Экономика

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды істер көп

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды істер көп

img_8301 Жарылқасын Айтақов, аудан әкімі.

Мемлекет тарихы да адам өмірі секілді. Тарихтың беті айтулы оқиғаларға, өнегелі шежірелерге толы. еліміздің мемлекеттігі қалыптаса бастаған Тәуелсіздіктің елең-алаңы, өтпелі кезеңнің тауқыметті сәттері күні бүгінге дейін көз алдымызда. Өз алдымызға дербес ел атанып, Туымыз көтерілгенде барша халық көңілін қуаныш кернеді. Рухы көтерілді. «Егемен елміз» деген асқақ ой жүздеріне шаттық шуағы болып шарпылды. Бірақ қиындықтармен де бетпе-бет келдік. «Балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен кеткен» кездерді қалайша естен шығарамыз.

dsc_00321Барлық экономикалық байланыстар үзілген сол бір тұста, осыдан 20 жылдай бұрын «Жалақы қашан беріледі, зейнетақыны қашан аламыз» деген күнделікті тұрмыстық мәселелермен «бас ауыртқан» болсақ, қазір ол кез келмеске кетті. Ендігі жерде «Таудағы шаруа қожалығы тұрағына жарық тарту, тауды бұзып, тасты жарып тас жол салу, сахара шөліндей Орта құмды игеріп, су шығарып, жайқалған жайылым жасау, шалғайдағы ауылдардағы әр үйге «көгілдір отын» – газ кіргізу секілді өркениетке лайық мәселелер көтеріп, сұрақтар қоятын болдық. Осының барлығы да – небәрі 25 жыл ішінде ғасырға бергісіз тірліктер тындырған тәуелсіз мемлекетіміздің жеткен жетістігі, шыққан биігі, алған асуы деп білген жөн. Егемен еліміздің бүкілхалық болып ақ киізге көтеріп сайлаған тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара да сындарлы саясатының, халқымды ұшпаққа шығарсам, еліме «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман орнатсам» деген көрегендігінің арқасы деп түсінген ләзім. Тарих үшін қамшының сабындай ғана қысқа уақыт – ширек ғасыр ішінде егемендіктің Туын көтерген алғашқы жылдардағы өтпелі кезең қиыншылықтарынан мойымай өткен аудан жұртшылығы бүгінгі таңда еліміздің гүлдене түсуіне жұмыла атсалысып келеді. Қиыншылықтар артта қалып, жаңа буын кәсіпкерлер нарықтық экономиканың қыр-сырын жете меңгеріп, кәсіптерін білгірлікпен өрге бастыруда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектерді мақсатты пайдаланып, алтын бесік – ауылдың гүлденуіне қол жеткізуде. Бұған ауданда атқарылып жатқан ауқымды істер, өмірге етене еніп, ел игілігіне айналған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асырылуы толық дәлел бола алады. Тәуелсіздік алған күннен бергі уақыт бедерінде қол жеткен табыстарымызды ой елегінен өткізіп, зерделейтін болсақ, кең-байтақ республикамыздағы секілді біздің ауданымыз да жыл санап өркендеп, өрге басып келе жатқандығын көреміз. Демографиялық ахуал жақсарып, халық саны 2006 жылдың қараша айында жүргізілген санақтағы 61 мың тұрғыннан 68 мың адамға жетті. Яғни, бұл – егемен еліміздің болашағы болып табылатын тәуелсіздік ұландары көбейе түсуде деген сөз. Ауданда ауыл шаруашылығы басты сала болып табылады. Бұл тұрғыда тәуелсіздікті жаңа алған аумалы-төкпелі жылдарды айтпағанда, осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір өсім бар. Мәселен, 2006 жылы игерілген егістік жер көлемі 99 700 гектар болып, оның 94 300 гектарына дәнді дақылдар себілсе, 2016 жылы игерілген егістік көлемі 141 350 гектарды құрап, барлық егіс алқабының 99,7 пайызы игерілді. 2006 жылы 86 366 тонна астық өндірілсе, 2015 жылы жиналған дәнді дақыл көлемі 110 997,1 тоннаны құрады. Өткен жылы бұл саладағы өнім көлемі 11 миллиард 808 миллион 900 мың теңге болып, нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрады. Тек қана өткен жылдың өзінде егін шаруашылығына 202 миллион 813 мың теңге субсидия төленді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек екендігі даусыз. Ал малға да, жанға да жайлы болған биылғы жылы ақ егістен бұрын-соңды болмаған мол өнім алынды. Мал өсіру – аудан халқының ата кәсібі. Осы орайда аудан шаруалары асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс» секілді бағдарламалар арқылы қораларын малға толтыруда. Осы бағдарламалар аясында өткен жылы 216 мүйізді ірі қара, 3488 бас қой, 78 бас жылқы сатып алынды. Осы орайда осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткіштерді ой елегінен өткізіп көрейік. Мәселен, 2006 жылы аудандағы барлық агроқұрылымдар мен жеке сектордағы мүйізді ірі қара саны – 29431, қой мен ешкі – 263305, жылқы – 9987, құс – 89550 болса, 2016 жылдың маусым айына мүйізді ірі қара – 35 974, қой мен ешкі – 483582, жылқы – 15374 басқа, құстар 101 548-ге жетіп отыр. Сәйкесінше, мал өнімдерін өндіру мөлшері де анағұрлым көбейе түскенін байқауға болады. Әсіресе, жоғары сапалы ет пен барлық стандарттарға сай, бәсекелестікке қабілетті сүт өнімдерін өндіруге ерекше назар аударылуда. Яғни, сан ғана емес, сапа да артып келеді. Орта құмда «Құдайберген датқа» шаруа қожалығы құм жайылымын игеру мақсатында шөлді аймақтан құдық қазып, күн сәулесінен электр қуатын өндіріп, мың бас қой өсіріп отыр. