«Эмигрант»
«Эмигрант»
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
«Я – человек не этого времени».
Болат Окуджава
«Адамның екі мақсаты бар, бірі – өмірге келу, екіншісі – кету. Арасындағының бәрі алданыш. Келгеніңнің қызығы бітті-ау дегенде адамның кете салғаны да жөн шығар».
Асқар Сүлейменов
Болат Окуджава болса әлгі сөзді биыл 1996 жылдың жазында, ауруханада жатып айтты, ал, Сіздің мына сөзді қашан айтқаныңыз есімде жоқ, есімдегі сол – бұл сөзді ылғи айтатынсыз. Біз күлетінбіз. Е-е, Асеке, сіз не айтпадыңыз! Қаншама күндер, қаншама түндер бірге өтпеді, сол сәттерде біз қандай тақырыпқа бармадық, қандай сөздер төгілмеді! Саясат, әдебиет, таным, талғам, кісілік, кішілік, дос, жолдас, қызмет, ағайын-туыс, адалдық, харамдық, өзге ұлттар және қазақ, өнер, спорт, әйел т.б. толып-толып жатқан тақырыптар бізден артылды ма? Сіз туралы жазу, құданың құдіреті, сіз көз жұмбай тұрып-ақ ойыма келген еді. Аяқ астынан сіз ана жаққа «кетіп» қалдыңыз. Әні-міне деп жүргенде сіздің асыңыз да өтті. Жазамын деген оймен әлі жүрмін, оның үстіне Әлия да қайта-қайта телефон соғып, кездескен сайын ұялатын болдым. Сізді қойшы, сіз күтесіз ғой, тіпті ешкім ештеңе жазбай қойса да, енді Сізге бәрібір. Қолыма қағаз, қалам алып талай рет жазуға отырдым, бірақ, қазақтың жөні түзу бір сөзі қалам-қармағыма ілінсеші! Тіпті, қаппайды да. «Асқар Сүлейменов» деген есік құлыптаулы. Қолымда бір буда кілт бар, соның біреуі дәл келмей-ақ қойды. Бастаймын – ұнамайды, сонан соң тұрып кетемін. Тағы отырып, екі-үш бет тағы жазамын. Қағаздан басымды көтерсем, Сіз қарап тұрасыз. Әрине, Сізге ұнамайды. Сізге ештеңе ұнамайды. Зәрлі көзбен бедірейіп қарап қалғансыз. «Сізге не ұнаушы еді, – деп тұрып кетемін. – Жазсын өзгелер. Ұнасын, ұнамасын соларды оқи тұрыңыз. Қарық болсаңыз». Сіз туралы жазу замандас үшін азап екен. Әлденеше жыл қиналып, әлденеше жыл он ұмтылып, он тұрған сәтте өзімнен-өзім азаланып «құдай пендесін қинағысы келсе Асқар жайлы естелік жазуға жазсын» деп те күйіндім. Сіз туралы қазір жазушылар көбейді және солардың бәрі сізбен етене жақын араласқан, дос-бауырдай, бірін-бірінсіз өмір сүре алмайтын қарын мен тамақтай етіп суреттейді. Оның да жөні бар шығар. Шынында, сіз кіммен бірге жүрмедіңіз. Қасыңызға кімдер ермеді, тіпті, өлердей жек көретін адамдармен де сырластай бірге отырғаныңызды талай көрдім. Кей кезде, тіпті өзіңізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қосылмақ түгілі қайнаған сайын іри беретін, интеллект жағынан араларыңыздың алшақтығы сонша, «екі ит шөлдеп өліп, үшінші ит сүйегін сүйретіп әрең жететін» (Асекеңнің тіркесі) адамдармен де талай-талай бірге болдыңыз. Солардың бәрі Сізбен таным тереңінен табысқандай тамсана жазып жатыр. Жазсын. Бәлкім, әркім әртүрлі жаза келіп, Сіздің портретіңіз жартылай болса да жанданар. Ал, шындығында, Сіз туралы жазу, Сіздің қағаздағы бейнеңізді жасауға тырысу – Колымадан құлаш ұрып өтемін деп тәуекел еткенмен бірдей. Сізді қазір кейбір азаматтар «танылмаған данышпан», «табылмаған мұхит» деп жатыр. Сіз мұндай пікірмен келіспейсіз. Өйткені, Сіз Мұхаммед Пайғамбардың хадистерін бәрімізден бұрын оқып, «Адам адамға табынбауы керек» деген өсиетін қаныңызға сіңіріп қатайғансыз. Сіз үшін жер бетіндегі «ұлылық» дегеннің өзі басқа биіктікпен, жұрт түсіне бермейтін түсінікпен өлшенетін, өйткені, жалпы жұрт кіретін есік Сізге есік боп танылмайтын, барлық өмір шындығы мен таным дүниесіне кіретін есік мүлде басқа