Экономика

«Ақыртөбе» компрессорлық стансасы іске қосылды

«Ақыртөбе» компрессорлық стансасы іске қосылды

бұл өңірдегі магистралдық газ құбырының тасымалдау әлеуетін арттырады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «ҚазТрансГаз» АҚ «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасын салтанатты түрде іске қосты. Еліміздегі газ тасымалдау жүйесінің тарихында алғаш рет газдың тасымалдау ағынын әртараптандыру үшін түрлі жобалау қысымдарымен бір газ құбырынан екіншісіне жылына 6 миллиард текше метр көлеміндегі газды айдау мүмкіндігі бар сығымдау компрессорлық стансасын «ҚазТрансГаз» АҚ өз қаражаты есебінен салып, қысқа мерзімде пайдалануға беріп отыр. Аталған сығымдау компрессорлық стансасы өңірімізден өтетін «Бұхар газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» және «Қазақстан – Қытай» магистралдық газ құбырлары арасындағы ТІР-02 жалғастырғышында орналастырылған.

«Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасының салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: – Биыл Қазақстан халқы үшін өте ерекше жыл. Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Еліміз ең дамыған елу елдің қатарына еніп, «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасын мерзімінен бұрын орындады. Ендігі кезекте дамыған отыз елдің қатарына ену мақсатында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын қабылдады. Жалпы, облысымыздың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қосқан үлесі зор. Өңірімізде 25 жылда 3 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Білім саласында – 136, денсаулық саласында – 162, спорт саласында 302 нысан пайдалануға берілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі толық аяқталды. Газ мәселесіне келер болсақ, облысымыздағы 377 елді мекеннің 158-іне «көгілдір отын» жеткізілді. Бүгінгі Ақыртөбе ауылының маңынан ашылып отырған «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасының жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайды. Бұл жерден 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасы. Аудан тұрғындарын, газ тасымалдау жүйесінің қызметкерлерін, жалпы баршаңызды осынау игілікті істің жүзеге асырылуымен құттықтаймын, – деді. Келесі сөз кезегін алған «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының орынбасары Даир Көшеров: «Сығымдау компрессорлық стансасы – бұл елдің бүкіл магистралдық газ құбырлары жүйесі үшін маңызды нысан. Оны іске қосу арқасында бірден бірнеше міндеттерді шешетін боламыз», десе, «Газ саласы ардагерлерінің кеңесі» ҚБ-ның облыстық филиалының директоры Александр Федеров «Отандық газ шаруашылығы дамудың жаңа деңгейіне шығып отыр. «ҚазТрансГаздың» бүгінгі жетістіктері Қазақстандағы газ саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді» деп атап өтті. «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасының ашылуы – біріншіден, отандық газдың Қытайға баратын жолын ашып, экспорттық және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Екіншіден, Алматы қаласы мен Алматы облысын үзіліссіз газбен жабдықтауды және резервтік бағытты қамтамасыз ететін болады.

Нұрболат әлдибеков, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.