есімдерін баса айтты. Алдағы жоспарларымен де бөлісуді сұрағанымызда В.Бондаренко жақында бір мезгілде 100 бас мүйізді ірі қараны бордақылайтын арнайы алаң ашатынын айтты. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамының» 61-қадамында көрсетілген ет өндірісі мен өңдеуді дамытудың кезекті ісі ауданымызда қолға алынуы бәріміз үшін құптарлық жағдай. Әлихан НҰРАЛИЕВ, журналист.