еді, оның қандай есік екені өзіңізден басқа жан адам білмейтін. Солай, құданың құдіретімен, Сіз солай жаралғансыз. Осы қасиетіңіздің өзін ежелгі достарыңыз да (егер Сізде дос болса), егде ұрпақ пен кейінгі ұрпақ та «Асқардың қисық мінезі ғой» деп оңай топшылай салатын, өздері түсінбеген, өздерінің өресі жетпеген жоғары математиканы олар осылай қосу-алудың оңай жолына салып құтыла салатын. Есіңізде шығар. Мұқағали қайтыс болғанда, естелік жазушылар көбейіп кетіп, онымен бір-екі рет «шараптас» болған адамдардың өзі терезесі тең адам болғандай мақтана жазып жатты. Біз осы жөнінде біраз сөйлесіп едік. – Рухани жақын болмаған адамдар кездейсоқ, бірге болғандарын неге малданады екен? Олар бір-бірінен мүлдем алыс адамдар болды ғой. – Ну что же! Жазсын. Өлген соң мен туралы жазып қалар деп Мұқағали жалғыз жүру керек пе? – Осындай адамдармен бірге жүрмей-ақ қоймады ма екен, жарықтық. – Әй, слушай, егер Гегель қазақ болса, оның үстіне Алматыда тұрса, оның үстіне вино ішетін болса, ол рухани теңдес іздеп, соны тапқан соң, барып көшеге шығуы керек пе? Ол оны кәйтіп табады? Вот и приходится бедному Гегелю пить вино с кем попало. Сендер осы Арыстың суынан акула іздегенді қашан қоясыңдар? Сенің ойыңша Гегель Шопенгауэрмен, Кантпен, Спинозамен, Маркспен, Ленинмен, тым құрығанда Сен-Симонмен ғана бірге жүруі керек пе? Қазақстанда? О бейшара оларды қайдан табады? Әрі зәрлі, әрі ызалы, әрі сарказмге толы осы сөзіңіз әлі есімде. Бұлтартпас, мойынбұрғызбас, терең де дәл жауап, әр ғасырда шашылып жатқан адамдарды бүгінгі күнге иіп алып келіп, сол доғалардан қазақы сананың қажеті үшін оп-оңай жасалына салған параллель. Сіздің бұл секілді ойларыңыз, ешкімнің миына кірмейтін абстракцияларыңыз, оңайды қиындатып, қиынды оңайлатып салатын тұжырымдарыңыз, жоғары интеллект иесімін деп кеудесіне нан пісіп жүретін талайлардың өзін бас-аяғы сүт пісірім ішінде таңқалдырып кететін, еріксіз мойындататын немесе шапқа тигендей тулатып өтетін. Маңайдағы есті құлақты елең еткізбей қоймайтын айрықша ойлар мен жаңа фразалар әртүрлі отырыстарда жабайы өріктей шашылып, аяқ асты боп жатушы еді. Төңірегіңіздегілердің көбісі оны теріп алмайтын, теріп алайыншы деп талпынбайтын да. Есіңізде ме, осы жөнінде Сіз екеуміз сөзге де келіп қалып едік қой. «Немене бұл, көрінген жерде, көрінген адаммен отырып, «бетінде миы жоқ» адамдарға қымбат сөзді арзандатып отырғаныңыз? Жатпайсыз ба, одан да үйде. Жазыңыз. Диктофонды қосып қойыңыз да сөйлей беріңіз!». Ол мырс етіп күліп алды. «Слушай, қасымда ешкім болмаса неменеге оттай беремін?». «Ал әлгілермен неге отырасыз?» «Оларды мен жек көремін». «Тем более! Жек көрсеңіз, оларда неңіз бар?». «Странно, мен жек көретін адамдардың ортасында жақсы сөйлеймін. Сондай кезде басыма өзім күтпеген ойлар келеді». «Онда соларды жинаңыз да жүріңіз. Олар аздық қылса менің де жек көретін адамдарымды қосып алыңыз». Ол тағы мырс етіп күліп алады. «Айтоты екеуіңнен-ақ бәлеге қалдым-ау осы. Шетінен ревизор. До свидания! Хоп!». Сізбен адам ұрысып та береке таппайтын. Дәлірек айтқанда, Сіз береке таппайтынсыз. Өйткені, Сіз ұрыса алмайтынсыз. Сізбен ұрысу маған рахаттың рахаты болатын. «Это замечательно», «это же глупость!» «Это тот же Король Лир, но в Сузаке»,.. деп интеллектуалды аргументтерді көлденең қойып жатқанда, мен Сізді жәй ғана Арыстың аргументтерімен жеңе салатын едім. «Енді сен сияқты Арыста тумасақ өлеміз бе?» деп ойыннан оңай шығып кете салушы едіңіз.
