ТЕҢГЕ АЛҒАШ рет ТАРАЗ қаласына ЖЕТКІЗІЛГЕН
ТЕҢГЕ АЛҒАШ рет ТАРАЗ қаласына ЖЕТКІЗІЛГЕН
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде Ұлттық валюта – теңге күні аталып өтті. Салтанатты шараны департамент басшысы Асқар Тынысбеков ашып, ел Тәуелсіздігі мен салық және кеден органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай бірқатар шаралар өтіп жатқанын жеткізіп, сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Ұлттық банк Жамбыл филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов ұлттық валюта-теңгенің қолданысқа енгізілуі, оның экономикада алатын орны мен ерекшеліктері жайлы хабарлама жасады. – Қай елдің болсын тарихында ерекше орны бар мұның. Ұлттық валютаның енгізілуі – елдің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі. Бізде де бұл іс ел экономикасы үшін өте қиын кезеңде жүзеге асырылды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан өзінің ұлттық валютасын енгізіп, дербес ақша-несие саясатын жүргізеді дегенге көп елдер күмәнмен қараған еді. Оған себептер де бар болатын. Кеңес одағы құрамындағы басқа да республикалар тәрізді Қазақстан жеке мемлекет ретінде қалыптасуы бойынша күрделі жағдайда өтті, – деді ол. Иә, сол тұста өндірістің құлдырауы, экономикалық байланыстардың және бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-несие қатынастарының үзілуі, тағы басқа жағдайлардан ел экономикалық және әлеуметтік дағдарыс алдында тұрды. Шұғыл түрде экономикалық реформалар жүргізудің ең әуелі ақша белгісін анықтау мәселесіне келіп тірелгені белгілі. Осындай қиындықтарға қарамастан Мемлекет басшысының 1993 жылдың 12 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, 15 қарашада сағат 8.00-ден бастап төл теңгеміздің алғашқы айналымға шыққанын еске алған Н.Берікбосынов, ағылшын елінде басылып шыққан Ұлттық валютамыздың ерекшеліктерін жан-жақты әңгімеледі. Ол, сондай-ақ, Англиядан ұлттық валюта тиелген «ИЛ-76» ұшақтары теңгені ең алғаш Тараз қаласына жеткізгенін, одан әрі облыс орталығынан еліміздің басқа өңірлеріне таратылғанын атап көрсетіп, теңге банкноттары мен монеталары әртүрлі халықаралық байқауларда талай рет жүлде алып, жеңімпаз атанғанына да тоқталып өтті. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің аға офицері Орынбасар Сұлтанов жалған ақша жасауға қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Мерекелік салтанатты шарада департамент басшысының орынбасарлары Нұрғали Құдайбергеновке қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құрметіне Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі, Ерлан Өмірзақовқа Құрмет грамотасы тапсырылды.
Амангелді Әбіл, «Ақ жол».