Тәуелсіздік құрдасы екендігімді мақтан тұтамын
Тәуелсіздік құрдасы екендігімді мақтан тұтамын
Үміт Тамиева – Тәуелсіздіктің құрдасы. Сарыкемер ауылында дүниеге келген ол осындағы Н.Киікбаев атындағы орта мектепте сапалы білім алды. 9-сыныпта жүргенде «Тәуелсіздік – тірегім!» деген тақырыпта шығарма жазып, республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаз болуды алдына мақсат етіп қойды. Оған бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазы Рая Елубаеваның ықпалы мол болған сияқты. Алғашқы мұғалімі мұны барлық ұлағатымен, тәлім тәрбиесімен баурап алған. Бүгінгі таңда өзі де үлгілі мұғалім. Үміт мектепті ерекше аттестатпен, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін қызыл дипломмен бітірді. Жоғары білімді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білімін толықтырды. Үміт Тамиеваның еңбек өтілі – 5 жыл. Өзі білім алған Н.Киікбаев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп келеді. Оның алғашқы шәкірттері, жоғары сыныпта оқып жүр. Олардың арасынан Гүлдерай Балтаева аудандық патриоттық тақырыпта шығарма жазу байқауында жүлдегер атанған екен. Биыл жаңа бағдарламамен оқытылатын 1-сыныпты қабылдап алыпты. Ол үшін Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінен арнайы курстан өткен. Тәуелсіздік құрдасы жаңа бағдарламаның сабақ құрылымдарында, оқулықтарында және бағалау жүйесінде өзгешеліктер бар екенін айтады. Тәуелсіздік құрдасы мектептегі, ауыл көлеміндегі қоғамдық істерден сырт қалмайды. Мың бұрала би билеп, концерт, кештерді жүргізетін қабілеті бар. Белсенділігі үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Үміттің өмірлік серігі Жансерік Әбдіқұлов аудандық әділет басқармасында бас маман болып еңбек етеді. – Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Бұл – халқымыздың ең қастерлі мерекесі. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған құндылыққа қол жеткізіп отырмыз. Қазақ елінің шексіз бақыты – осы. Тәуелсіздік құрдасы екенімді мақтан тұтамын. Егеменді еліміздің ертеңгі болашақтарын даярлап жүргеніме көңілім толады. Білім ордасында алдыңғы толқын ұстаздардан үйренерім көп. Еліміздің білімді ұрпағын қалыпастыру жолында аянбай тер төге береміз, – деді Тәуелсіздік құрдасы Үміт Тамиева.
Есет досалы, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.