«Человек – это и есть гость. А самая любимая часть тела гостя – его лопатки».
Б.Брехт
«Келе жатқан адамның бетінен гөрі кетіп бара жатқан адамның жауырыны мағыналырақ».
Асқар Сүлейменов
Осы сөзді қашан айттыңыз, тағы есімде жоқ. Ана жаққа кетпеген болсаңыз, бәлкім, сіз де есіңізге түсіре алмас едіңіз. Жалпы, Сіздің жазғаныңыздан айтқаныңыз көп еді ғой. «Асқар Сүлейменов – жазылмаған кітап» деп талай айттық-ау деймін. Қағазға түсірейін деп столға отырғанымда ол ойлардың талайы еске түспейді. Біразы ертең де келмейді. Ол ойлар Алматының әр нүктесінде қандай шашылып туса, мида да солай шашырап жатыр. Олар ертең, бүрсүгіні, одан арғы күні, бір жылдан соң, бес, он, жиырма, әйтеуір, біз де Сіз барған жаққа жеткенше жадымызға түсе береді, түсе береді. Тіршілікте адам баласы қандай ситуацияға тап болуы мүмкін болса, сол ситуациялардың бәріне де сіздің ми клеткаларыңызда күні бұрын әзірленген баға, топшылау, анализдер дайын болатын және сол жауаптар еш мүдірместен, қалаған сәтте, күн мен түннің кез-келген уақытында, компьютерден шыққандай әзір болушы еді. Дүниенің төрт бұрышында болып жатқан саяси, әдеби, мәдени, жалпы өмірлік ірі оқиғалардың бәрінен хабардар болып жүретініңіз қарабайыр қаптаған жұртты таңқалдырмайтын, оған бәрі үйреніп алған еді. Америкадағы немесе Англиядағы саяси өмір мен саясат төңірегіндегі алып қашты әңгімелер, дүние әдебиетіндегі жаңа бағыттағы көркем туындылар мен олардың бір-бірімен байланысы, Голливуд актерлері мен режиссерлерінің не істеп, не қойып жатқандығы, олардың қайсысы тірі, қайсысы қашан өлді, Латын Америкасы, жапон, неміс, тіпті соғыс жүріп есеңгіреп жатқан Ауған әдебиетіндегі жаңа туындыларға дейін біліп отыратын едіңіз. Сіз оларды қашан оқыдыңыз, қашан қадағаладыңыз, ол жағы да өзіңізге ғана аян еді. Бүкіл дүниенің жаңалығы радиотолқын боп Сіздің ми локаторыңызға өзінен-өзі тұтқындалып жататын еді. Сіз Брехтті, Кафканы, Белльді, Миллерді жатқа білдіңіз. Сіздің аузыңыздан шыққан әлгі сөз тек бір ғана Брехт стилінде туған сөз емес, әлгі аталған үрдісі бір, тақылеті бөлек суреткерлердің нәрінен туған ой-жемісі секілді. Бұлай деп тек қана аса нәзік, аса күрделі, аса сезімтал, аса білімді адам ғана айта алар еді. Сіз бүкіл болмысыңызбен, таным тақілетіңізбен, жазу мәдениетіңізбен «жазушы деген не және ол кім?» деген қазаққа аса қажет сауалға жауап беріп кеттіңіз. Шындық бар, шын суреткердің шындығы бар, тіл бар, жазушының өз тілі тағы бар. Сіз өз тіліңізбен өз шындығыңызды жаздыңыз. Ол шындық бәріміз үйренген шындыққа ұқсамады, ол тіл біз дағдыланған тілден бөлек болды, сіз қазақ сөзінің оқшау тігілген оңаша шеберханасы болдыңыз да шығарма мен кейіпкер тақылетіне, географиясына ана сүтінің қою-сұйықтығына байланысты әркімнің өз «размеріне» (бұл да сіздікі) сәйкес өз тілін жасап беріп жаттыңыз. «Жазушы шындық атаулы мен тіл атаулының шебері емес, жаны нәзік, ойы батыл, саусағы дөрекі қожасы» деген сөзіңіз де жыл өткен сайын түсінікті болып келе жатыр. Сіз көштің ішінде жүріп бөлек-бөлек жүрдіңіз, топтың арасында болып жалғыз болдыңыз. Сіз өзге суреткерлердей «шыңғырған шындықтың» (маразм!) жоқтаушысы, арашашысы, «әділдіктің төрешісі» болған жоқсыз және мұндай концепцияны өшіге жек көрдіңіз, сіз қоғамның қатігез сыншысы болдыңыз және жазушылық кредоны осы қағиданың төңірегінде іздедіңіз.
