«Ақ жолдың» ағайынға айтары көп«Ақ жолдың» ағайынға айтары көп
«Ақ жолдың» ағайынға айтары көп«Ақ жолдың» ағайынға айтары көп
Баспасөз – қоғамдық сананы қалыптастыратын қуатты құрал. Қалың бұқараға күнделікті жаңалықтарды таратумен қатар, газет-журналдардың халық мәдениетін тереңдетіп, рухани әлемін байытуға бағытталған ұлт алдындағы маңызды міндеті бар. 95 жылдан бері жамбылдық оқырмандардың сенімді рухани досына айналып, өңірдің «аға басылымы» аталып кеткен «Ақ жол» газеті де мағына-мазмұнымен, сыр-сипатымен, жеделдігімен, жаңашылдығымен абырой биігінен түскен емес. Бүгінде «Ақ жолды» қолына алған әр адам одан өз керегін табары анық. Себебі, онда мемлекеттен бастап, облысымыздың, аудандар мен алыстағы ауылдардың жаңалығы сан алуан айдарлар аясында үзбей жарияланып отырады. Уақыт талабына сай түрлі-түсті бояуымен де көз тартатын газет іші тұнған қазына десек дөп түскендейміз.
Мерзімдік баспасөз басылымдарына жазылу – әр оқырманның азаматтық белсенділігінің көрінісі. Ал ардақты ана тілімізде жарық көріп, облыстың мерейін асқақтатуға зор үлесін қосып келе жатқан абыройлы «Ақ жол» газеті әр шаңырақтан табылса, нұр үстіне, нұр болмақ. Осы орайда, газеттің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған шығармашылық топ жазылым науқаны негізінде облысымыздың өркен жайған шырайлы Шу ауданына атбасын бұрып, оқырмандарымен кездесті.
Жиын барысында аудан оқырмандары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы төңірегінде толғанып, өңірдің айнасы саналатын «Ақ жол» газетіне жазылу Мемлекет басшысы ұстанған саясатты қолдап, ұлтқа деген жанашырлықтың белгісі болатындығын тілге тиек етті. Кездесуде облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы шулықтарға деген ыстық ықыласын білдіріп, осы ауданнан түлеп ұшып, ел мақтанышына айналған тұлғалар туралы да сөз қозғап, олардың тағылымды жолдары аға басылымда жарық көріп келгендігін айтты. Әңгіме барысында, соңғы уақытта газет ұжымында жастардың қарасы көбейгендігі, жастар легімен бірге жаңа айдарлар мен тартымды тақырыптардың саны артқандығы да сөз болды. Оқырмандары үшін газетті тағылымды, ғибратты етіп шығару жолында журналистер шығармашылық ізденістерін аяған емес. Соның нәтижесінде әдебиет пен өнер айдынына жетелейтін «Пырақ», беймәлім әлемнің таңғажайыптары мен құпиясы сөз болатын «Тылсым дүние», жастар шығармашылығына арналған «Маздақ», қыз-келіншектерге арналған «Айша бибі», оқырмандардың ұсыныс-тілектері тізбектелетін «Оқырман отауы», спортсүйер оқырманға «Алаш-Арена», сатираға арналған «Шөкеңнің шошаласы» беттері оқырманға үздіксіз жол тартуда. Бұдан бөлек газетте саясат, экономика, әлеуметтік жағдай, құрылыс жұмыстары, индустрия салаларындағы жаңалықтар әртүрлі айдарларда көрініс тауып отырады. Заман талабына сай жандана түскен басылымның бүгінде интернеттегі сайты да белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, қызықты бейнероликтер, сюжеттер мен сұхбаттарға толы «Ақ жол ТД» айдарының көрермендері де күн санап көбейіп келеді. Газеттің бас редакторы кездесуде келелі әңгіме өрбіте келе, «Әркім өз жұмысының биік нәтижесі көргісі келеді. Біздің жұмысымыздың нәтижесі – оқырмандарымыздың көптігімен өлшенеді. Оқырманның көп болуы – рухани қазынасы бай, күнделікті тұрмыстан бөлек мәдени өмірді бағалай білетін, интеллект тұрғысынан биік халқымыздың бар екенін айғақтайды», деп сөзін қорытындылады. Кездесу барысында аудан тұрғындары арасында «Ақ жолды» асыға күтіп, құмарлана оқитындар аз емес екендігі айқын аңғарылды. «Облысымыздағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті өзінің салиқалы ойын салмақтап жеткізуінен ешуақытта танған емес. Өңірімізде жасы да, жасамысы да қалыс қалмай оқитын үлкен басылымның бірі бұл. Сондықтан, шулық оқырмандардың сіздердің газетке деген ықыласы айрықша. «Ақ жолда» зерделі сөздің зергерлері, сұлу сөздің сүлейлері де көп. Оқимыз, оқыған сайын жаңа дүниелермен танысып жатамыз», – деп «Жастар орталығы» КММ-нің дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің аға кеңесшісі Медет Атайбеков ойын ортаға салды. Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ Шу аудандық филиалының директоры Жексен Сүлейменов, «Жастар орталығы» КММ-нің нұсқаушысы Байжан Емберді, Рио Олимпиадасына қатысушы, атақты балуан Нұрмахан Тінәлиевтің анасы Жұмакүл Рәтжанқызы да айбынды басылымға алғысын жаудырып, жұмыстарына табыс тіледі. Кездесуге жиналған шулық оқырмандар келесі жылға 2050 дана «Ақ жол» газетіне жазылуға сендірді.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Суретті түсірген Петр Норкин.