Саясат

Еріктілер қозғалысының жұмысында қозғалыс бар

Еріктілер қозғалысының жұмысында қозғалыс бар

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Жамбыл облысы еріктілері» қозғалысының президенті Сайын Құрбан ақпараттық құрал өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында ол аталған қозғалыстың соңғы алты айда атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Бұл Үкіметтік емес ұйым облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» әлеуметтік маңызы бар жобасы шеңберінде жұмыс жүргізеді. Қозғалыстың президенті айтып өткендей, аталған жоба шеңберінде біршама жұмыстар атқарылған. Еріктілер барлық аудандарды, бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындармен және жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, өзара түсіністікке қол жеткізіпті. Ол жиындарға дінтанушылар Зікірия Заманханұлы, Бахтияр Алпысбаев және ауыл имамдарының қатысуы, олардың дәстүрлі дінді дамыту тұрғысындағы сөздері көпшілікті жақсы әсерге бөлеген. Жаңатас қаласында өткізілген «Салафизмнің қатерлері» тақырыбындағы семинар да, «Дін саясатындағы жастардың рөлі» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысы, облыстық «Дін – қоғамдағы рухани күш» атты пікірсайыс турнирі де жоғары деңгейде өткен. Жалпы бұл шараларға мыңдаған ауыл және қала тұрғындары қатысқан. Тараз қаласындағы орта мектептердің оқушыларымен өткен кездесулерде де жастардың орынды алаңдаушылығын туғызып отырған мәселе өткір сөз болды. Қозғалыс жетекшісі алдағы уақыттарда да мұндай игі шараларды жүзеге асыруды жалғастыра беретінін, өткізілген жиындардың оң нәтижесі көрініс бергенін айтты. Мұнан соң сөз сөйлеген облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыпов діни радикализмнің алдын алу бағытында бірқатар мәселелердің бар екенін, оның түйінін тарқатуға осындай белсенді жұмыстардың оң ықпалы болатынын алға тартты.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».