«Әдебиет қызметшілік функцияға көшкен күні оның моласы Кеңсайдан табылады».
Сіз – Асқар Сүлейменов
«Служения властям обрекает творца на бесплодие».
Эрве Базен
Сіз әлгі тұжырымдауды осыдан он бес, жиырма жыл бұрын айтсаңыз, Эрве Базеннің өлер алдындағы интервьюі «Известия» газетінде үстіміздегі жылдың ақпан айында шықты. Мен бұл жерде тағы да оңай салыстыруға барып: «Көрдіңіздер ме! Европада (Еуропаға менің тілім әлі келмейді) Эрве Базен деген ХХ ғасырдың данышпан жазушысы күні кеше әлгіндей десе, ол ойды азиялық қазақ Асқар Сүлейменов бұдан жиырма шақты жыл бұрын айтып қойған еді» – деп Сізді де данышпандардың қатарына қосқым келіп отырған жоқ. Жалпы, суреткерге «данышпан» деген титулдың қажеті қанша, өзгеше ойлайтын, өзгелерді де өмір шындығына басқаша көзбен қарауға үйретуге тырысатын, жазушылық пайымымен басқалардың жүйесі мен принциптеріне аздап болса да, өзгешелік енгізіп, таным деңгейінің өлшемін бір шкалаға көтере алса, жазба әдебиеті пайда болғалы бері адамзат ақыл-ойы тудырған тау-тау кітаптар арасынан сенің стилің, сенің үнің естіліп жатса, меніңше, бұл да оңай шаруа болмас. Егер мен де бірдеңе танитын межеге жеткен шығармын деп ойлайтын болсам, Сіздің үніңіз, Сіздің танымыңыз сол тау кітаптардың арасында тұншығып қалмақ емес. Оны іздеп, тауып алатын, кейінгі ұрпаққа жеткізетін санаулы саналы толқын болса да жеткілікті. Өз ойың өзіңе де жау болып көрінетін оңашалықтың тұңғиығына терең бойлаған сәттерде мен Сіздің Созақта қазақ болып туылғаныңызға да налимын. «Басқа жер таппағандай Созақта туылып неңіз бар? – дейтінмін, – жергілікті рухани рынокта сіздің товарыңыз өтпейді, Сізге Европа рыногы керек». Ондайда сіз газетке үңіліп «Арысь тоже не лучший вариант» деп ойыннан тағы да оңай шығып кететінсіз. Бірақ, тікенді алғанмен, аржағында ұшы қалғанын сезетінмін. Сол күні түнде сіз телефон соққансыз. Әдеттегідей амандық-саулық сұрасу жоқ, бірден: – Ал, сонда не болар еді? – дегенсіз. – Сонда не болғаны несі? Ол не? – Бағанағы айтқаның да. Миыңнан шығып кетті ме? Ал, Созақта тумадым, сонда не болар еді? – Құрығанда «фулиган» болар едіңіз. – Трифонов па? Ремаркты қимайсың ба? – Пожалста, қалағанын алыңыз. Тіпті Әуезов болам десеңіз де еркіңізде. – Нет. Он слишком тяжелый. Он – эпик. – Эпик емес Мұхаң бар ғой. Новеллист Мұхаңды алыңыз. – Короче, сонымен не айтпақ болдың? – Ештеңе де. Тым болмаса Одессада осы қалпыңызша туылсаңыз әлгілердің басында болмаса да қасында болар едіңіз деген сандалма ой ғой. – Сен кеуіл дегенді білесің ғой. Кстати, ол жол бойында, Арыста көп өседі. – Ал, білдім, делік. – Білсең, қазақ – сол кеуіл. – Кеуіл мен қазақтың қандай қатысы бар? – Бұл екеуі де өте жершіл. Кеуілді басқа жаққа апарып отырғызсаң көгергенмен жеміс бермейді. Мен қазақтан өткен жершіл елді көрген жоқпын. – Сонымен? – Сонымен – сол. Қазақтың өзі қандай жершіл болса, ойы да, сөзі де сондай жершіл, ұлып жұртқа қайта береді. Басқаға сіңбейді, қысқасы өзгенің бойын бойсынбайды. Жерсінбейді деген сияқты. – Жоқ, мен келіспеймін. – Ради бога! Начинайте переходить границы, скатертью дорога. Мен өзім қазақ болып қала беремін. Вообще быть казахом очень интересно! Әй, Асеке-ай! Тәп-тәуір басталған сөзді тағы да күлкіге айналдырып жібердіңіз-ау! Бірақ тәптіштеп айту Сіздің болмысыңызға жат еді. Ылғи да аяғын жұтып қою ежелгі әдетіңіз. Әйтсе де, аңғара білген адамға бәрі де аяғына дейін