Қарабас баба құпиясы
Қарабас баба құпиясы
Бәйдібек бабаның ұрпақтарының бірі Қарабас өз заманында елін жаудан қорғауға атсалысқан ержүрек батыр болған екен. Ол менің бесінші атам болып келеді. Батырдың төртінші ұрпағы әкем Қарабас батырдың зиратын тауып, 1992 жылы ағайын-туыстарды ұйымдастырып, оның басына құлыптас орнатып, жатқан жерін қоршайды. Ұрпақтары батыр ата рухына адал малын сойып, қан шығарып, құран бағыштайды. Сол төңіректе көкпар тартады. Маңғыстау өңірінің әулиесі, батыры, көріпкел пір Бекет ата сияқты біздің атамыз да соғыстың көбін адам шығынынсыз өткізуге тырысатын.Оңтүстік-шығыс өңіріне орналасқан Қазақ елінің жеріне жау шапса, малын барымталап кетсе, жауынгерді дереу қол астына жиып алып жорыққа аттанатын. Жауды ел аумағынан шегеріп тастап, қолды болған малдарды жігіттердің алдына салып беріп өзі екі атына кезек-кезек мініп асықпай, саспай жалғыздан-жалғыз елге қарай бет алғанда артынан дұшпандары қуып жетіп, бірінен соң бірі ұшына темір қадаған шоқпарларымен атойлап атамызды құс желкеден кезек-кезек ұрады екен. Ондай соққыларды маса шаққан құрлы көрмеген. Артына да қарамай, не қашпай алып денесінің омырау тұсынан қан көрінбейінше былқ етпей жүре беретін болған. Ал бірақ ол кеудесінен сорғалай бастаған қанды көргенде «Тайт!» деп көтеріліп кетіп қолындағы сегіз өрім қамшысының ұшымен жаудың әр сарбазын бір-бір сабап өткенде олар бірінен соң бірі естерінен танып, аттарынан аударылып қала берген. Осындай сайыстар кезінде жалғыз өзі кей кездері тіпті елуден асқан аттылыны аударып кете барған. Соңыра әуендетіп, әндетіп ауылына қайтатын. Осындай жорықтардан кейін бір өзі бір бағлан қойдың етін жеп алып, жеті күн, жеті түн ұйықтайтын ерекше жаралған жан болған дейді көнекөз қариялар. Бірде көк орай шалғында шалқасынан ұйықтап жатқанда атамыздың кеуде тұсынан сұр жылан жорғалап бара жатады. Оның тастай суық денесінен сескеніп оянған батыр бір қолымен жыланның басынан, екінші бір қолымен құйрығынан шап беріп ұстап алып оны екі айырып, екі жаққа лақтырып жіберіп ұйқысын жалғастыра берген екен. Кезекті бір жорықта Қытай жерімен шекаралас Талқы деген жерде қатты жараланып Алмалының тау жағындағы бір төбеге келіп жатып көз жұмады. Қарабас батыр атамыз жерленген соң бейітінің жанынан қайнар бұлақ атылып шығады. Суы шипалы бастауды ел-жұрт «Қара бастау» деп атап кетеді. Көзі тірісінде атамыз алдына келген науқастарға үшкіріп дем салып, киелі қамшысымен ем жасайтын. Осыны білетін адамдар ауырған кездерінде атаның бейітіне барып оның рухына құран бағыштап, Алладан дерттеріне шипа сұрайтын. Жазды күндері Қара бастаудың суынан ішіп, сол маңайдың топырағына бірнеше күн аунап-қунап жатса, сауығып кететін болған. Әсіресе, сал аурулар, бедеу әйелдер көп барады. Бұл өңірге де Кеңес кезеңінде бір шолақ бастық сол маңайдағы суы жоқ бір ауылға атамыздың Қара бастауына құбыр жалғап су жеткізеді. Суға мәз-мейрам болғандардың қуанышы ұзаққа бармайды. Бір түнде тау жақтан алай-дүлей боран соғып, жаңбыр жауып, сел жүріп құдықтан тартылған жуан темір құбырлар быт-шыт болып жан-жаққа бытырап шашылып кетеді. Мұндай керемет құбылыстан сескенген адамдар киелі бұлақтың шипалы суын ластамай, тек ем ретінде ғана пайдалану керек екенін түсінеді. Ол жаққа бара қалсаңыз осы күнге дейін жан-жақта шашылып жатқан құбырларды көресіз. Жалпы болмысымнан өжет болсам да бейіт көрсем қатты қорқатынмын. Ондай жерлерден аулақ жүруге тырысатынмын. Үшінші мүшелге келгенімде бойымда емшілік қасиет оянды. Соны дәлелдеу үшін 1993 жылы Алматы қаласындағы Республикалық шаруашылық есептегі ғылыми-медициналық шығыс және қазіргі медицинасы орталығына сынақтан өтуге бардым. Қазақстанның кәсіби халық емшісі атағын алдым. Сол жылы әкем дүниеден озды. Біраз уақыт өткесін Қарабас батыр атам түсімде: «Балам, келіп басымды тазалап кет!», – деп аян берді. Ондай атақты, киелі, батыр адамның бейітін кімнің ластауға дәті барды екен деп қайран қалдым. Аянды кешіктірмей орындау керек деген ниетпен Жаркентке қарай бірде күзде, бірде қыста жол тартқаныммен Алматыдан ары кете алмай екі рет кері қайттым. Себебін түсінбей дал болдым. Бір күні 1994 жылдың көктемінде Бішкек қаласында тұратын нағашыларыма қонаққа