Экономика

Өсірілген өнім ысырап болған жоқ

Өсірілген өнім ысырап болған жоқ

img_1772

 Биылғы жылға еш өкпеміз жоқ. Жерден өндірілер өнімнің ылғалдан да, күн шуағынан да, аялы күтімнен де еш кемдік көрмегені белгілі. Ел ырғын өнімге, берекеге кенелді. Ең бастысы, масақты, шашақты, дәнді, майлы, бау-бақша дақылдарының өнімдері жерде қалдырылмай, үсікке ұрындырылмай, еш шашаусыз, күтілген деңгейде жиналып алынды. Барлық дақылдар түрі көрсеткішінде егістік көлемі, өнімділігі тұрғысынан былтырғыдан едәуір өсу, ілгерілеу бар. – Жиын-терін жұмыстары барлық өнімдердің әбден пісіп-жетілген жағдайында жүзеге асырылды. Рас, жауын-шашынның шамадан тыс мол болуы, арпа, бидайдың дәні толысып, ауырлап, жапырылып қалуы кейбір жерлерде шөп, егін ору ісіне кедергі де келтірді. Науқанды істің кешеуілдеуі де орын алды. Дегенмен, егінші, диқандардың ерен еңбегінің арқасында барлық жұмыстар сәтімен үйлестірілді. Жерден өнген өнім жерде қалдырылған жоқ, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов. Оның айтуынша, биыл облыс бойынша ақ егістің орташа түсімі гектарына 23,5 центнерден айналған. Бұл – өңірімізде соңғы он жылда болмаған зор жетістік. Барлығы 584668 тонна масақты дәнді дақыл өнімі қамбаға түскен. Сондай-ақ, 1 466 177 тонна қыстық мал азықтық шөп жиналды. Мұның өзі малшылардың қыстан қысыла қоймайтынының кепілі екені анық. Дәнді жүгерінің әр гектарынан 62,9 центнерден орташа өнім алынып отыр. Осы орайда, арпа мен жүгері бағаларының шамалас екенін, екеуі де мал жемі үшін өсірілетінін де айта кеткен жөн. Биыл жүгерілік алқаптарынан барлығы 90 992 тонна өнім жиналып, жем қорын толықтырған. Облыста 27 303, 5 гектарға, өсірілген көкөніс өнімдері де толық жиналып алыныпты. Жалпы түсім 711 926 тоннаны құрайды. Оның ішінде 14 мың гектардан астам алқапта өсірілген пияздың әр гектарынан ауылдық тауар өндірушілер су үнемдеу технологиясын тиімді қолданудың арқасында бірқатар алқаптардың әр гектарынан 100 тоннаның үстінде өнім жинаған. Бүгінде оның бір торқалтасы тұтынушыларға 400-500 теңгеден өткерілуде. Сонда бір килосы бар-жоғы 18 теңге ғана болады. Өзімізден артылғаны Ресей, Тәжікстан секілді жақын шетелдерге де көптеп жөнелтілгенін білеміз. Атап өтерлігі, бұл өнім түрін ұзағырақ сақтауға да болады. Картоп, сәбіз секілді тез бұзылмайды. Дейтұрғанмен, мамандар биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлығы да кондициясына жеткізіліп барып жиналып алынғандықтан, сапалы, қыста сақтауға да жарамды күйде екенін айтады. Әсіресе, олардың жергілікті жерде көптеп өндірілуі бағасының бұрнағыдан едәуір төмендеп, қолжетімді бола түсуіне әрі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуіне де зор септігін тигізе бастағаны байқалуда. Өңіріміздегі картоп егістігінің көлемі биыл 8792 гектарға жеткізілгені белгілі. Қордай ауданы оның 2550, 6, Жуалы 2150 гектарлық үлесіне ие. Әсіресе, соңғы аталған ауданның «екінші нанды» егіп-өсіру ісіне бейімделгенін, едәуір тәжірибе жинақтағанын, арнайы ауыл шаруашылығы техникалары да сайма-сай екенін атап өту ләзім. Қордайдыкіне қарағанда, Жуалы картобы қыста сақтауға жарамдылығымен де, бағасы арзандығымен де ерекшеленеді. Оларда сақтау қоймалары да жеткілікті. Бұл өнім түрі бойынша облыста