Саясат

Бізге артылған сенім зор

Бізге артылған сенім зор

Қанатбек Арыстанбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. «Нұр Отан» әр кезеңдегі сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Қазір біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы қарсаңында жариялаған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық.» Сайлауалды бағдарламасын орындауға күш салудамыз. Құландықтар биыл еліміздегі ең бір маңызды саяси кезеңді өткізуге үлестерін қосты. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясы еліміз бойынша 82,15 пайызға ие болса, аудан бойынша 83,6 пайыз дауыс берілді. Облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттығына партия атынан ұсынылған кандидаттар жоғары деңгейде дауыс жинап, мәслихат депутаты атанды. Бұл – халықтың «Нұр Отанға» артқан сенімі. Біз бүгінде елімізді жаңарту стратегиясын іске асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Себебі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруда партия мүшелеріне үлкен сенім артып отыр. Ал еліміздің жетекші саяси күші – «Нұр Отан» партиясы әрбір аймақта, елді мекенде және ауылда қоғаммен жұмыс істейтін жергілікті бөлімшелердің тармақталған желісіне арқа сүйейді. Сондықтан, қазіргі уақытта партиямыздың аумақтық филиалын, әсіресе, бастауыш партия ұйымдарын нығайту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – партия аудандық филиалының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі. Бүгінгі күні ауданымыздағы бастауыш партия ұйымдарында кабинеттер ашылып, жұмыс жасауға қажетті құралдармен жабдықталды. Бұл қадам бастауыш партия ұйымдарының үлкен ықыласпен жұмыс істеп, ізгі істердің бастамашысы болуына ықпалын тигізуде. Бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жандандыру мақсатында «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауын өткізу дәстүрге айналды. «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы биыл ауданымызда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, облыс тарапынан «жақсы» деген бағаға ие болды. «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауында 2015 жылы «Қорағаты», «Рельс дәнекерлеу кәсіпорны» бастауыш ұйымдары үздік деп танылып, облыстық байқауға қатысса, биыл аудандық байқауға 28 бастауыш партия ұйымы қатысып, І санат бойынша І орынды «Әбілхайыр», ІІ орынды «Қазақтелеком», ІІІ орынды «Көкдөнен» бастауыш партия ұйымдары иеленсе, ІІ санат бойынша І орынды «Каменка», ІІ орынды «Тереңөзек», ІІІ орынды «Құлан» бастауыш партия ұйымдары иеленіп, бағалы сыйлықтар табыс етіліп, 22 бастауыш партия ұйымы Алғыс хаттармен марапатталды. «Нұр Отан» партиясының Жарғысына сәйкес әрбір 2 жылда бір рет бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау конференциялары өткізіліп тұрады. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары 10 қазан мен 28 қазан аралығында өткізілді. Бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарына есепте тұрған 5383 партия мүшелерінің 4582-сі қатысты. Бұл партия мүшелерінің 85,1 пайызын құрайды. Т.Рысқұлов ауданы.