«Жаңа шығармалар алдымен бізде қойылатын»
«Жаңа шығармалар алдымен бізде қойылатын»
Нұрсипат Салықова, әртіс, ҚР Мәдениет қайраткері.
Біздің театр 1936 жылы құрылған. 1953 жылдың сәуір айынан бастап менің тағдырым осы театрмен байланысты болды. Ол кезде театрдың іргесін қалаған Маутай Жұмағұлов, Шәріпбай Сәкиев, Мұқағали Табанов секілді майталмандар бар еді. Мен ол кісілермен сахна төрінде әріптес атандым. Аллаға шүкір, сол кісілермен жұмыс істегеніме бақыттымын. Өз басым бала кезімде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүретінмін. Театр актрисасы боламын деп ойламаппын. Театрда өлең айтқызып, даусымды сынақтан өткізді. Сол бір кезеңдерде театрда алты адамнан тұратын оркестр де жұмыс жасайтын. Тамаша күндерімді де, қиындыққа толы сәттерімді де осы театр қабырғасында өткізіп келемін. Алғашқы директоры Әбіл Төлеубаев деген азамат болатын. Ол кісі актерлердің жағдайын өте жақсы түсінетін. Іссапарға көп шықтық. Үлкен спектакльдер қойылатын. «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» секілді ел білетін қойылымдардың бәрін де біз қойдық. Іссапарда «Айман-Шолпан» жиі қойылатын. Онда мен Шолпанның рөлін сомдадым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Сахнаның қыр-сырын үйреткен Шәріпбай Сәкиевке деген алғысым ұшан-теңіз. Өзім оқу бітірмей келген соң, маған Шәкеңдердің айтқаны үлкен сабақ еді. Бұл театрда Халық әртісі Алтын Ружева, еңбек сіңірген әртіс Оразғали Әбділманов, Галина Жұмағұлова секілді үлкен азаматтар тер төкті. Гогольдің «Ревизоры», «Үйленуі» сияқты үлкен шығармалар қойылды біздің театрда. Ол кезде театрда бар-жоғы 22 адам болдық. Сол 22 адаммен режиссер 90 адам қатысатын Маяковскийдің «Қан даласын» сахналады. Бір әртіс сахна сыртына шығып, киініп, басқа рөлді ойнай беретін. Жалғыз өзіңе екі-үш рөлді сомдауға тура келетін. Елімізде алғаш рет біздің театр ғана «Қан даланы» сахнаға алып шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Кейіннен Маман Байсеркенов қазақ театрлары ішінде алғаш М.Шолоховтың әйгілі «Тынық Донын» екі сериямен қойды. Әртістеріміздің бәрі де сонда ойнады. 80 жылдық тарихы бар біздің театрдың ерекшелігі – басқа театрда сахналанбаған қойылымдарды алғаш болып сахнаға алып шығатын. Режиссер Рашида Шарафутдинова Әлжаппар Әбішевтің «Белгісіз батырын» тұңғыш рет бізде қойды. Әйтеуір, қай жерде жаңа драматургия жазылса, соны алдымен біздің театр қоятын. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұжым жаңашылдар ұжымы саналатын. Осы театрда жүріп, талай биікті бағындырдық. Театр әртісі үнемі ізденісте болуы керек. Сол кездегі әртістердің бәрі үлкен рөлдерді сомдайтын. Кейінгі жастарымыз шын мәнінде дарынды. Әртісті көтеретін де, жоқ қылатын да режиссер. 80 жылдық тарихы бар театрда мықты режиссерлер тамаша туындыларды сахналай берсе деймін. Біздің буын көптеген режиссерлермен тізе қосып, жұмыс жасады. Актерлерге бәрін көре білетін режиссерлер болса деймін. Болмысы бөлек, нағыз кәсіпқой маман Асқар Тоқпанов театрымызда «Абайды» қойды. Онда Шәріпбай Сәкиев Абай рөлін сомдады. Маған Әйгерімнің рөлін ойнау бақыты бұйырды. Бұл спектакль де театрдың абыройын асырды деп айта аламын. Ол кезде халық қойылымдарды жақсы қабылдайтын. Қазір де солай. Мені сол қуантады. Оған «Қилы заманды» көргенде де көз жетті. Өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналған театрыма ризамын. Жасай берсін! Айтпақшы, мен «Құнанбай» фильмінде Зере рөлін ойнадым. Көрермен риза болысты. Бұл фильмдегі әйелдер рөлі табысты шыққанын ел мақтап жазып жатыр. Осы кино бүгінгі таңда Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Мен бұған бек қуаныштымын.