барсам, әпкелерім қырғыздың бір қызы керемет көріпкел болыпты деп соған улап-шулап баруға жиналып жатты. Мен де барайын деп үстіме сырт киімімді кие бастап едім: – Тәйт, саған не бар? – деді бір нағашы әпкем. – Мейлі бармасам, бармай-ақ қояйын, – деп ем – Жарайды, жүрсең жүре ғой бізбен, – деп мені де ерте кетті. Ол көріпкел қызды үлкен жасқа келген кейуана қиын дертіме қандай ем алсам дұрыс болады деп үйіне шақыртқан екен. Пәтерге кіре беріп ем: – Бір топ аталарыңды ертіп ап сен не істеп жүрсің мұнда? – деп қабағын қатайтты. Мен үндемей төмен қарадым. Ол дереу түсі жылып кетіп, – Жарайды, ақыры кеп қапсың ана бөлмеде отыра тұр, – деді. Қолы босағасын мені қасына отырғызып алып бір уыс құмалағын шашып жіберіп: – Басына ақ тас орнатқан атаң шақырыпты ғой, неғып бармай жүрсің? – деді қабағы қайтадан қатуланып. – Екі рет жолға шығып Алматыдан ары кете алмай қалдым. Қашан, қалай барсам екен. Соны сұрай келдім, – деп ем, – 40 күн ішінде барып қайтасың, – деді. Көп ұзамай маусым айында жолға шықтым. Әкемнің жолын қуып химия-биология пәнінің мұғалімі болған өзімнен кейінгі інім Күнболат: – Әкеміздің бейітін қоршап, басына белгі қойып болған соң бір күн машина жөндеймін. Сосын алып барам. Ол жаққа жол алыс. Көлік дұрыс болмаса айдалада қалып қоюымыз мүмкін, – деді. Осы сөздерден уайымдаған мен ұйықтарымда Аллаға сыйынып, жолымызды болдыра көр, – деп тілек тіледім. Түсімде барар жолымызды көріп шықтым. Тек бір жерде аздап кідіріс болатын сияқты болып көрінді. Алғашқылардың бірі болып құран оқуды үйренген әкемнің ағасы Рамазан атаның үлкен ұлы Құрманғали (Құрмаш) ағаны ілестіріп, жеті шелпек құдайымызды пісіріп жолға шықтық. Жолда кездескен адамдардан сұрай-сұрай Қарабас батыр атамыздың бейітіне апаратын жалғыз сара жолға түстік. Түсімде көргендей бір жерде ғана суы сарқылған өзеннің құмына машинамыз кептеліп тұрып қалды. Ытқып-ытқып шыққан біздер машинаны итеріп, қайтадан жолға салып алдық. Жол-жөнекей жайқалған жайылымдарда малдарын бағып жүрген кісілерге кездесіп, амандасып хал-жай сұрасқанымызда, үлкен жастағы қариялар ата-бабаларымыздың тарихын бізден гөрі жақсы білетін болып шықты. Құран бағыштауға бара жатқанымызды естіп «Әп, бәрекелді», десіп қуанып жатты. Атамыздың менің түсіме кіріп шақырғанының себебін сонда жеткенде білдім. Сөйтсе ескерткіш орнатқан кезде, қоршаудың іші-сыртында алып барған зембіл, күрек, кетпен сияқты құрал-саймандар қалып қойыпты. Алыстан да, жақыннан да көзге оғаш көрініп жатты. Бейіт көрсем қорқа бастайтын басым: – «Біссміллә, ата, рұқсат етсең зиратыңды тазалауға келдім, – деп ем тұла бойымдағы, кеудемдегі, жүрегімдегі қорқыныш сезімдерден қас-қағым сәтте айықтым. Аллаға тәубе, содан бері бейіттерден қорықпаймын. Аманатты орындап болған соң құран оқып, бұлақтың суынан іштік. Үлкен ыдысымызды суға толтырып алдық. Енді қайтайық деп машинаға отырғанымыз сол еді көз алдыма ірі денелі, көзі оттай жанған, шашы, қасы мойылдай қап-қара, қысқалау келген сақал-мұртын жаңа ғана ұстарамен бастырғандай, ақ жейде мен ақ шалбар киген атам жолыма аппақ төсеніш төсеп, бетіме тіке қарап тұрып біраз жерге дейін шығарып салды. Бұл көрініс ешқашан көмескіленбейді. Қарабас батыр ата бақилық боларынан біраз уақыт бұрын түсінде: – Алладан бір тілек тіле, орындаймын, – деген дауыс естігенде: «Үрім-бұтақтарым қанша жыл қырғын соғыс болса да, ажал құшпай аман-есен жанұясына оралып, Алла берген жасына жетпей өмірден озбасын» деген тілек айтыпты. Атамыздың Ұлы Отан соғысына қатысқан ұрпақтарының біразы әртүрлі жарақаттар алса да, барлығы дерлік еліне оралып, ұзақ жыл өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақтарын жалғастырып келеді. Бұлақтан алған суымыздан жол-жөнекей сәлемдесуге кірген туыстарымызға ішкіздік. Қалған су екі-үш аптадай шыжыған күннің астында тұрса да дәмі ешбір өзгерген жоқ. Әдетте өзеннен не бұлақтан алған сулар үш-төрт күн ыстық жерде тұрып қалса борси бастайды ғой. Ал «Қара бастаудың» суы шынымен де шипалы, қасиетті екен. Бұл құбылысты химия-биология пәнінің мұғалімі болған анам Зуфнун былай деп түсіндірді: – Ол бұлақтың суында адамның ағзасына қажетті табиғи, химиялық элементтер бар.
Гүлдана Тоқбаева, Қазақстанның кәсіби халық емшісі.