айтылған да сияқты. Айсберг заңдылығымен іште қалған ойлар дыбыстық форма тауып сыртқа шықпаса да, оның бары дауыс ырғағынан, әр сөздің айтылу мәнерінен, ойдан ойға ауысар кездегі мүдірістен, оқыс пайда болған, сол сәтте жоқ боп кететін шақпақ күлкіден аңғаруға болар еді. «Быть казахом очень интересно» деген фразадан соң біз күлдік те қоя салдық. Осы әңгімеден бірнеше жыл бұрын Берлиннен (ол кезде ГДР) доктор Зигрид Клейнмихель келіп, Сіз үшеуміз менің мәшинеммен Медеу жақты аралағанбыз. Сіз қайтарда академик Балмұхановтың дачасына соғып кетеміз деп қояр да қоймай машинаны солай қарай бұрғыздыңыз. Келсек олардың дачасы жабық екен, сонан соң сол маңдағы көгалға отырып, неміс әдебиеті мен қазақ әдебиеті жайлы тағы да әңгімелесейік. Зигрид Клейнмихель аласа бойлы, арықша келген, шашы аппақ та селдір, реңділігімен мақтана алмайтын жасы отыз-отыз бестердегі келіншек болатын. Ол қазақ әдебиетіне шын жанашыр, біздің өмірімізді, Сізше айтқанда, «бір немістей-ақ» зерттеген, аздап құран оқи алатын, мейлінше мәдениетті адам еді. Біздің әдебиеттің көзі тірі өкілдерімен де жақсы таныс, олардың мінез-құлықтарына шейін біршама біліп алған-ды. Ол Сізге құлай берілді. Сізді ғана тыңдап, Сіздің ғана пікіріңізге тоқталып жүрді. Сіз сол байғұстың да намысына талай тидіңіз-ау! «Шашың шаш емес, былтыр өлген иттің жүні» дедіңіз бе-ау!, австриялық немістердің әйелдері шетінен ажарсыз келеді деп бір мұқатып кеттіңіз. Ол болса бір ашуланады, бір күледі. Содан әңгіме әдебиетке ауысты ғой. «Неміс әдебиеті деген әдебиет ең нашар әдебиет, жері қандай теп-тегіс жайдақ болса, әдебиеті де сондай біркелкі. Оларда жөні түзу тақырып жоқ, өйткені, адамдарының бәрі бірқалыпты шыққандай – штамп, стандарт адамдар, мінездерінде бүдір жоқ. Мінез болмаған соң, образ жоқ, образ болмаған соң әдебиет жоқ», деп ол байғұсты қарадай күйдірдіңіз. Қой десем қоймайсыз, одан сайын өршелене түсесіз. – Ал, Брехт ше? – деді ол да сасқанынан. – Брехт? Тақырыпсыздық деген как раз содан басталады. Әйтпесе, сонау Германиядан келіп Қызылорданың күрішшісі Ыбырай Жақаев туралы шығарма жаза ма? Есі болса, міндетті түрде қызылордалық туралы жазу керек болса, Мұстафа Шоқаев туралы жазбай ма? Міне, тақырып! Неміс те, қазақ та қарқ! Кстати, Брехт бұл шығармасын жазып жатқан кезде Мұстафа Шоқаев сіздерде тірі жүрген болатын. – Асқар, сен жақсы білесің, нені жазу керек екенін автордың өзі ғана біледі ғой. – Білмейді, гәп сонда! – Ол саңқ етіп бір күліп алды да, сөзін қайта жалғастырады. – Бізге келіп сөйлессе білдірер едік. Брехт оны жақсы біледі. «Когда думают сапоги – мозгам приходится маршировать» дегенді жазған соның өзі ғой. Білесіз бе? Ол қызарақтап қалды да. – Есімде жоқ, – деп құтылды. – Міне, есіңізде жоқ. Жаль! Кстати, Макс Шульц әлі ГДР-да жүр ме? – Иә. – Напрасно! Ол әлдеқашан Шпрее өзенінің аржағына өтіп кетуі керек еді. Сонда ол бұдан да мәнді шығармалар жазар еді. Ал, әйелі Елизавета ше? – Ол да жазушы ма? – Жазушы емес, бірақ жазады. Егер оны көре қалсаңыз, сәлем айтыңыз, қазақтар оған қойсын деп жатыр деңіз. ФРГ емес, ГДР-дағы жазушылардың талайына талдау жасап кеткеніңізде Зигрид тәнті қалатын еді. «Әттең, Германияда туылғаныңызда сіз неміс ақыл-ойының орталығы болар едіңіз» деп ағынан жарылып еді сол кезде. Ал, Сіз болсаңыз баяғы салқын жүзбен: «Жоқ, неміс болғым келмейді. Сіздерде барлық система әлдеқашан