Спорт және туризм

Асық атудан алдамыз

Асық атудан алдамыз

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып «Тараз-Арена» спорт сарайында асық атудан және командалық «Ордабасы» ойынынан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Турнир алдында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық спорт түрлері және спортта мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев пен «Асық ату» республикалық федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Олар асық ату секілді ұлттық ойын мен «Ордабасы» ойынының мән-мазмұны жөнінде журналистерге кеңінен әңгімеледі. Мұнан соң жарыс басталып кетті. Екі күн бойы «Тараз-Аренаны» дүбірге бөлеген жарыстың қызығы мен тартысты сәттері аз болған жоқ. Жарыс асық атудың алшы, бестабан, бес асық (шекемтас) түрлері бойынша өтті. Асық ату жарысында жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті. Олар шешуші сәтте Астана қаласының құрамасынан айласын асырды. Бұл ретте жамбылдық команда сапында Сәлімжан Ғалымжанұлы, Берсұлтан Кемпірбай, Нұрболат Асанқұлов және қыздар арасында Аруна Тұрсынбек өте сәтті өнер көрсетті. Осылайша, көрермендер қызыға тамашалаған асық ату ойынында жерлестеріміз жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Екінші орынды Астана қаласының, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысының құрамалары иеленді. «Ордабасы» ойынына да қызығушылық танытатын жасөспірімдердің көбейіп келе жатқаны байқалды. Дегенмен, жамбылдықтар командалық есепте жеңістің биік тұғырынан көрінді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».