Әдебиет

Ұстазым ұлық бәрінен

Ұстазым ұлық бәрінен

(эссе)

Адамның адам болып қалыптасуына ата-ананың үлесі қандай зор болса, ұстаздың қызметі де сондай абыройлы. Мектеп табалдырығын аттап басқан сәттен бастап ұстаздардың оқушыларға беретін білімдері, олардың қолына қалам ұстатқаны, оларды әліппе тіліне баулуы бәрі-бәрі үлкен еңбекті талап етеді. «Өмірдің өзі ұлы ұстаз» дегендей, жас кезімізден болашаққа деген арман мен талапқа құштарлықты оятады. Сондықтан, ұстаз екінші ата-анамыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, осы сөзден-ақ көп ғибратты ұғына берсек болады. Мысалы, ұстаздар шәкіртінің бір жетістігін көрсе, соны өзінің жеке еңбегінің жемісінің дәмін татқандай қуанады. Әрбір адамның балалық шағы – алтын ұя мектебімен сабақтасып жатады. Ал есейген соң адам мектебіндегі қызықты сәттерін, қимас күндерін сағына есіне алады екен. «Білімді ұрпақ – ел тірегі» десек, сол ұрпақты білім нәрімен сусындататын да, балғындар бойындағы қабілет-дарынның көзін ашатын да ұстаздар қауымы. «Елу жылда ел жаңа» демекші, биыл Қаратау орта мектебі, яғни менің алтын ұя мектебімнің 60 жылдығы қарсаңында біздің ауылдан үлкен жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, ұстаздар қауымы және оқушылар үлкен қуанышқа бөленді. Бұл жас ұрпақтың болашағына деген қамқорлық. Елбасымыз айтқандай, «Біздің басты байлығымыз – адам және адамдағы бар жақсылық – мұғалімнен». Шәкірттерінің жүрегінде мәңгілік із қалдырған ұстаз бейнесі қандай мейірбан десеңізші! Балалық шағым әлі есімде. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған кезде бала жүректегі үрейді сейілтіп, мейірімділігін танытып, қолымызға ең алғаш қалам ұстатқан апайларымыз бен ағайларымызға үлкен рахмет айтар едім. Талай түйінді мәселелерді шешіп, талай нәрсеге көзімді жеткізген ұстаздар жайлы ойымды қаламның ұшымен қағаз бетіне түсірудің өзі бір ғанибет. Бұрын бұл туралы еш ойламаған едім. Қазіргі жастар қолдарына бір мезгіл қалам алып, шағын болса да ұстаздары туралы жазса қандай ғанибет болар еді. Тіпті болмаса, газет-журналдарды оқып, бір мезгіл ұстаз өміріне көз жүгіртсе деген ой менікі. Ізденсеңдер бәрін меңгеруге болады екен. Есейе келе армандарың – алға қойған мақсаттарыңа айналар, бәлкім. Еңбектеріңіз еселі, жұмыстарыңыз жемісті болғай ардақты ұстаздар!

Алуа ЖАҚСЫМБЕТ.

Тараз қаласы.