Ел намысын қорғаған боксшылар жарады
Ел намысын қорғаған боксшылар жарады
Бүгін «Алматы Арена» сарайында өткен бокс кешінде жеті қазақ батыры Әзірбайжан, Гана, Колумбия, Мексика және Белоруссия елдерінен келген бокс шеберлерін жеңіп, отандастарына үлкен қуаныш сыйлады. Бүгінгі кештің алғашқы кездесуінде 63 кг салмақта шаршы алаңға отандасымыз Жұман Жұмабеков пен беларуссиялық боксшы Владимир Иванов шығып, қазақстандық боксшы 1-ші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Екінші тартысты жекпе-жекте отандасымыз Айдар Шәрібаев қарсыласы Хуан Окурадан ұпай бойынша басым түссе, жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық Али Ахмедов қарсыласы әзірбайжандық Әли Маммедовті бірінші раундта нокаутқа жіберді. Ал, алыптар арасындағы айқаста жерлесіміз Руслан Мырсатаев ганалық Нуху Азумамен кездесіп, африкалық боксшыны бір минуттық кездесуде сол қолдың хукімен рингке құлатты. Келесі жекпе-жекте 66 кг салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров ганалық Исаак Ариемен жұдырықтасып, тартысты бәсекеде қарсыласын нокаутқа жіберіп, қазақ халқына бүгінгі бокс кешіндегі бесінші жеңісті сыйлады. Ал, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Ол қарсыласы колумбиялық Милтон Нуньесті 3 нокдаунға жіберген болатын. Бүгінгі кештің басты жекпе-жегінде кәсіпқой рингтегі 22-ші кездесуін өткізген Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотейді жеңіп, «WBA Fedelatin» белбеуін қорғап қалып, жартылай орта салмақтағы WBO Inter Continental тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Естеріңізге сала кетсек, «Алматы Арена» сарайында өткен бокс кешін тікелей эфирде көрсеткен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы. Бүгінгі бокс кешінің қайталауын «Kazsport» телеарнасынан 30 қазан күні 20:40-та тамашалай аласыздар.
ақпарат көзі kaztrk.kz