соққысы сойқан макгрегор
соққысы сойқан макгрегор
UFC тарихында тұңғыш рет екі салмақта әлем чемпионы атанды
UFC тарихында екі салмақта бұған дейін ешкім әлем чемпионы атанбаған болатын. Ирландиялық спортшы Конор Макгрегор сол олқылықтың орнын толтырды. «Қарсыластарымды бұйым құрлы көрмеймін!» деп түрлі мәлімдеме жасап үйренген Конор кезекті мәрте өз сөзінде тұрды. Иә, Эдди Альварес Конорға қарсы дәрменсіз екеніне көз жетті. Бұған дейін жартылай жеңіл салмақта даңқты Жозе Альдоны бірінші раундта нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атанған ирландиялық ережесіз жекпе-жек шебері ендігі мақсаты Эдди Альваресті сабасына түсіру екенін жиі айтатын. UFC басшыларының бірі Дана Уайт Конорға ондай мүмкіндікті сыйлады. Бокс, каратэ, кик бокс, бразилиялық джиу-джитсу секілді көптеген спорт түрлерін меңгерген Макгрегор жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын әйгілі Эдди Альвареске қарсы шайқаста сарапқа салды. Біз Эддиді Макгрегорға қарсы ұрыста чемпион ретінде көре алмадық. Қайта Конор ара қашықтықты әдемі сақтай біліп, жойқын соққыларын бірінен соң бірін дарытып жатты. Оң қолымен қарсыласының әрекетін бақылап барып, сол қолмен соққы бағыттайтын Макгрегор жүрісінен жаңылған жоқ. Ал Эдди Альварес тым баяу көрінді. Тікелей, қапталдан бағыттаған Макгрегордың соққылары бірінші бес минуттықтың өзінде Альваресті екі рет жер бауырлатты. Екінші раундта сериялық соққыларын одан әрмен қарай жалғастырған Конор Макгрегор Альваресті тағы да сұлатып салды. Ирландиялық спортшы шабуылын әрмен қарай жалғастыра түскен сәтте төреші кездесуді тоқтатты. Техникалық нокаут! Макгрегор UFC тарихына өз есімін алтын әріптермен жазды. Енді оның қарсыласы ресейлік Хабиб Нурмагомедов болуы тиіс.
Табиғат Абаилдаев ақжол