Әлеумет

Философия ілімі тереңдікті үйретеді

Философия ілімі тереңдікті үйретеді

Ойшылдардың көбісі философия таңданудан басталады деп тұжырымдайды. Шын мәнінде, философия адам болмысының өзін-өзі тануы мен әлемді тануға тырысуынан тамыр алады. Даналыққа құштарлық ретінде философия бізді ойлану туралы ойлануды, бастапқы ақиқатты зерттеуді және өзіндік ой қалыптастыруға бастайды. Бүгінде Бүкіләлемдік философия күнін ЮНЕСКО-ның мүшелігіндегі 70-тен астам мемлекет атап өтеді. Олардың қатарында біздің елміз де бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Философия және саясаттану» факультетінің философия кафедрасы Бүкіләлемдік философия күніне ерекше мән береді. Мақсаты – философияны жаңаша негізде жаңғырту, жалпы өмір сүру барысынан бастап ғылыми ашылулармен ой толғаулардың туындауы үшін берері мол екендігін ашып көрсету. Аталмыш күнге орай «Философия» кафедрасы дәстүрлі түрде «Философия таңдау және мамандық» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіп келеді. Конференция заман талабына сай, интерактивті бағытта өрбіп, қоғамдағы, ғылым мен саясаттағы жаңашылдықтарды ескере отырып инновациялық, жаһандық маңызы бар идеяларды талқылауға ұсынады. Еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту, ғылымға негізделген экономикаға көшу орнықты экономикалық дамуға және Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың ауқымды мәселелерін шешуге ықпал ету жолында ғылым мен инновациялық дамуды үйлестіруге, мамандар әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ғылым инфрақұрылымын жаңғыртуға және одан әрі дамытуға бағытталатын реформаларды тереңдетуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері жемісті еңбек етуде. Университет пен жоғары білім беру мен ғылым жүйесінің алдында тұрған стратегиялық міндеттерді орындау аясындағы ауқымды іс-шараның бірі – «Аl Farabi University Smart City» ғылыми-инновациялық жобасы. Аталған жобаның маңыздылығы сол – білім ордасы көрнекті ойшыл, ірі ғалым, философ Әл-Фараби атын арқалап жүргендіктен, ғалымның армандаған және ойлаған мақсаттарын жүзеге асыру. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы» трактаты негізіндегі ғылыми-инновациялық жоба дана бабамыз суреттеген идеалды қоғамның кескінін бейнелейтін, әлі де болса жас, қалыптасып келе жатқан ел болсақ та тура осы бағытқа қадам басып келе жатқанымызды айқындайды. Өйткені, еліміздің алдына мақсат етіп қойған барлық бағдарламаны алсақ та осы ұстанымдарға негізделгені анық. Ал «Аl Farabi University Smart City» ғылыми-инновациялық жобасы қандай жолмен іске асырылмақ? Яғни, жобаны іске асыру – бұл жаңа экономиканы жасауға бастар, сапалы білім алған, бәсекелестікке төтеп бере алатын ғалым және кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлауға апаратын жол. Университетіміз қазір әлемдік ЖОО қауымдастығы аясында белсенді түрде қызмет жасап келеді. Бұл халықаралық тәжірибеде, әрі оны өз елімізде белсенді түрде өндіріске ендіруге мүмкіншілік берді. Алайда, инновациялар қаншалықты көп қатысушысы болса, соншалықты жоғары нәтиже беретін үрдіс екендігін түсінуіміз қажет. Нәтижелі болу – оңтайлы басқаруды талап етеді. Әл-Малик, әл-Аль-Хакика (Ізгілікті басшы) «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастары жайында» трактатында ұлы ойшыл әл-Фараби басқарушыға маңызды талаптар қойған, бүгінгіше айтсақ, тумасында бойындағы тума қабілетін жүзеге асыруға деген ерік-жігері мол, алға қойған мақсатынан тайынбайтын, жігерлі тұлға болуы тиіс. Сонымен қатар, табиғатынан зерек, жаңа қоғамға бейімделген, алғыр, өткеннің сабақтарын, атадан қалған заңдармен қаруланған, яғни өткенге ілтипатпен қарайтын дәстүршіл, әр сөзін халықтың санасына жеткізе алатын шешен, білімге құштар, ойшыл, ертеңді болжауы мықты кемеңгер тұлға болуы тиіс. Шындықты, ақиқатты сүйетін, әділетті басшы, батыл шешімдерді тез қабылдай алатын жүректі болуы керек. Жобаны іске асыруға бастама көтеріп, бүгінде жасалып жатқан іс-шаралардың ұйытқысы, яғни жоба жетекшісі – ҚазҰА академигі, профессор Ғ.Мұтанов. «Китаб Ат-Танбих,ала Сабил Ас-Са,ада» (Бақытқа жетудің жолы). Адамзаттың саяси ақыл-ойында ерекше орын алатын «тікелей демократия» концепциясы, яғни елді басқаруға жеке адамның өзінің тікелей қатысуы керек екендігін ескерсек, ол үрдіс қала-мемлекеттер шағын кезінде ғана тиімді еді. Қалалар ауқымы кеңейе келе, мемлекеттік маңызды мәселелер бірігіп шешілмейтін болды, жеке адамның рөлі төмендеді, халық пен билік арасын байланыстыратын түрлі топтар, ұйымдар, партиялар сияқты түрлі саяси институттар пайда болды. Бірақ бүгіндері ақпараттық технологиялар «кеңістік» ұғымын барған сайын тарылтып келеді. Қазір жеке адам қайда болса да, қоғаммен тығыз байланыста бола алады. Демек, тұлғаның, азаматтың мемлекеттік мәселелерге тығыз араласып, өз пікірін тікелей жеткізе алатын жүйенің қажеттілігі туындайды. Осы ретте философияның, этиканың алатын орны орасан зор. Отандық философтардың қазақ этикасы, эстетикасы және мәдениетіне қосқан үлесі үлкен. Қазақ философиясындағы этиканың басты мәселелерінің бірі адам өмірінің мәні болып табылады. Қазақ философиясы өзінің бастауын көне түркі дүниесінен алады деп айтуға негіз бар. Жалпы түркі әлеміндегі ойшылдарының басым бөлігінің зерттеу объектісі адам және оның өмірінің мәні болып келеді. Дәлірек айтқанда, Жүсіп Баласағұн үшін адам баласы дүниедегі ең басты құндылық, ал, Қожа Ахмет Яссауи адамның мақсаты – кемел адам қалпына жету деген пікірлерге басты назар аударған. Демек, адам өмірінің мәні адам рухының маңызын жоғалтпауы, ар-иманның берік болуы болып табылады.

Ғалия Әбдіқапарова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ассистенті.