Маусымда күн құбылмалы болады
Маусымда күн құбылмалы болады
Көктемде күн салқындау болды. Содан шығар жұртшылық жазды асыға күтті. Маусымда күн райы қандай болады, жаймашуақ жаздың шарапатын сезіне аламыз ба? «Қазгидромет» орталығы облыстық филиалының болжамы бойынша, маусым айында ауаның орташа айлық температурасы 21-25 градус жылы болады деп күтілуде.
Айдың бірінші онкүндігінде ауаның температурасы түнде 13-18 градустан 8-13 градус жылыға дейін, күндіз 26-31 градус жылылықтан, кей жерлерде 20-25 градусқа дейін ауытқуы мүмкін. Екінші онкүндікте ауаның температурасы біршама жылына түседі. Мәселен, күндіз 26-31 градус жылыдан 31-36 градус ыстыққа дейін көтеріледі. Ал, үшінші онкүндікте температура түнде 13-18 градустан 19-24 градус жылыға дейін, күндіз 26-31 жылыдан 31-36 градус ыстыққа дейін құбылады. Ай бойына жауын-шашын қалыптағы мөлшерден жоғары болады деп болжануда (мөлшер шамасы: 11-32 миллиметр, таулы және тау бөктерлі аудандарда 60-65 миллиметрге дейін). Әрбір онкүндіктің басында кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Тіпті, кей аймақтарда бұршақ жауады. Бірінші онкүндіктің және үшінші онкүндіктің ортасына қарай кей жерлерде батыс бағытынан, бірінші онкүндіктің соңында кей жерлерде оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс бағытынан соғатын жел солтүстік-шығыс бағытына қарай ығысып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».