Білім

Есепке жүйрік Аврам

Есепке жүйрік Аврам

Дубайдан жүлделі оралды

Мамандар ментальды арифметиканың білім және тәрбие беру үдерісінде пайдалы екенін дәлелдегелі бері математикаға мойын бұрған оқушылар саны көбейді. Ата-аналар да баласының есепке жүйрік болғанына қарсы емес. Құлан ауылындағы №2 мектепте оқитын 12 жасар Аврам Нағашыбаевты да арифметиканың қыр-сырын үйрететін орталыққа анасы Сәлима жетелеп әкелген еді. Міне, сол Аврам Дубайда өткен жарыста жүлделі үшінші орынды олжалап оралды. Негізі, Біріккен Араб Эмираттарында өтетін халықаралық жарысқа жолдама Алматы қаласында өткен Олимпиадада сарапқа салынған болатын. Аврам осы жарыста бақ сынаған республика бойынша 1500 жасөспірімнің ішінде үздіктер қатарына ілігіп, Дубайда өтетін жарысқа қатысуға мүмкіндік алған болатын. Әрине, біз ауыл баласының халықаралық жарысқа жолдама алғанының өзін үлкен жетістік деп бағаладық. Бірақ, Аврам расында есепке жүйрік екенін дәлелдеп, сегіз минутта 200 есептің 168-ін шығарып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Аврам Еркінұлына үшінші орын үшін берілер медаль мен кубок және сертификатты ЮСИМАС Халықаралық Академиясының президенті, профессор Дино Вонгтың өзі тапсырды. Аврамның анасы Сәлима жоғары білімді ұстаз, бірақ кәсіпкерлікпен айналысады. Баласының Дубайдан жүлде алатынын ана жүрегі сезіпті. Аврам ментальды арифметикадан бөлек, ағылшын тілін де жетік меңгерген. Баласымен бірге шетелге барған Сәлима апай: «Баламды ағылшын тілін оқытуға осыдан үш жыл бұрын беріп едім, соның пайдасы тиді. Аврам маған Дубайда 56 елден келген ұлттар мен ұлыстардың сөздерін ағылшын тілінен аударып, түсіндіріп берді», – дейді. Аврамның ендігі арманы – Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу. Біз шәкіртіміздің әлі де көптеген жетістіктерге жетеріне сенеміз. Балаларды ментальды арифметиканың қыр-сырын үйретіп, есепті шапшаң шешуге баулыған ұстаздарға алғысымыз шексіз. Бір айта кететіні, Дубайдан үшінші орын алған оқушымызға келер жылы Малайзияның Валиде қаласында өтетін ХХІІ Бүкіл­дүние­жүзілік ментальды арифметика жарысына жолдама берілді.

Зәуре Мырзахметова, мұғалім.

Т. Рысқұлов ауданы.