жалпы түсім 194094 тонна болды. Тағы бір атап өтерлік жай, өңірдің егіншілік мәдениеті қызылша дақылы енгізілуімен байытыла түсті. Биыл ол барлығы 5323 гектарға егіліп өсірілді. «Бұрын оның көлемі 16-17 мың гектарға дейін жеткізілген. Соның үштен біріндей алқапты игеріп отырмыз. Бүгінгі күні жалпы өнімі 121520 тоннаны құрап отыр. Оның 70 мың тоннаға жуығы қант зауытына өткерілген. Егістік басына жиналып қойылғаны, балтамырды көп көлемде еккен Жамбыл ауданындағы «ЖамбылАгро», Байзақ ауданындағы «Талап», «АстанаАгро», «Ниет» секілді шаруашылықтар иеліктеріндегі 200 гектардың ар жақ, бер жағындағы алқаптарда әлі қазылып алынбағаны бар, 3,3 пайызы ғана жерде қалып тұр» дейді Ш. Момынқұлов. Биыл балтамыр өсіру ісін өңіріміздің 7 ауданы қолға алған-ды. Гектар қайтарымының әрқалай болуы аудандар жерінің ерекшеліктерін ғана емес, айрықша бап тілейтін балтамырға тиісінше күтім жасалуы, жаңа технологиялар қолданылуы басты рөл атқаратынын дәлелдеп, біршама тәжірибе де жинақталған сыңайлы. Бұл тұрғыда гектар қайтарымын меркіліктер – 307, 9, қордайлықтар – 287, жуалылықтар 252,1 центнерге жеткізіп, алдыңғы «үштіктен» көрініп отыр екен. Облыс бойынша әр гектардан орташа жалпы түсім 228,3, оның ішінде Байзақта – 225, Жамбылда – 213, Шуда – 159,6, Т. Рысқұловта 155 центнер көлемінде. Айта кету керек, Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қант зауыттары қазір де кеңестік кезеңдегі қуаттылығында жұмыс істейді, яғни олардың әрқайсысы 300 мың тонна қант шикізатын өңдеп, өнім өндіру әлеуетіне ие. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары басты шикізаттың тапшылығына – қант қызылшасы өсірілмеуіне байланысты екеуі де шетелден әкелінетін қант құрағын өңдеуге бейімделіп, қайта жарақтандырылған-ды. Тек Меркіде қант қызылшасын өңдеудің мүмкіндігі бар. Сондықтан да тәтті түбір тасқыны Таразда қабылданып, Меркіге жөнелтіледі. Бұл өнімнің әр келісі үшін зауыт әкімшілігі шаруаларға 17 теңгеден төлейді, ал мемлекет тарапынан әр гектары 50 мың теңгеден субсидияланады. Одан бөлек шаруашылықтар өткізген қызылшаның әр тоннасына 2,5 мың теңгеден тағы да қосымша ақы төленеді. Қант зауыттарының басшылары олармен жыл аяғына дейін толық есептесіп үлгеретінін де айтуда. Өткерілген өнім үшін төлемақы келер жылға қалдырылмайды. Алғашқы тәтті түбір танаптарының пайда болуы жергілікті тұрғындар үшін әрі жұмыс, әрі қосымша табыс көзі де болды. Мамандар бір ғана «Талап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі қызылша қазығына 400-дей адам күші жұмылдырылғанын айтады. Жалпы, облыс бойынша бұл іске 1600-ге жуық жергілікті азаматтар тартылған. Олар өздерінің атқаратын жұмыстарының ауыр-жеңіліне қарай күндігіне 2-3 мың теңге көлемінде қолма-қол ақы да алғанын ескерсек, осынау игілікті істің қаншама отбасының берекесін кіргізіп, табысын тасытқанын байқау да қиын емес. Содан да болар, қызылша егістігі көлемін біртіндеп ұлғайту мәселесіне деген жергілікті тұрғындардың көзқарасы жақсы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары берекелі істі одан әрі жалғастыруға айрықша ынталылық танытуда. «Берекені көктен емес, бірлікті ынтымағы жарасқан көптен ізде» деген, сірә, осы болар!

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».