Экономика

Жұмыссыздар жыл санап азайып келеді

Жұмыссыздар жыл санап азайып келеді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жұмыс істей бастаған 5 жылда бізге 3819 адам қайырылып, оның 3612-сімен әлеуметтік-келісімшарттар түзілді. Бағдарламаның бірінші бағыты – елді мекендерді дамыту бойынша 2011-2016 жылдары ауданда ағымды және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 47 нысанда ашылған жаңа 364 жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталығының есебіндегі жұмыссыздар орналастырылды. Ал екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша бес жылда 390 адам 966450,0 мың теңге мөлшерінде несие алды. Оның ішінде 156 адам өз ісін ашып, 234 адам бизнесін кеңейтті. Нәтижесінде 415 жұмыс орны ашылды. Бұл жылдары 255 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, сертификаттарын алды. Мәселен, Нұр Мамытов Әулиеата колледжінде «Электрондық есептеу техникасы және бағдарламасы» мамандығы бойынша оқып келіп, қазір «Балалар-жасөспірімдер орталығында» жұмыс істейді. Надежда Мироненко екі айлық курста шаштараз мамандығын игеріп, «Шик О» сұлулық салонына шаштараз болып орналасты. Сондай-ақ, 171 адам әртүрлі мамандықтар бойынша кәсіби оқулардан өтті. Бағдарламаның үшінші бағытының 1 бөлігі бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына нысаналы топтағы 193 азамат жұмысқа жіберілді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамту бойынша «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 409 жас маман жұмыспен қамтылды. Биыл оқу бітіріп келген жоғары білімді экономист Руслан Қасымбеков орталық арқылы Бетқайнар ауылдық округі әкімдігіне жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша инспектордың көмекшісі ретінде жолданған. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін «Қордай ауданының жастар орталығына» нұсқаушы болып тұрақты жұмысқа орналасты. Сол сияқты, арнаулы орта білімді қаржы маманы Гүлмира Орманалы «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына хатшы ретінде жолданған. Келісімшарт мерзімінен соң аудандық мәслихатқа хатшы болып тұрақты жұмысқа орналасты. 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және Экономикалық даму және сауда министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген өлшемдерге сәйкес, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендер тізіміне енгізілген Бел ауылынан 18 отбасы аудан орталығына қоныс аударды. Олардың еңбекке қабілетті азаматтарының барлығы жұмысқа орналастырылды. Дағдарысқа қарамастан биыл да 100 адамға шағын несие беру үшін бюджеттен барлығы 381700,0 мың теңге қаражат бөлінген. Бүгінге күнге 69 адам жалпы сомасы 231350,0 мың теңге несие алды. Оның ішінде 13 азамат әрқайсысы алты миллион теңгеге дейін несие алды. Биыл несие алушылар 65 жаңа жұмыс орнын ашты. Осылайша осыдан бес жыл бұрын іске қосылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» Елбасының бастамасымен қолға алынған серпінді жобалар қатарында халықты жұмыспен қамтуға, экономикалық белсенді тұрғындарды мейлінше көбірек еңбекке тартуға нәтижелі қызмет етіп келеді. Бақыт Сахатов, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының директоры.