Денсаулық

үш ұңғы іске қосылды

үш ұңғы іске қосылды

Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары республика аумағында бірнеше кен орындары ашылды. Солардың бірі – облысымыздағы Талас, Мойынқұм аудандарының аумағында орналасқан Амангелді газ кен орны. Оны игерумен «ҚазТрансГаз» АҚ «Амангелді газ» ЖШС шұғылданады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Айрақты-Жарқұм» өндірісішілік газ құбырын салу жұмысы аяқталды. Сондай-ақ, Амангелді газ кен орнының №129, №131 және Жарқұм кен орнының №8 ұңғылары пайдалануға берілді.

 161124-063

Жарқұм кен орнындағы №8 ұңғының іске қосылу салтанатының лентасын «Амангелді газ» ЖШС бас директоры Қанат Құрманалиев, «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Александр Федорович, газ саласының ардагері Нұрлыхан Шойбекова қиды. Одан әрі жиналғандар №8 ұңғының іске қосылуының куәсі болды. Осылайша Амангелдідегі жалпы пайдалану қоры 40 ұңғыға жетті. «ҚазТрансГаз» АҚ өкілдерінің айтуынша, бұл газ өндірісінің орташа тәуліктік көлемін 1 миллион текше метрден астам деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Мұнан соң «Амангелді газ» ЖШС кен орнында халықаралық стандарттарға сәйкес газ конденсатын химиялық талдауға арналған жаңа зертхананың ашылу шарасы өтті. Бұл жоба Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасының газ және газбен жабдықтау саласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағыты бойынша «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының қолдауымен ашылып отыр. Зертхана басшысы Гауһар Ертаева бұрынғысының кіші болғанын, енді мұндағы ұңғылардың көбеюіне байланысты талапқа сай химиялық зертхананың ашылғанын айтты. Мұнда жеті білікті маман еңбек етеді. Химиялық зертхана заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған. «Амангелді газ» ЖШС бас директоры Қанат Құрманалиев пен Талас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжанов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Қанат Құрманалиев 2003 жылдың 23 қазанында ашылған Амангелді кен орны оңтүстік өңірлердегі газ тапшылығын жоюға едәуір үлес қосқанын, осы кезге дейін Амангелді газ кен орнында өндірілген табиғи газдың көлемі 4 миллиард текше метрге жеткенін, газ конденсатының көлемі 300 мың тоннаны құрағанын айтып өтті. Талас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжанов: «Жарқұм кен орнында №8 ұңғының іске қосылуы және «Амангелді газ» ЖШС-ында халықаралық талапқа сай химиялық талдау зертханасының пайдалануға берілуі – облыс халқы және таластықтар үшін үлкен қуанышты оқиға. Біздің ауданда өндірілетін барлық өнеркәсіп өнімінің 70 пайызын осы «Амангелді газ» ЖШС өндіреді. Мәселен, былтыр аудан бойынша өнеркәсіпте барлығы 7 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның 5 миллиард теңгесі «Амангелді газ» ЖШС үлесіне тиді. Өткен жылы «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен біздің ауданның бюджетіне 233 миллион теңге салық түскен. Бұл аудан бойынша барлық салық түсімінің 20 пайызын құрайды. Аталған кен орнындағы жұмысшылардың 60 пайызы жергілікті адамдар. Сондықтан, бұл кен орны ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен ықпалы бар өндіріс ошағы» деді. Газ саласының ардагері Нұрлыхан Шойбекова «Амангелді газ» ЖШС ашылған сәттен бастап осында еңбек еткенін, газ кенін игерудің алғашқы қиындықтарына куә болғанын, бүгінгі пайдалануға берілген жаңа ұңғы және химиялық талдау зертханасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына үлкен тарту екенін тілге тиек етті. «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінгі таңда 109 адам еңбек етеді, орташа жалақы 100 мың теңгені құрайды. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Спорт залы, асхана, демалыс бөлмелері талапқа сай. – Кен орнында табиғи газдың жалпы қоры 16 миллиард текше метр деп болжанған. Осы мерзімге дейін 4 миллиард текше метр өнім игерілді. Мұндағы өндірілуге тиіс газ қоры шамамен әлі 40 жылға жетеді деп көзделуде. Жамбыл облысын түгел табиғи газбен қамтуға және Алматы облысына да газ жеткізуге мүмкіндік бар, – дейді «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Шыңғыс Мырзахметов.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Суреттерді түсірген Виктор Барбаш.