қалыптасқан, қалыптастыратын ештеңе қалған жоқ. Бәрі теп-тегіс, жұп-жұмыр. Айтқандарыңыз да теп-тегіс. Ал, қазақтар! О-о, олардың арасы өте қызық. Ал, қазақтар! Қысқасын айтқанда, «быть казахом очень интересно!». Бәріміз күліп едік. Сол күндер де артта қалды-ау, Асеке! Кейіннен мен Берлинде болғанымда Зигрид Клейнмихельдің үйінде Сізді көп еске алдық. Ол Сіз туралы басқаларға көп айтып, тіпті, Сізді көрмеген адамдар да Сіз туралы егжей-тегжейлі сұрап жатты. Менің «Гауһар тас» повесімді немісшеге аударып жатқан Эленора Венст Алматыда болған кезінде Сізбен етене таныса алмағанына өкінумен болды. Алматыда Сіз оны көргенсіз, есіңізде болар, біз Эленора екеуміз Жазушылар одағының барында коктейль ішіп отырғанда Сіз қасымызға келіп, қолғабыңызды да шешпеген күйі бір шыны кофе ішіп, оның бастан-аяқ жарасымды қара киім киіп отырғанына қарап, әрі соның алдында ғана Мәскеу теледидарынан берілген грек фильмін еске алып, оған «Девушка в черном» деп ат қойып әлденеге кесірленіп, қоштаспай кетіп қалғансыз. Зигрид пен Эленора Сіздің шығармаларыңыз бен мақалаларыңызды неміс тіліне аудару жайлы мәселе қозғап жүр еді. Ол мақсаттары саяси оқиғаларға байланысты аяқсыз қалды. Өкінішті-ақ! «Драматургия есть интрига, Казахи большие интриганы. Но они еще не успели весь вложить себя в жанр. Думаю, все у них впереди». Ялтада өтіп жатқан драматургтердің Бүкілодақтық семинарында менің бөлмемде отырып А. Гельманмен сөйлесе келе Сіз осылай деп әзіл-шыны аралас оқыс ой айтып едіңіз. Оның ішек-сілесі қатып күлген еді. Ол Сіздің өзіңіз орыс тіліне сол жерде жатып аударып біткен «Кек» атты пьесаңызды оқып шығып, пікір айту үшін арнайы келген еді. – Асқар, пьесаңыз тамаша! Бұл менің «АЗ и Я»-дан кейінгі оқыған екінші шығармам. Бір қызығы – екеуінің де авторы – Сүлейменов. Бірақ, пьесаңыз қойылмайды, ауыр, қиын. Сәл-пәл графоманство жетіспейді. Бұл – өз алдына тап-таза көркем дүние. Сіз Олжаспен туыс емессіз бе? – Не путайте меня, пожалуйста, с кем попало! Жан адамды менсінбей, өзгелердің сәлемін әрең алатын, барлық жүріс-тұрысымен төңірекке өзінің тірі классик екенін сыпайы түрде танытып жүрген Гельман бас-аяғы бес-он минуттың ішінде Сіздің уысыңызда боп шыға келіп еді. Осыдан кейінгі кездесулерінің бәрінде Сіз сол жерге жиналған бүкіл совет драматургтерінің ішіндегі басты тұлғаға айналып едіңіз. Ай, Асеке-ай, Сіз биіктерге шығып тұрып, өзіңіз түсіп кете беруші едіңіз-ау! Мен соған күйінем. Гельман айтқандай, Сізге шынында да «сәл-пәл графоманство» мен сәл-пәл пысықтық жетіспейді-ау! Сол жетіспеген күйі кеттіңіз. Бір ғана бұл емес, талай-талай бітіп тұрған ісіңіз аяқсыз қалып, көптеген уақытыңыз босқа өтіп жатқанын көргенде ызадан жарылып кете жаздаушы едім, тіпті, Ана жаққа баяғыда кетіп қалғаныңызға қарамай есіме түссе, қазірде қайнап-қайнап басылам. Сіз өзіңіздің қайталанбас тұлға (личность) екеніңізді, американдық Артур Миллер қазіргі СЭМ Шепардтқа дейінгі драматургтердің бәрінің қандай ұстаз тұтар тұлғасы болса, енді басқаша бағыт ұстап келе жатқан қазақтың профессионал жас әдебиетшілеріне Сіз де сондай тұлғаға айналып келе жатқаныңызды тағы да аңғармай, не, мән бермей кеттіңіз. Әруағыңыз кешірсін, мен Сізді кейде осы үшін кешіре алмаймын. Талант деген жұрттың бәріне бірдей шашыла беретін тары емес, оны да құдай сүйген құлына (немесе, азаптансын деп қаламаған құлына) беретін қасиеті. Оны да бағаламадыңыз. Кім