Саясат

Тәуелсіздік тірегі – Татулық

Тәуелсіздік тірегі – Татулық

 Өңір басшысы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті XIX сессиясы өтті. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Достық» үйінде болған шара «Қазақстан Тәуелсіздігі: келісім мен бірліктің 25 жылы» тақырыбына арналды. Оған Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестік жетекшілері, қала, аудан әкімдері, облыс және аудандық мәслихат хатшылары, мекеме, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

img_0982 img_1043– Құрметті сессияға қатысушылар! Биылғы жыл қоғамдық маңызы бар елеулі оқиғаларға толы болды. Конституцияға негізделген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын абыройлы түрде өткіздік. Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейбітшілік Манифесі әлемдік деңгейдегі ресми емес құжат мәртебесін алды. Еліміздің болашағын баянды ететін «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды. Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылдық шежіресі осындай маңызды оқиғалармен еселенді. Бұл – Елбасының өлшеусіз еңбегінің жемісі, еліміздің жетістігі.

Құрметті облыстық ассамблея мүшелері! Қадірлі қонақтар! Бір айдан соң барша қазақстандықтар ең қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Тәуелсіздіктің бағасын біз барлығымыз білеміз. Елбасы көрсеткен тура жолмен талай асулардан өттік. Кедергілерге мойынсұнбай, кері шегінген жоқпыз. Ұлтымызға тән ұлықтық пен ұйысқан елдің берекесін көрсете білдік. Қасиетті қазақ жері тағдырдың түрлі тәлкегімен тоғысқан этностар үшін құтты мекен болды. Ұлы Дала елі оттан ыстық Отанына айналды. Жас мемлекетіміздің мерейлі 25 жылы ішінде біз Елбасымен бірге ұлы жолды жүріп өттік. Еңселі мемлекет атанып, кемеңгер Көшбасшысы бар табысты елдердің қатарына ендік. Елуліктің межесін еңсеріп, отыздыққа қарай қадам бастық. Бұның барлығы – мақсаты мен мүддесі ортақ арнаға тоғысқан, бірлігі жарасқан халқы бар, Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі. Басымызға қонған бақ құсын бағалай білейік. Тәуелсіз ел болуды аңсаған ата-бабалардың орындалған арманын ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуіміз қажет. Біздің күшіміз – бірлікте, қуатымыз – халқымызда! «Мәңгілік Елдің» жеті тұғырын әрдайым құрмет тұтып, оларды нығайту – ортақ парызымыз. Барлығыңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ынтымағы жарасқан еліміздің абыройы арта берсін, – деген Кәрім Нәсбекұлы Тәуелсіздік жылдарында облысымыз экономикалық-әлеуметтік, спорт пен мәдениет салаларында толайым табыстарға қол жеткізгенін, ауыз толтырып айтарлықтай өсу мен өркендеуді бастан кешіргенін мақтанышпен айтты. Жемісті де жеңісті жетістіктердің барлығы да еліміздегі, облыстағы берік орныққан татулық пен бірліктің, достық пен ынтымақтың арқасы екенін ерекше айтып өткен өңір басшысы ағымдағы жылы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткен игі шаралардың мән-мазмұнына тоқталды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде өңірдегі түрлі ұлттардың бірлігін сақтап, татулығын нығайту жолында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер қауымы мен Тәуелсіздік жылдарында елеулі еңбек етіп келе жатқан облыс аумағындағы ірі кәсіпорын басшыларын, өз шаруасын шалқыта отырып, ел экономикасының дамуына екпін қосып отырған өзге ұлт өкілдері мен жеке кәсіпкерлердің де есімін ерекше құрметпен атап өтті. Бұдан соң жарыссөз кезегінде сөз алған шешендер еліміздегі ұлтаралық татулықтың нәтижелі түрде сақталып, Қазақстан баршаға ортақ Отан, жылы ұя, қамқоршы болып отырғанын тебірене жеткізді. Айталық, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы өз сөзінде азаттықтың ақ таңы атқалы Қазақстан бірлік пен келісімді дамытудың жаңа сатысына көтерілгенін жеткізді. – Біздің бұл бағыттағы жемісті жұмыстарымыз 2025 жылға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының даму және қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту тұжырымдамаларын қабылдауымыздан көрінеді. Тұжырымдамаларда Елбасының Бес институционалдық реформасы аясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, азаматтық приципке негізделген біртектілік пен бірлікті нығайту ең басты міндет ретінде көрсетілген. Қазақстанда түрлі мәдениеттер мен өркениеттер бейбіт қатар өмір сүруінің бай тарихи тәжірибесі жинақталған. Бұл өз кезегінде халықтың бойында ортақ құндылықтар бағдарлары мен этносаралық және конфессияаралық келісім мен сыйластыққа негізделген төзімділік атмосферасын қалыптастырды. Міне, Елбасымыз Қазақстанның этномәдени және діни көптүрлілігі – еліміздің ортақ жетістігі мен зор байлығы екендігін үнемі атап көрсетіп отыр, – деді А.Абдуалы. Ал Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев аудандағы халықтың 47 пайызы өзге ұлт өкілдері екенін, олардың достық қарым-қатынасы мен ынтымағы жарасып, өңірдің дамуына барлығы біркісідей атсалысып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Аналар кеңесінің мүшесі Әлия Кебегенова өзінің көп ұлтты балалардың анасы атанғанын мақтанышпен жеткізді. – Жолдасым Ғалым Арыстанбаев екеуміз өзіміздің үш перзентімізбен қатар, балалар мектеп-интернатынан бес баланы бауырымызға басып, тәрбиелеп отырмыз. Бесеуі бес түрлі ұлттың өкілі болса да, бүлдіршіндер қазір бір атаның баласындай бауырмал, сыйлас болып өсіп келеді. Бізді әке, ана деп атайды. Біз де оларды өз балаларымыздай жақсы көреміз, – деді жас көп балалы ана ағынан жарыла. Тәуелсіздік құрдасы, татар ұлтының өкілі Риналь Рахматуллиннің жүрекжарды сөздері де көпшілікті тебірентті. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясына мүшелікке кандидаттар тізімі мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы мен құрамы бекітілді. Басқосу соңында халықтар достығы мен татулықтың жолында, бірлік пен ынтымақты арттыру мақсатында аянбай еңбек етіп, мемлекеттік саясатты жүргізуге атсалысып жүрген бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.