Мәдениет

Ән салсаң,Алтекеңше сал әуелетіп

Ән салсаң,Алтекеңше сал әуелетіп

әйгілі әнші, термеші Алтынбек Оразбеков атындағы облыстық байқау жұртты бір топ жаңа таланттармен таныстырды

Өнерін қадірлеген ұлт ұзақ жасайды. Халқын өзгелерден ерекшелеп, қасиетін арттыратын – оның  мәдениеті, дәстүрлі ән-жыры. Еліміз тәуелсіздігін алған ширек ғасыр уақытта өзінің осы бір болмыс-бітімімен қайта қауышты. 

Ән әлемінде табиғи талантымен, шынайы дарынымен ерекшеленіп, кезінде өнерсүйер жұртшылықтың ыстық ілтипаты мен сүйіспеншілігіне бөленген, Талас ауданының тумасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші, термеші Алтынбек Оразбековтің 75 жылдығына орай оның шығармашылығымен жұртты қайта қауыштыру мақсатында өткізілген өнер аламанын тамашалаушылардың қарасы көп болды. Ұлбике ақын атындағы Мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер жұртшылық алдымен «Қазақстан-Тараз» телеарнасы дайындаған, Алтынбек Оразбековтің шығармашылығына арналған «Алтыннан ардақты» деп аталатын деректі фильмді тамашалады. Деректі фильм жоғары деңгейде шығыпты. Көрермендер дарынды әншінің жанды даусымен айтқан әндерін, термелерін тыңдап, Алтынбегін қайта көргендей әсерге бөленді. Таластықтарды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев құттықтап, байқауға қатысушыларға ақ жол тіледі. «Шашу» тобының бишілері алдымен мың бұрала би биледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген бастаған қазылар алқасы 20 үміткердің өнеріне төрелік етті. Алдымен термешілер сынға түсті. Ә дегеннен жамбылдық Нұрлыбек Таласбаев халық термесін тебірене орындаса, жуалылық Мәлік Мықтыбеков, Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы Қайрат Байсариев, меркілік Бағлан Шубаев тыңдарманның көңіліне жол тапты. Әсіресе, тараздық Ерлан Ибаділдаевтің Манарбектің «Сайра бұлбұлын» еркін, мәтінді бұзбай, жоғары деңгейде орындауы байқаудың ажарын ашты. Он алты жасар таластық жас әнші Нұржан Мәуленнің Кененнің «Тік шаппа» термесін келістіре орындауы да көпке қол соққызды. Сәбит Мұхамедяровтың «Махамбеттің термесін» екпіндете шырқауы да сәтті шықты деуге болады. Бір қызығы, терме мен дәстүрлі әндерді орындауда әншілердің көбісі Майлықожаның термесін әртүрлі мақамда орындауы қазылар алқасын ойландырғаны анық. Әттең, Алтынбек орындаған «Шама», «Смет», «Қанатталды» секілді шығармаларды шырқауға талапкерлердің тәуекел етпегені өкінішті. Байқауда сөз алған облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-бас редакторы, Талас ауданының Құрметті азаматы Көсемәлі Сәттібайұлы көзден таса, көңілден ұмыт бола бастаған ерекше дарын иесі Алтынбек Оразбеков жайлы естеліктерімен бөлісіп, осы бір ән әлемінің саңлағын еске түсіру жайлы облыстық «Ақ жол» газетінде мәселе көтеріп, ұсыныс жасағандықтарын тілге тиек етті. Енді міне, соның нәтижесінде ән мерекесі өтіп, халық тойына айналғанына қуанышын білдірді. Талас ауданының Құрметті азаматы Батырбек Құлекеевтің «Қазақтың дәстүрлі ән-жырынан, термесінен жиі байқаулар өткізілсе, қазақ мәдениетінің жұлдызы жарқырайды, Алтынбектің ізбасарлары көбейеді» деуі де орынды ұсыныс. Дәстүрлі әндерді орындау барысында да жұртшылық жаңа таланттарды таныды. Ұлттық өнердің өрісі кеңейіп, тыңдаушысын тапқандай болды. Мұнда да құлақтың құрышын қандырған әндер орындалды. Ең бастысы жыршы-термешілердің үлкен шоғыры өсіп келе жатқанына куә болдық. Олардың арасында Гүлнар Кәшкеева, Салтанат Бекмаханбетова сияқты қыздарымыздың бар екеніне қуандық. Ән байқауы әділ-қазылар алқасының шешімімен қорытындыланды. Өнер аламанына қатысқан 9 өнерпаз ұйымдастырушылардың Алғыс хаты және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Ынталандыру сыйлықтарын тараздық Айбек Қарасаев, шулық Бағдат Рланов, жуалылық Мәлік Мықтыбеков, тараздық Әділет Әбдікәрімов иеленсе, үшінші орын қордайлық Қуаныш Ахметов, меркілік Бағлан Шубаевқа, екінші орын шулық Ербосын Қасымбеков, тараздық Сәбит Мұхамедяровқа бұйырды. Бірінші орынды таластық жас пері Нұржан Мәулен жеңіп алса, бас жүлдені тараздық Ерлан Ибаділдаев қанжығасына байлап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз алып, қазақ халқының таланттарға кенде емес екендігін, оларды еске алып, ұлықтау арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсетінімізді атап өтті. Ал Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы өз естелігімен бөлісті. Белгілі әнші Асылхан Шүңіреков байқауларды жиі өткізу арқылы ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталатынын айтса, Алтынбектің шәкірті, белгілі әнші Дүйсенбек Өмірәлиев қазақтың дәстүрлі әндерін орындайтын жастардың көбейе беретініне сенетінін білдірді. Сөз соңында бір ақжолтай хабармен бөліскенді жөн көрік. Талас ауданының әкімі Б.Рысмендиев Қаратау қаласындағы бір көшеге А.Оразбековтің есімін беру турасында облыстық ономастикалық комиссияға ұсыныс берілетіндігін жария етті.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.