СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ІС
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ІС
Сембек Сейдәзімов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы.
Ел Президенті Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жемқорлыққа қарсы күштердің «Нұр Отан» партиясы маңына топтасу қажет екенін баса айтты. Мемлекеттің дамуына кері әсер ететін дертке қарсы күресте – қоғам бірігуі керек-ақ. Бұл ретте халықтың қолдауына ие болған көшбасшы партияның тізгінді қолға алуы көпшіліктің көңілінен шығады. Құрамындағы 90 мүшесінің 30-ы мәслихаттар депутаттары болып табылатын партия облыстық және аумақтық филиалдары жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің құрылуына түрткі болған негізгі себеп осы. Бүгінде облыстық филиал жанындағы қоғамдық кеңес есепті кезеңде 117 отырыс, әртүрлі форматта 104 ақпараттық-насихаттық іс-шара өткізіп, 46 мекеме басшысының есептерін тыңдады. Мемлекеттік қызмет ашықтығын көрсетуді діттеген «Өзіңнен баста!» атты науқан аясында 656 лауазым иесі өздерінің қаражат кірістері туралы жұртшылықты құлағдар етті. Интернет ресурстары арқылы барлық аудандық ауруханаларда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде бөлінген қаржы, дәрілік құралдардың көлемі, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда осы ұйымдарға жөндеу мен тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алуға бөлінген қаржының жұмсалуы жөніндегі ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілді.Тұрақты бақылаудың арқасында облыстық, қалалық және аудандық соттар ғимараттары мәжіліс залдарының аудио-бейнежазу құралдармен жабдықталуы 97 пайызды құрады. Партияның «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» жобасы, оның ішінде «Тоқта, қылмыс!», «Қауіпсіз аула» акциялары аясында 306 іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш жоба аясында адал еңбек пен еңбек династияларын насихаттауға бағытталған 66 шара, мемлекет тарапынан берілетін рұқсаттар және әлеуметтік маңызды қызметтер көрсетудің электронды нысанға көшірілуіне байланысты мемлекеттік қызметтердің іске асырылуын зерттеу бойынша 16 іс-шара өткізілді. Қоғамдық кеңестер мүшелері бастауыш партия ұйымдарымен бірлесе отырып, 277 рет тұрғындармен кездесу өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Сыбайластық әрекетке жетелейтін қадамдарға тосқауыл қою мақсатында «нұротандықтар» қолға алған шаралардың бірі – «Таза сессия» акциясы. Бұл акция бүгінде оқу орындарындағы жемқорлық көріністерін алдын алудағы маңызды бастамаға айналған. Студенттер арасында бүркенішті сауалнамалар жүргізіліп, оның қорытындылары қоғамдық кеңес отырыстарында қаралып, оқу орны басшыларының назарына жеткізілуде. Партия жұмысының нәтижелі болуы бірлескен іс-қимылдарға тікелей байланысты. Сондықтан, қоғамдық кеңестер сыбайлас жемқорлық дертінің алдын алуда барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Сол үшін бақылау-қадағалау, құқық қорғау органдары, бұқаралық ақпарат құралдары және бірқатар қоғамдық бірлестіктермен өзара ықпалдастық туралы 17 меморандум жасалынған. Жүйелі жүргізілген кешенді іс-шаралардың арқасында есепті кезеңде бірқатар салаларда (білім, мемлекеттік кірістер т.с.с.) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деңгейі біршама төмендегені байқалады. Десек те, жергілікті атқару органдарындағы, атап айтқанда денсаулық сақтау саласының жекелеген лауазым иелері тарапынан пара алу фактілері орын алды. Қоғамдық кеңестер алдағы уақытта партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру үшін өз жұмысын осы саладағы «Жол картасына» сәйкес ұйымдастырып, жемқорлықтың салдарымен күресуге емес, оларды туғызатын себептер мен шарттарды анықтауға баса назар аударатын болады. Себебі, жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың алдын алу арқылы мемлекетке аса қауіпті қоғамдық дертті туғызатын салдарларды жоюға күш салудың мәні зор.