Екі жылда 1208 азамат
Екі жылда 1208 азамат
«Нұр Отаннан» көмек сұрады
Нұрлан Несіпбеков, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Бүгінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы еліміздегі әлемдік деңгейдегі бағдары айқын және даму барысы дараланған шынайы демократиялық үдерістерге сай көшбасшы партияға айналды. Бұған Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауларында «Нұр Отан» партиясының жұмысына басымдық беріп, сенім артуы ықпал етуде. Соның арқасында партия қоғам тынысындағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге араласып, қажет кезінде шын мәнісінде халықтың жанынан табыла алды. Тек ірі аймақтардағы ғана емес «Нұр Отан» партиясына қарасты филиалдардың жұмысы қызу қарқынға ие. Соған сай партияның қоғамдағы рөлі де жоғары. Біздің аудандық филиалдың да тұрғындармен байланысы етене. Азаматтардың талап-тілектері, шағымдары мен мұң-мұқтаждары дер кезінде ескеріліп, көптеген мәселелердің түйінін тарқатуға тырысамыз. Тұрғындар сеніміне ие болуға жиі ұйымдастырылатын партияның қоғамдық қабылдауларының әсері көп десек, артық айтқандық емес. 2015-2016 жылдары партияның аудандық филиалында 422 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1208 азаматтың арыз-шағымы тыңдалды. Былтыр партия аудандық филиалы төрағасының атына 65 жазбаша өтініш түсті. Өтініш иелеріне хат арқылы жауап берілді. Биылғы түскен 37 өтініш те толық қанағаттандырылды. Қоғамдық қабылдаулар облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының, мемлекеттік мекеме басшыларының, құқық қорғау органдары, партиялық бақылау комиссиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтіп, қабылдаулардың орны мен уақыты туралы ақпарат аудандық газет бетінде тұрақты жарияланып тұрады. Аудандық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Мәден Мұсаев ай сайын екі рет тұрғындарды қабылдайды. Аудан прокуроры да бекітілген кестеге сәйкес ауылдық округтерде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп тұрады. Біз қазіргі заман талабына сай тұрғындармен «Skype» арқылы байланысқа шығуды қолға алдық. Шалғай елді мекендердегі ауыл тұрғындарын «Қазпошта» АҚ бөлімдері арқылы онлайн режімде қабылдаулар ұйымдастырамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін партия 17 жыл ішінде халықтың сеніміне ие болды. Аудан тұрғындарының партия филиалдарына келіп, түйткілді мәселенің шешімін табуға көмек сұрауы, біздің «2015 жылдың ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанып, партия Төрағасының бірінші орынбасары А. Мырзахметовтің қолынан ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталуымыз – соның бір көрінісі.
Жамбыл ауданы.