біледі, бағаласаңыз, бағалаған да шығарсыз, бірақ, өзіңіз, айтқандай кету керек болған шығар. Бұл заманның адамы емес екеніңізді анық ұққан шығарсыз. Есіңізде ме, «Сіз бұл заманның адамы емессіз. Не жүз жыл бұрын, не жүз жыл кейін тууыңыз керек еді» деп айта беруші едік қой. Залдағы дүйім жұртты аузыңызға қаратып алу Сіз үшін оңайдың оңайы еді. Ол үшін трибунаға көтерілсеңіз жетіп жататын. Сіздің Түркменстандағы, киношылардың Алматыда өткен сан-алуан жиындарындағы, Семейдегі Абай тойы (140 жылдығы) кезінде сөйлеген сөздеріңіз тыңдағандар үшін әлі де аңыз. Сіз ә деп ауыз ашқан сәттен бастап-ақ жаттанды сөздерден жалығып отырған жұрт ғарыштан біреу кеп түскендей тына қалатын-ды. Бәрі – жасы да, кәрісі де, қазағы да, орысы да. Оныншыны бітіргенше жөні түзу тірі орыс көрмеген Сіз Созақтан кетіп, Алматыға жеткен бес жылдың ішінде орыс тілін «шемішкедей» шағатын болып алдыңыз. Және, қандай тіл десеңші! Шығармасын орысша жазып жүрген «орыс тілді» жазушылардың сөз саптауы, тіл айшығы Сіздің айналымдарыңызбен салыстырғанда жайдақ аттай жадау көрініп қалушы еді. Сіз өзіңізден кейінгі толқынға нені жазу, қалай жазу дегенді үйреттіңіз, тіпті, жазбау дегенді де Сізден алдық. Сіз музыка, сурет, мүсін өнері жайлы сөйлегенде немесе солармен бірге өткізген кештердегі әңгімеде сол мамандардың өзін таңқалдырып, тәнті етіп, өзіңізді пайғамбардай сыйлатып отырушы едіңіз. Шопен, Бетховен, Моцарт, Скрябин, Глазунов жайлы таңға дейін әңгіме айтып тауыса алмаушы едіңіз және олардың кез келгенінің симфониялары мен концерттерінің кез келген жерінен «үзінді айтып» бере алар едіңіз. Мұндай музыкалық қабілет, маузыкалық жан-жақтылық профессионал композиторлардың өзінде сирек кездесетін, тіпті, кездеспейтін де. Кей кезде түн жарымында телефон соғушы едіңіз. Ұйқыдан көз аша алмай трубканы көтергенде Сіз: – Не істеп атсың? – деуші едіңіз, ай-шай жоқ. – Мұндай кезде адам не істеуші еді. Шошқа тағалап жатырмын, – деймін қасақана көңілді үнмен. – Екеуін тағалап біттім, енді біреуі-ақ қалды. Сіз саңқ етіп күлуші едіңіз де: – Слушай, прекрати издеваться над свиньями! Мына бір музыканы тыңдап көрші. Ол трубканы не магнитофон, не проигрывательдің қасына қояды да, өзі сол бойы жоқ боп кетеді. Трубкадан әлдеқалай бір симфониялық оркестрдің орындауында классикалық шығарма естіліп жатады. Кейде таныс, кейде таныс емес. Сіз жоқсыз, ал мен тұрамын мына жақта. Трубканы не қоярымды білмеймін, не ары қарай тыңдай беруді білмеймін. Ол музыка кімдікі, неше бөлімді, қашан бітеді және осыншама беймезгіл уақытта адамды оятып алып трубкаға таңып тастап, өзі жоғалып кеткені несі деп ызаға булығып тұрамын. Мен Сізге «Түн адамы» деп ат қойып едім ғой. «Жарайды өзі түн адамы бола берсін, қанша боламын десе де еркінде, ал біз түн адамы емеспіз ғой, өзгенің уақытымен неге санаспайды» деп жүйкем тозып тұрады. Сөйтіп, енді үзілгелі тұрғанда трубкаға қайта келесіз-ау! – Ну, как? – Никак! – деймін ызаланып. – Напрасно! Это – шик! Это – фуги Моцарта. Дирижері – Люцерн фестивалінің бас дирижері – Баумгартнер! Хоп, сау бол! Ал, осыдан соң ұйқыңды жалғастырып көр! «Литература – позиция, проще говоря, предоставленная возможность проявить себя, еще проще – высшая сплетня. А произведения – это Я. Остальное – ваше дело». Ялтадағы «Астория» ресторанында А.Гельман, доктор И.Вишневская, Горький атындағы әдебиет институтының ректоры В.