«Ұлы дала ұлысым!»
«Ұлы дала ұлысым!»
Егемендіктің ширек ғасырына арналған концертте әсем әндер әуеледі
1968 жылы іргесі қаланған облыстық филармонияда ә дегенде 12 адамнан тұратын «Қарлығаш» ансамблі құрылды. Белгілі маман Асқар Тұрғымбаев жетекшілік еткен ансамбль өнері көпті тәнті еткен болатын. Кейіннен облыстық филармонияның жұмысы жылдар жылыстаған сайын жандана түсті. Еліміздің әр өңірлерінде, шет елдерге гастрольдік сапармен болған филармония ұжымында талай талантты әншілер еңбек етті. Оның өзі – бір тарих. Таяуда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында филармония ұжымы «Ұлы дала ұлысым!» атты концерт берді. Мерекелік шара барысында филармония әншілері елдікті, жасампаз ерлікті ән қанатында қалықтатып қана қоймай, дәстүрлі әндерді, жергілікті композиторлардың туындыларын да көрермен назарына ұсынды. Концерт барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтарбай Рахманқұловтың жетекшілік етуімен ұлт-аспаптар оркестрі Әбдімомын Желдібаевтың «Шабыт» туындысын орындады. Шона Смаханұлының сөзіне жазылған Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» әнін Жанатбек Кәдіров, Сағадат Мырзақұлова дуэті, халық әні «Ахау керімді» Рәзия Мәдіханова, «Жалт-жұлт еткен дүние» әнін Оңал Азаматова, «Мереке» әнін «Назар» дуэті, орыс әндерінен поппуриді Анна Вундер нақышына келтіріп орындаса, әнмен әдіптелген кештің мәресінде Мейіржан Самылтыров, Жанна Асанқұлова, Әсел Уәшева «Қазағым, қасиетіңнен айналайын» әнін шарықтата шырқады. Ән әуелеп, күй күмбірлеген концерт барысында ел Тәуелсіздігіне арналған туындылар да орындалды. «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақ кербез» би ансамблі де өз өнерлерімен көпшіліктің ризашылығына бөленді. Бұл күні «Баласағұнға» жиналған көрермен филармония өнерпаздарының өнеріне тәнті болып, алғыстарын білдірді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».