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның атақ-даңқы республикаға танымал. Шөлейт аймақта бекіре балығын өсіріп, уылдырық өндіріп отырған шаруашылық бұған қоса шошқа өсіру кешені мен сағатына 15 тонна құрама жем дайындайтын кәсіпорынды ашып, ел игілігіне айналдырып отыр. Егін шаруашылығында жаңа техника мен егістікті өңдеудің озық технологиясының алатын орны ерекше. Соңғы он жылдың көлемінде шаруа қожалықтары мен басқа да агроқұрылымдардың машина-трактор паркі жаңа техникалармен толықтырылғанын ерекше атап өткен жөн. Тек қана биылдың өзінде 7 дана әртүрлі маркалы тракторлар мен 5 дана қондырғы лизингке және нақты ақшаға сатылып алынды. Бұл үрдіс одан әрі жалғасын табуда. Ширек ғасыр ішінде ауданның елді мекендері де танымастай болып өзгерді. Биылдың өзінде бала санының өсуіне байланысты Әбжапар ауылында жобалық-сметалық құны 396 миллион 618 мың теңге Қызылту орта мектебі пайдалануға берілді. Бұған қоса Қарақыстақ ауылынан 140 орындық балабақша салынып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Тәуелсіздік жылдары аудан орталығынан республика аумағында сирек кездесетін жаңа типті аурухана салынып, соңғы екі жылда 5 ауылда дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер пайдалануға берілді. Ал жалпы 25 жыл ішінде ауданымызда барлығы 14 білім беру мекемесі және 15 денсаулық сақтау мекемесі ел игілігіне ұсынылды. Осы жылдары «Ауызсу» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында 15 елді мекенге жаңа ауызсу жүйелері құрылысы жүргізіліп, іске қосылды. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 30-дан астам нысандарда тұрғын үй құрылыстары мен инженерлік инфрақұрылымдар жүзеге асырылды. Аудан орталығындағы көшелер мен ауылдардағы кіреберіс жолдарға тас төселіп, ағымдық және күрделі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, 8 ауылдың кіреберіс жолдары және 38 елді мекеннің 52 көше жолдары жөнделіп, асфальт төселді. 8 елді мекенде пошта торабына жаңа ғимарат салынды. Бұл нысандардың барлығында жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес жаңа жұмыс орындары ашылып, жүздеген тұрғындар жұмыспен қамтылды. Аудан бойынша тәуелсіздік жылдары 16 елді мекенге «көгілдір отын» – газ тартылды. Бүгінгі күні тіпті тау баурайында жатқан алыс елді мекендердің бірқатары «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Соңғы 3-4 жыл көлемінде Жақсылық, Еңбекші, Көкарық, Малдыбай, Құмарық, Қарақат, Тереңөзек, Көкарық, Өрнек, Луговой, Жарлысу, Р.Сәбденов, Әбжапар, Сәлімбай, Қаракемер, Алғабас ауылдарына газ құбыр жүйесі жүргізілді. Алдағы уақытта Ақыртөбе ауылының маңайынан қуаттылығы жоғары тағы бір газ тарату стансасы бой көтеретін болады. Ол іске қосылған кезде ауданның өзге де елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Ол күн де алыс емес. Ал мәдениет – өркениет мәйегі екені белгілі. Бүгінгі таңда аудан орталығымен қатар, барлық ауылдарда мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар, кітапханалар жұмыс істейді. Аудан орталығында төрт этномәдени бірлестік халықтар достығын нығайтуға, өнерді дамытуға белсене атсалысып келеді. Құлан өңірі спорттық шежіреге өте бай өлке. Бір ауданнан төрт бірдей Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері шығуы бұрын-соңды болмаған құбылыс. Бұған Рим олимпиадасының жүлдегері – тұяқты тұлпар Абсентті қосыңыз. Сонда Құланда бес бірдей Олимпиада ойындарының жеңімпаз-жүлдегері бар деген сөз. Осының өзі ауданда спортты дамытуға айрықша назар аударылып отырғандығын көрсетсе керек. Қазір 2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 12 түрінен 1200 жасөспірім жаттығып, шынығуда. Бұл жұмысқа 40 жаттықтырушы тартылып отыр. Жасөспірімдер арасынан да ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондар шығатындығына сеніміміз мол. Осының барлығы да тәуелсіз жылдары жүзеге асырылып, ел игілігіне айналған игілігі мол, өркенді істер. Ынтымақ пен бірліктің арқасында қол жеткен Тәуелсіздік табыстары, елдігіміздің жемісі. Лайым, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды, еліміз бай-қуатты болғай!

Т.Рысқұлов ауданы.