Пименов бәріміз отырған кезде осылай деп едіңіз. Олар төңкеріліп түсті. Мәскеуліктер мен шетелдік әдебиетшілердің бізден бір артықшылығы – олар тауып айтқан, тосын айтқан әрбір тұжырым мен әрбір фразаға айрықша көңіл бөлуші еді ғой. Жаңа танысып отырса да, осы сөзден соң олар Сізге құлап түсті. Ал, Сіз болсаңыз, сәлден соң оларды «балшық» қып илеп алдыңыз, бәрі Сіздің аузыңызға қарады. Сізге бәрібір болатын, мақтаса да, даттаса да, жағынса да, табынса да интеллект биігінен бір елі төмен түспей, асқақ күйіңізше қала беруші едіңіз. Кейде, осы асқақтық өзгелерге ұнамай, өзіңізге қарсы жұмыс істейтін. Бес-он минутта жаулап алған жұртты Сіз бес-он минутта жоғалтып ала беретінсіз. Табу қалай оңайға түссе, жоғалту да солай оңай болатын. Сіз қамалды жаулап алып тұрып, ту тікпей кете беретінсіз. Ойыңызға келген тапқыр бір тіркесті іште өлтіру Сіз үшін жаулап алған дүниені жоғалтудан қымбатырақ көрінетін. «Ұлтты жақсы көру үшін алдымен оны жек көріп алу керек» деуші едіңіз. Шынында да солай ғой. Өз халқыңның кемшілігін біліп алмай тұрып, оны қалай сынайсың, несін сынайсың, ал сынамай, зекірмей оның қай кемдігін түземексің? Толып жатқан кемшілігіне қарамай Сіз қазақ деген халықты өлердей жақсы көрдіңіз. Сіздің ұлтты жақсы көруіңіз өзгелерге мүлдем ұқсамады, Сіз оны келеке етіп жүріп-ақ «Қазағым!» деп айғай салатын адамдардан артық көрдіңіз. «Бұ қазақтың бір қылығын жақсы көріп, сүйсіне бастасаң, артынша он жаман қылығын көріп жек көресің. «Қазақты жек көресің» деп өзгелер мені жек көре бастайды. Егер қазақтың түбіне жететін бір нәрсе болса, ол «Кереметпіз» деп даурығу жетеді. Даурығушылар жеткізеді». Сіз айтқандай, қазір жалған мақтау көбейді. Сіз барда да аз емес еді, Сіз ана жаққа кеткелі «мақтау» мен «мақтанудың» астында қалып жатырмыз. Сіз барда ұлы ақындар екеу-үшеу еді, қазір жаппай ұлылыққа ұмтылыс басталды. «Сен ұлысың» десе, ұялмай «дұрыс айтасың» дейтіндер көбейіп келеді. «Шын суреткердің өлімінде қоғам өмірінің «үлесі» болмай қоймайды» деп қашан айттық, қай жерде айттық, алғаш кімнің аузынан шығып еді, есімде қалмапты. Қалғаны – сөз ғана. Қоғам, әрине, оған қастандық жасалмас, бірақ, алдағы толып жатқан қайшылықтар мен кереғарлықтар оның қабырғасына батпай, бауырын кемірмей тұра алмайды. «Фариза қыз, ...Өмірде ақындардың бәрі жалғыз». Мұқағалидан кейін жалғыз қалған Сіз болдыңыз. Екеуіңіз де өз еліңізде жүріп эмигрант болдыңыздар. Шын суреткер – мәңгі эмигрант, өзінің туған жерінен бір елі аттап баспаған У.Фолькнер өзін эмигрантпын деп Американы дүр сілкіндіріп еді. Сонда ол жалғыз қалғанын айтқан екен ғой. Біз де Сізді «эмигрант» деп келемеждеуші едік. Әр жаңа шығарма жазған сайын Сізден жасқанушы ем. Сіз кеткелі жасқанатын ешкім қалмады. «Не жүз жыл бұрын, не жүз жыл кейін тууыңыз керек еді» деп айта берген соң кете салған шығарсыз, бәлкім жүз жылдан соң қайтып ораларсыз. Сол кезде біз қалдырып кеткен оны-мұны дүниелерді қарап шығып, төрелігіңізді айтарсыз. Айтқыңыз келсе. Айтқыңыз келмесе өзіңіз біліңіз, өкпелемейміз. Жалпы екі дүниеде де Сізге өкпелеуге болмайды. Тәкен Әлімқұлов жазғандай, «Сіз де, «Жұмбақ жанның» бірісіз». Ол жұмбақтың шешуін келесі ғасырға қалдырдық. Олар біздерге қарағанда кешірімді, ұғынықты, өрелі боп келер. Сіз ана жаққа кеткен жоқсыз. Сіз эмиграцияның жаңа түрін ғана ойлап таптыңыз. Сіз қайтып келесіз. Әзірше көңілге осыны медеу тұтайық.
Қазан, 1996 жыл.