«Еуразия барысында» қазақ балуандарына қарсылас шақ келмеді
«Еуразия барысында» қазақ балуандарына қарсылас шақ келмеді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орай әсем қала Алматыдағы «Алматы- Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен халықаралық «Еуразия барысы» додасы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан, қазақтың төл спорты қазақ күресінің танымалдылығын арттыратын мега-жобаға еліміздің «сен тұр, мен атайын» балуандарымен бірқатарда Моңғолия мықтылары, Украина өрендері, Грузияның алыптары және өзге елдердің кілең мықты балуандары қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Жалпы, сегіз елден 130 спортшы бақ сынасқан додада Қазақстан құрама командасының намысын Марат Нығматуллаев, Бақдәулет Сәбитов, Айдос Ғалымов, Дәулет Пахриденов, Айбол Айтбек (жамбылдық), Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров сынды сайыпқырандар қорғады. Ә дегенде Польша, Грузия құрамаларының жігіттерін айқын жеңген қазақ балуандарының жолы финалда ежелгі қарсыластары Моңғолиямен түйісті. Турнирдің жартылай финалында қазақ жігіттері Грузиядан 6:2 есебімен басым түсті. Десе де, жамбылдық Айбол Айтбек бұл сында грузиялық қарсыласына аз ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберді. Финалда да қазақстандық балуандар Моңғолияны 6:2 есебімен жеңіп, кезекті мәрте мәртебелі доданың жеңімпазы атағына қол жеткізді. Дода жеңімпазы қазақ балуандарына он миллион теңгенің сертификаты тапсырылса, күміс жүлде иегерлері Моңғолия құрамасы 6 миллион, үшінші орын алған грузиялық балуандар 4 миллион теңгеге иелік етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Қазақ күресі» федерациясының құрметті төрағасы Қанат Бозымбаев және өзге азаматтар марапаттады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».