«Ақ жол» – оқырмандар олжасы
«Ақ жол» – оқырмандар олжасы
«Ақ жол» газеті журналистерінің оқырмандармен кезекті кездесуі Қордай ауданында өтті. «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының мәжіліс залына ұйымдар мен мекеме қызметкерлерінің, мұғалімдер мен дәрігерлердің, зейнеткерлер мен кәсіпкерлердің өкілдері жиналды. Кездесуді аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің редакторы Айгүл Әнуарбекова ашып, жалпы баспасөздің қоғамдағы рөлі, оның ішінде облыстық басылымның Елбасы саясатын жүргізуге, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуын ақпараттық қолдауға қосып отырған үлесі туралы баяндай келе, алғашқы сөзді «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамытқа берді. – Облыстың бас газетін сіздерге таныстырып жатудың қажеті шамалы, осы басқосуға «Ақ жолдың» кіл жанашырлары жиналды деп ойлаймын, – деді Ақылжан Қорғанбайұлы. – Алғашқы нөмірінен бастап газет облыс өңірінің шежіресін хаттап, жаңашылдықтың жаршысы болып, көкейкесті мәселелерді көтерумен келеді. Газетке «Егемен Қазақстанның» үлкен мектебінен өткен танымал қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы басшылыққа келгелі басылымның бейнесі өзгеріп, мазмұны тереңдеп, тақырыптар ауқымын кеңейту жолындағы тың ізденістер қолға алынды. Оларды көкірек көзі ояу оқырмандарымыз көріп, қолдайтын пікірлерін айтып, тың ұсыныстарын да беріп жатыр. Газетте ресми жарияланымдармен қатар, оны қызықты да тартымды ете түсетін тақырыптық беттер пайда болды. «Пырақ», «Маздақ», «Айша бибі», «Оқырман отауы», «Шөкеңнің шошаласы», «Алаш-Арена», «Тылсым дүние» беттері мен бұрыштарының өз оқырмандары бар. Ондағы көтерілген мәселелерге орай хат жазып атсалысуына болады. Газеттің интернет сайтының ашылуы өз алдына үлкен жаңалық болды. Онда газетте жарияланған материалдармен қатар, басқа да қызықты бейне хабарларды тамашалай аласыздар. Газет – оқырмандарымен газет. Бүгінгі таңда өмірімізге ғаламтор жүйесі дендей еніп, баспасөз басылымдарының электрондық нұсқалары пайда болуда. Дегенмен, пошташы үйіңізге әкелетін, баспахана иісі аңқыған газетті тұшынып оқудың жөні қашанда бөлек. Елбасы саясатының адал насихатшысы болып отырған «Ақ жолға» жазылуға атсалысқандар ешқашан ұмытылмайды. Өз жұмысшыларымен қатар, күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасыларына, зейнеткерлерге газет жаздырып беру ісін қолға алса құба-құп. Ал өз кезегімізде біз газеттің әр нөмірінің қызықты болып шығуына, оның ішінде сіздердің өңірдегі жасампаздық істермен қатар, мәнді мәселелерге жиі назар аударып отыратын боламыз, – деді ол. Төле Сүгірбай, ауданның Құрметті азаматы: – Облыстық газет «Еңбек туы» кезінен негізі мықты басылым болды. Оның басында қаншама мықты журналист, жазушылар редакторлық етті. Бүгінгі «Ақ жолдың» ұжымы сол дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Бұл газеттің бетінен іздегеніңнің бәрін табуға болады, мазмұны жан-жақты, безендірілуі де тартымды. Меніңше, оқырмандармен бүгінгідей кездесулерді шалғай ауылдарға да барып өткізген дұрыс. Газеттің беделін көтеріп, таралымын арттыру үшін насихат жұмысын жандандыру керек. Газет оқымай, теледидар көрмей қандай да бір істі ілгері бастыру қиын. Ол мұғалімге де, кәсіпкерге де, зейнеткерге де керек. Өз басым қашанғы әдетім бойынша оншақты басылымға, оның ішінде «Ақ жолға» бір жылға тұтас жазылып қойдым. Енді газеттің таратылуы жөнінде айта кетейін, кейде пошташы газеттерді жинап бір-ақ әкеледі. «Ақ жолдың» да екі-үш нөмірін қосақтап әкелген кездері болды. Осы кездесуге қатысып отырған аудандық поштаның басшысы бұл мәселеге көңіл аударуы керек. Газеттердің күні өтіп, ескіріп қолға тиюі оқырмандар көңілінің оған сууына бірден бір себеп. Ал газетте өңірдің бай тарихынан танымдық мақалалар жазылуын қалар едік. Мира Үсенова: «Айнала шуақ» балалар бақшасының меңгерушісі: – Облыс өмірінің айнасы болып отырған «Ақ жол» газеті бүгінде көптің көкейіндегі түйткілді мәселелерді көтеріп, оқырмандардың құрметіне бөленуде. Жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мұғалімдер мен балабақша қызметкерлерінің газетсіз жұмыс жүргізуі мүмкін емес. Сондықтан, оның бетінде оларды толғандыратын мәселелерге көбірек орын берілуі керек. «Ақ жол» бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отырған еліміздің ертеңгі иесі – жастарды жұмыспен қамту жайын тұрақты түрде және жан-жақты жазып келеді. Бұл тақырып келешекте де тұрақты жазылады деген сенімдеміз. Сонымен қатар, біздің еліміздегі азық-түліктің бағаларын, зейнетақының, жәрдемақының мөлшерін басқа елдердегімен салыстырмалы түрдегі мақалалар беріп тұрса... Әбдібек Сейілханов, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Бұл кездесуді редакция өкілдерінің оқырмандар алдындағы есебі деуге болады. Осылай ара-тұра елге шығып жұрттың ойын біліп, ұсыныс тілектерін өз ауыздарынан есту журналистерге газеттің жұмысын алдағы уақытта жандандыру үшін қажет. «Ақ жолда», бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі тіл туралы тұрақты мақалалар жарияланады. Бұл бізді қатты қуантады. Кездесуде, сондай-ақ, оқырмандар Шәпен Молдақалықов, Тұрсын Қалығұлов, Тұрысбек Құсайынов сөз алып өз ойларын ортаға салды. «Ақ жол» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі Құрманбек Әлімжан қатысушыларды өз жұмысының барысымен таныстырып, газет пен оқырман арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Кездесу соңында Ақылжан Мамыт қордайлық оқырмандардың ыстық ықыласына, сөйлеушілер тарапынан айтылған жылы лебіздерге алғысын білдіріп, ұсыныс-тілектері алдағы уақытта ескерілетінін айтты.
Қордай ауданы.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».