Жаңалықтар

Палау қайда?

Палау қайда?

Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров (1903-1964) өзбек тағамдарын жасауға келгенде алдына жан салмайтын шебер болыпты. Көркем әдебиет баспасында істеп жүрген кезінде ол кісі бірде ақын інісі Сырбай Мәуленовті үйіне қонаққа шақырады: – Жеңешең үйде жоқ еді... Сенің талантыңа тәнті боп жүрген ағаң едім, үйге барайық, саған өз қолымнан дәмдеп ас пісіріп берейін, – дейді. Сырбай «ас істеймін дегені несі екен?» деп бір ойлайды да, соңынан еріп, Қалекеңнің үйіне барады. – Сен кітап қарай тұр, мен ас істеп, палау баса қояйын, – деп, Қалмақан ас үйге шығып кетеді. Арада бір сағаттай уақыт өткенде: – Қалеке, палау қайда? – дейді қарны аша бастаған Сырбай. – Палауды баптап жатырмын, күте тұр, – дейді Қалекең ас үйден дауыстап. Арада тағы бір сағат өтеді. Сырбай тықыршып, қарнын сипап: – Палау не болды, Қалеке? – дейді. – Баптап жатырмын... аздан соң әзір болады, – дейді Қалекең. Сырбай тағы да бір сағаттай күтеді. Палау келмейді. – Қалеке, палауыңызға не болды? – дейді Сырбай шыдамсызданып, ас үйге қарай жақындап. – Нағыз бабына енді келейін деді... Сәл күте тұр! – дейді Қалекең бүлк етпей. Үш сағат бойы күттірген палаудың мұндай «қорлығына» төзе алмаған Сырбай сол жерде: – Қазаннан ас түскенше, сіздің палау піскенше, шыдар едім мен пақыр, әттең, соған іш көнсе, – депті де, амалы құрып, сылқ етіп отыра кетіпті.