Теміржолшылар футбол алаңшасын салып берді
Теміржолшылар футбол алаңшасын салып берді
Ақыртөбе стансасында бес мыңға жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындарының дені – теміржолшылар. Стансада шағын футбол алаңы ашылып, шаң қуып жүрген ауыл балаларын қуанышқа бөледі. Теміржолшылар футбол алаңшасына жарық тартып, су жеткізіп, сырлап берді. Ақыртөбе стансасының бастығы Ізбасар Үсіпбековтің айтуынша футбол алаңшасы бұрынғы стадионның орны екен. Дегенмен, алаңшаны заманауи үлгіде қайта жасақтау ауыл тұрғындарының көптен көкейінде жүрген. Бұл іс ауыл азаматы Анатай Қазмахановтың бастамасымен қолға алынып, жүзеге асты. Алдағы уақытта футбол алаңшасының маңынан волейбол және жаттығу алаңдары салынуы жоспарлануда. Яғни, аумақта спорттық кешен болады. Стансадағы шағын футбол алаңының ашылу салтанатына орай шағын футболдан жарыс өтіп, оған жеті команда қатысты. Ал теміржолшылардың демеушілігіне риза болған тұрғындар шағын футбол алаңының атын бірауыздан «Локомотив» деп атауға ұйғарым жасады.
Ерман Әбдиев, журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.